Қос вагонды сүйреген: СҚО-да алып күш иесі тұрады

Ол еш дайындықсыз пойыздың 2 вагонын сүйреп, жұртшылықты тәнті етті.

Қос вагонды сүйреген: СҚО-да алып күш иесі тұрады
24.kz
936

Солтүстік Қазақстан облысында алып күш иесі тұрады, деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Аққайың ауданының тұрғыны 28 жастағы Парсахан Алдияров – ерекше табиғи қабілеті бар жан. Ол еш дайындықсыз пойыздың 2 вагонын сүйреп, жұртшылықты тәнті етті.

Парсахан Алдияров – ата жұртын аңсап келген жандардың бірі. Ол 2000 жылдары Өзбекстаннан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударды. Жас кезінен ауыр затты ұршықша иіреді. Салмағы 23 тоннадан асатын вагонды еш дайындықсыз 60 метрге дейін сүйреп тастады. Парсахан ауыр атлетикаға ешқашан қызықпаған. Дегенмен қара күштің иесі бұл көрсеткішпен тоқтамайтынын айтты.

Ұлы даламызда егеулі найза қолға алған батырлар, алысқанын алып жыққан балуандар да болған. Мұндай тектілердің жолын қуған азаматтар қазір де бар. Солардың бірі – Парсахан Алдияров. Сырт көзге қарасаңыздар, ол бір алып күш иесі емес сияқты. Дей тұрғанмен ол жалпы салмағы 40 тоннадан асатын 2 бірдей вагонды сүйреген. Парсахан мұндай көрсеткішті бағындыру үшін еш дайындалмаған.

«Трюк жасаған кезде қара күштен гөрі ептілік қажет», - дейді ол.

«Құтқарушылар күніне орай челлендж болды. Менің бастығым вагон тартып көрейік деп айтты. Мен осында жұмыс істегем. Бұған дейін 2-3 адам болып вагонды тартып жүргенбіз. Салмақ көбінесе қазір мына аяққа және алға қарай еңкейіп тартылған соң тросқа, тростан иыққа түседі. Бұл 23 тонна вагонды ең бастысы – орнынан қозғалтып алу», – деді өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Парсахан Алдияров.

Парсахан ұлттық спорт түрлерімен айналысқанды жақсы көреді. Ал өзі қазір өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып істейді.

«Парсаханның бізбен бірге иық тіресіп, құтқарушы болып жүргеніне 2 жыл болды. Ұжымда сыйлы. Биыл аударыспақтан облыс чемпионы болып, спорт шеберіне кандидат атанды. Жалпы өрт сөндірушілердің физикалық дайындығы мықты болуы тиіс. Сол себепті біздің жігіттер бос уақытында спортпен шұғылданады», – деді өрт сөндіру бөлімінің басшысы Асхат Бейсенбаев.

Күш атасын танымас. Енді Парсахан ауыр тракторды тартып, көпшілікті тағы бір таңғалдырсам дейді. Ол трюкті Тәуелсіздік күнінде жасамақ.
 

Серіктес жаңалықтары