Алимент: қарыз ба, парыз ба?

Заң бойынша елімізде алимент төлеуге мін­деттелген ата-ананың бірі ай сайын бір ба­лаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі бала­ға табысының 3/1 бөлігін, одан көп балаға та­­бысының жарты бөлігін төлеп отыруға мін­деттеледі.

Алимент: қарыз ба, парыз ба?
ашық дереккөз
2190

Алимент мәселесі ажырасқандардың бас ауруына айналғалы қашан. Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мәліметінше, биылғы 9 айда Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестірілуде. Олардың ішін­де ерлер саны – 1 476, әйелдер саны – 142. Іздестіруде жүргендердің көбі 31 жас­тан 40 жасқа дейінгілер екен.

Алимент төлеуден қашатындардың көп бөлігі Астана қала­сын­да – 361 болса, Алматы қаласында – 191. Облыстар бойын­ша Ақтө­беде – 143, Қостанайда – 140, Жамбыл облысында – 140, Пав­лодарда – 108, Алматыда – 102, Маңғыстауда 59 адамға іздеу жа­рия­ланған. Алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орын­дамау бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес 427 қылмыстық іс тіркелген. 
139-бап бойынша борышкерге 600 сағатқа дейінгі мерзімге қо­ғам­дық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығын шектеу, болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айы­ру түріндегі жаза көзделген. Өңірлер бойынша мұндай қыл­мыстық құқықбұзушылықтардың ең көп бөлігі Маңғыстау об­лы­сында – 46, Алматы облысында – 45, Қостанай облысында – 44, Шығыс Қазақстан облысында – 43, Павлодар облысында – 40, Қарағанды облысында – 35, Абай облысында – 32, Ақмола об­лысында – 26, Солтүстік Қазақстан облысында – 21, Астана қала­сында – 17. 
жалғасы 5-бетте
2023 жылдың 9 айында 139-бап бойынша 207 адам сотталған. Оның 4-еуі бас бостан­ды­ғынан айырылса, 2-еуі шартты түрде сот­тал­ған. Ал 196 борышкердің бас бостандығы шек­­­теліп, 5 адам қоғамдық жұмыстарға тар­тыл­ған. 
Биылдан бастап алимент төлемей жүрген бо­рышкерлерге жаза қатаңдатылып, олардың шетелге шығуына тыйым салынды. Әділет ми­нистрі Азамат Есқараевтың айтуынша,  биыл шамамен 7 мыңға жуық адамға алимент бойынша берешектігіне байланысты елден шы­ғуға уақытша шектеу қойылды. 

– 2023 жылдың 6 айында алимент тө­лем­дері бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 2 861 борышкер әкімшілік жауап­кер­ші­лік­ке тартылды. 7 219 борышкерге қатысты ел­ден шығуға уақытша тыйым салынды. Али­мент өндіріп алу туралы барлық проблемалық ат­қарушылық іс жүргізу бойынша сот орын­даушылары мәжбүрлеу сипатындағы ша­ра­лар­ды қабылдауда, – деп есеп берген болатын ми­нистр  Азамат Есқараев.

Министр атағандай, орындалып жатқан али­мент өндіріп алудың 13 316 құжаты (5 пайыз) проблемалық алимент болса, 6 072 (46 пайыз) құжаттың қарызы мүлде өтелмегендер (7 млрд теңге).
Елімізде алимент төлеуге шамасы кел­мей­тіндер де, төлеуден жалтарып жүр­ген­дер де көп. Әділет министрлігі таратқан мә­­ліметке сүйенсек, ел аумағы бойынша ер­лер­дің қарызы 14 миллиард теңгеге жеткен. Ал жалпы алимент төлемей жүрген 16 мың ер адам­ға Қазақстанның аумағынан шығуға рұқ­сат жоқ. Олар әуежайдан немесе шекарадан ке­рі қайтарылады. Алайда борышкер шекарада немесе әуежайдағы терминал арқылы бере­ше­гін түгел өтесе, қарызы жарты сағатта жа­бы­ла­ды екен. Содан кейін шекарадан шығуға рұқ­­сат. 
Заң бойынша елімізде алимент төлеуге мін­деттелген ата-ананың бірі ай сайын бір ба­лаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі бала­ға табысының 3/1 бөлігін, одан көп балаға та­­бысының жарты бөлігін төлеп отыруға мін­деттеледі.
Министрдің айтуынша, борышкерлердің тұрақты жұмысы, мүлкі болмағандықтан сот орындаушылары олардан алимент өндіріп ала алмайды. Осыған байланысты, өңірлік Әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп бо­рыш­керлерді жұмысқа орналастыру үшін тұ­рақты негізде бос жұмыс орындары жәр­мең­кесін өткізеді. Мысалы, 2023 жылдың 8 айын­да республика бойынша 2 101 борыш­кер жұ­мысқа орналастырылды. Алайда бұл борыш­кер­лер мәселесін түбегейлі шеше алмайды. 

Бұл сөзімізді СҚО Прокуратурасының про­куроры Марат Қазиевтің: «Алимент тө­леу­ден жалтарып отырған ата-аналарды жұ­мыс­пен қамту орталықтары арқылы жұмысқа ор­наластыру мәселесі шешілмеген. Сот орын­даушылар Әділет, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлерінің «Алимент бойын­ша» үш айдан астам берешегі бар адам­дарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойын­ша өзара іс-қимыл тәртібін бекіту тура­лы бірлескен бұйрығының талаптарын орын­дамайды. Сот орындаушылар мен жергілікті ат­қару­шы органдардың өзара іс-қимылы жол­ға қойылмағандықтан, ақыр аяғында өс­келең ұрпақтың құқығы бұзылып отыр», – де­ген пікірі айғақтай түседі.  

Сот орындаушы солқылдақ па, әлде заң жұмсақ па?

Алимент өндіру оңай жұмыс емес. Бо­рыш­керлермен жұ­мыс істеуде сот орын­даушыларға шы­­дамдылық пен тө­зімділік қажет. Өйт­кені али­мент тө­легісі келмейтін­дер­дің айласы көп. Кей борышкерлер жұ­мыс­қа орналасқанда әдейі келісімшарт рәсімдемейді. Сот орын­дау­шылары тексерсе жұмыссыз болып шыға ке­леді. Бұл әдіс жұмыс беруші үшін де тиімді. Ар­тық салық төлемейді, зейнетақы қорына ақ­ша аудармайды. Қысқасы, бала-шағасынан ақ­шасын аяп отырғандар саны көбеймесе, азай­май отыр. Сондықтан алимент өндіруде бар салмақ жеке сот орындаушылардың мой­ны­на түседі. Астана қаласы Жеке сот орын­дау­­шыларының республикалық палатасы бас­шысының орынбасары Әсет Рапих «Сот орындаушылар өздеріне берілген құқықтар мен міндеттер аясында, заң шеңберінде ғана жұ­мыс істейді»,  – дейді. 

– Алимент төлеушінің тұрақты жұмыс ор­ны болмаса, заң бойынша үш айдан асқан­нан кейін барып шара қолданады. Үш ай бе­ре­шек деп қаулы шығарып, сот орындаушы сол қаулы шеңберінде шара қолдана бастайды. Мы­салы, 38-бапқа сәйкес есепшоттарын бұғат­тайды, мүліктерін сатуға тыйым салады, шет­елге шығуға шектеу қояды. Бұдан да нәти­же шықпаса, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы Әділет департаментіне, қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде Ішкі істер орган­дарына жолданады. Жеке сот орындау­шылары ресми көрсетілген табыстан ғана али­мент төлете алады. Борышкердің жасырын табысын анықтау өте қиын. Мысалы, құры­лысшы, таксист секілді жалақысын қолма-қол ала­тындардың қанша табыс табатынын біле ал­маймыз. Егер жұмыс істеп, жалақы алатыны анық­талып қалса, біз төленбей қалған али­мент бойынша қосымша қаулы шығара­
мыз. 
Заңды қатаңдатып, жауапкершілікті кү­шейтсе, алимент төлейтіндер ешқай­да қашпас еді. Мысалы, заңға бағынатын, ресми жұмыс істейтін, жалақы алатын адам айып­пұлы болса бірден төлейді. Келесі жолы айып­пұл­дан саналы түрде аяқ тартып, әрекет ете бас­тайды. Ал тұрақты жұмысы жоқ адам әр жер­ден бір нан тауып жеп, банк карточкасы бол­маса да қолма-қол төлем жасап жүре бере­ді. Борышкерлерге заңды айналып өтуге мүм­кіндік көп. Сондықтан заңның өзі жауап­сыз­дыққа жол беріп тұр, – дейді Әсет Сабырұлы. 

Жауапкершіліктен жалтару жарға жығады

Елімізде баласының қажетіне ақша бер­мей қашып жүрген 142 әйел борышкер­ге іздеу жарияланғанын жоғарыда айттық. Олар­дың арасында бақытын өзгеден іздеген, өз баласынан безген, тіпті ішімдікке салын­ған­дар бар. Сондай-ақ күйеуінен қорлық кө­ріп, енесінен азап шеккен, амалсыз ажырасқан нәзік жандылар да жетерлік. Алимент төлей алмай жүр­ген әйелдердің көпшілігі – еш жерде жұ­­мыс істемейтіндер. Жеке сот орын­дау­шы­лары­ның республикалық палатасы бас­шы­сы­ның орын­басары Әсет Рапихтың айтуынша, әйел­дер­дің көбі жағдайы келмегендіктен алимент тө­лей алмайды. Өз басын асырау мұң болғанда ба­ласына қайдан қамқор болсын? Борыш­кер­лер арасында тапқан жұмысты мен­сінбей, ай­лығын азсынатындар да кездеседі екен. Алайда ер адамдарға қарағанда, әйелдер­дің жауап­кершілігі жоғары екенін сот орын­дау­­шы­лары да біледі. Мәселен, алимент бойын­ша қара­лып жатқан істердің тек 2-3 пайы­зы ғана борышкер әйелдерге тиесілі екен. 
Ешкім ажырасамын деп үйленбейді. Алай­да әр отбасында болатын ыдыс-аяқ сылдыры бүгінде сол шаңырақтан сыртқа шығып, мемлекетішілік мәселеге айналып отыр. Кеше сүйіп қосылған ер мен әйел қиын­дықтарға төтеп бере алмай, ортақ тіл табысып, түсінісе алмай, соңында ит пен мысықтай жау­ласып, ажырасады. Сондықтан болар біз­дің қоғамда ер адамдар арасында «Не үшін ажырасқан әйеліме айлығымды беруім керек? Алимент балама жаратылмайды, сондықтан алиментті ақшалай бергенше заттай беру керек» деген көзқарас басым. Ал бұрынғы күйеуі­нің мұндай көмегін әйел құптамайды, алиментті ақшалай алғысы келеді. Сондай-ақ ерлер тарапынан «Алиментті алып тастаса, сот ба­ланы әкесімен қалдырса, әйелдер ажыра­са­мын демес еді» деген пікірді де жиі құлағымыз шалады. Алимент аясындағы жыр мұнымен бітпейді. Борышкердің жауапкершіліктен қа­шуының себебі тереңде жатқан секілді. 
Астана қаласы По­­­лиция депар­та­мен­ті Іш­кі және сырт­қы комму­ни­кация бөлім басты­ғы­ның мінде­тін ат­қару­шы, полиция подполков­нигі Гү­л­мира Шрахметова алименттің күрделі мәселеге айналуы­ның бір себебі әйел­дердің отбасылық жауапкершілікті өз мойын­дары­на жүктеп алуында дейді. 

– Өкінішке қарай, үйдің берекесі, бала­лар­дың тәрбиесі, өсуі, дамуы, жалпы отбасындағы  көп міндет әйелдің жауапкершілігіне өтіп кет­ті. Осыдан келіп ер адамдар ажырасқаннан кейін балалардың қажеттіліктері толық әйел­дің мойнында деп есептейді. Өйткені ажы­рас­пай тұрып та көп мәселеге әйел жауапты бол­ды. Мәселен, Түркияда ерлі-зайыпты ажы­расса, бала көп жағдайда әкесімен қалады не­­месе көп мөлшерде алимент төлеуге мін­дет­ті. Қандай жағдайда да баланың өміріне әке­сі көбірек жауапты. 
Біздің қоғамда мәдениетті түрде ажыра­са­тындар өте аз. Әйел заңды түрде ажы­­рас­қан соң «Бала тек менікі, менің менші­гім, менің құқығым, бала маған ғана тиесілі» деп шығады. Ал заң бойынша балаға жауап­кер­шілік әйел мен ер адамда 50/50 пайыз, яғни ата-ана құқығы тең. Ал бала жүрегі ата-ана­сы­ның бірге болғанын қалайды. Бірақ бізде ба­­ланың жүрегін жаралап, әкесі шешесін қа­ра­­лап, шешесі әкесін жамандау фактілері жиі кездеседі. Ажырасқаннан кейін де ба­ла­ның өмірінде анасының да, әкесінің де болуы керек екенін ересектер жете түсінбейді. Бұл – ата-аналардың жіберіп жатқан басты қате­
лік­терінің бірі, – дейді  Гүлмира Шрахметова. 

Маманның айтуынша, алимент мәсе­ле­сі­мен хабарласатын әйелдердің санында есеп жоқ. Отбасынан бақыт тауып, жылулық сезін­бе­ген нәзік жандылардың ажырасқаннан кейін тағы да алимент үшін табанынан тозып жүруі – ер-азаматтарға сын, – дейді.  

– Мен жұмыс барысында бір емес, бірнеше әйел­мен қосылып, бала таптырып, кейін ол от­басын тастап кетіп жатқан ер адамдарды жиі кездестіремін. Сондықтан отбасын құрар ал­дында екі жас бір-бірін тануға уақыт бөліп, мінез-құлықтарын, қылықтарын зерттеп ал­ғаны дұрыс. Бір-біріне деген сезімдері шы­найы, сүйіп қосылған адамдар қандай қиын­дықты болсын бірге еңсереді, бірлесе көтереді. Бір­сәттік сезім жетегінде қосылғандар, өкінішке қарай, екі жаққа тез айырылысып жа­тады. Біз отбасылық құндылықтар құл­ды­рап бара жатқан уақытта өмір сүріп отырмыз. От­басы мәселесі біреудің жауапкершілігіне ысы­рып қоя салатын нәрсе емес. Әр адам өзін жақ­сы жаққа қарай тәрбиелеуі керек, – дейді  по­­лиция подполковнигі Гүлмира Тілеуға­ли­қы­зы. 

Борышкерлер қоғам үшін қауіпті ме?

Елімізде ажырасу процесінде баланы әке­сі­мен қалдыру тәжірибесі сирек кездеседі. Әйел­дің де өз баласынан бас тартуы – өте си­рек кез­десетін жайт. Мамандар бала үшін бә­­ріне дайын ана отбасындағы жауап­кер­ші­лік­ті өзі­не алып, ер адамды жауапсыздыққа итер­ме­лей­ді деп отыр. Отбасында ер адамның ба­ла­­сы­мен еркін араласуына мүмкіндік бер­мейтін әйел ажырасқан соң бұрынғы күйеуінен жауап­кершілік күтуі ақылға сый­майтын се­кілді. 
Шымкент қала­сы Заң консультант­тар па­латасының заң кеңесшісі Жа­зи­ра Молдиова: «Бо­рыш­­керлердің кө­беюіне жауап­кер­ші­лік­ті мойнына алу­дан қорқатын, өз­де­рі бала позиция­сын­да жүрген, өзін құр­бан етіп көрсеткісі келетіндердің артуынан» дейді. 

– Өзінің жолы болмағанына өзгелерді кі­нәлап, оңай құтылғысы келетіндер де бар. Үйленуді тек құдалық пен тойдан тұрады деп ойлайтындар, артында үлкен жауапкершілік жат­қанын терең түсінбейтіндей. Баланың ал­дын­дағы жауапкершілікті, Отан алдындағы мін­детін білмейтіндер баршылық. Осындай ер адамдар алимент төлеуден қашады. Олар өзде­рінің қоғам үшін қауіпті екенін, өзі үшін орны толмас өкініш, ұрпағы үшін зиян екенін түсін­бейді, түсінгісі де келмейді. Негізі, бұл отба­сын­дағы тәрбие мен білімнің таяздығынан, от­басындағы ер адамның рөлінің тым төмен екенінен хабар береді, – дейді заңгер Жазира Сағынбайқызы. 
Маманның айтуынша, алимент төлеу­ден қашу үшін борышкерлер неше түрлі қитұрқы әрекеттерге баруы мүмкін. Сон­дықтан али­мент бір ай кешіксе заңға жүгі­ніп, сот орын­дау­шыларына хабарласып, талап ету керек дейді. 

Психоанализ ба­­­ғы­­тын­да­ғы психо­лог Ин­дира Иба­то­ва­­ның ай­туын­­ша, ел ішін­­де кең та­ралған «Әке­нің қадірі жез­де­дей-ақ», «Қа­тын – жол­­да, ба­ла – белде» де­­ген сөз­­дерді ер-аза­­­­мат­та­рымыз ті­ке­лей тү­сі­ніп  жүр. 

– Бұл сөздерді біз ажыраспаған, то­лық­­қан­ды от­ба­сы­лардың да қолда­на­тынын көріп жүр­міз. Мұндай сөздер асқар тау әкенің бала өмі­ріндегі маңызын тө­мендетіп, екі жақ­тың бір-бірінен алыс­тауы­на, сал­қын­дауына әкелетіндей. Сондықтан мұндай тәмсілдерді қай­талай берудің қажеті жоқ. Керісінше «Жез­дең жақсы болса, әкеңдей қамқор» деген сөзді айтқанымыз дұрыс. 
Әрине, бала анамен тығыз байланысты. Әкеде инстинкт дамымаған, олардың жара­тылысы сондай. Әдетте, әйелдер босанған соң баланың бар жауапкершілігін өз мойнына алып, әкеге өз рөлін орындауға мүмкіндік бер­мейді. Жөргегін ауыстыру, суын беру сынды қа­рапайым жұмысты сеніп тапсыра алмайды. Ба­ласын киіндіріп, құшақтап, тамақ­тан­дырма­ған соң да әкенің балаға махаббаты, сезімі оян­байды немесе кеш оянады. Әке тек ақша табу­шы, отбасын асыраушы рөлінде қалады. Отбасылы кезде оянбаған инстинкт неке бұ­зылғаннан кейін тіпті дамымайды. Оның үс­тіне ажырасқан ер мен әйелдің бір-біріне де­ген өшпенділігі бар. Мұның бәрі ер адам­ға қатты әсер етеді. Жалпы, ажырасу про­­­­цесінің 90 пайызы әйелдің бастамасымен бо­лады. Сондықтан ер адамдар кейде саналы, кейде бейсаналы түрде алимент төлемеу ар­қылы әйелінен «кек алады» да балаларды ұмыт қал­дырады. Тіпті, қайта қосылғысы келетін ер адамдар алиментті әдейі төлемейді. Ақша бер­месе, әйел бұрынғы күйеуін іздеп, ақша тө­лету­дің жолдарын қарастырады, байланысқа шығады. Алиментті манипуляция құралына айналдырып, сол арқылы әйелімен сөйлесіп қалғысы келеді. Сондай-ақ психологиялық жасы өспеген әкелер де алименттен жалта­ра­ды. Іштей өздері әлі бала позициясында, са­на­лы түрде ересек адам секілді өз өміріне жауап­кершілік ала алмайды. Ішкі әлемі бала күйінде қал­ған әкелердің өз балаларын қамқорлыққа алу­ға шамалары жетпей жатыр, – дейді маман.

Шетелде заң қандай?

Жалпы, алимент мәселесі әлем ел­де­рінде де өзекті. Әр елдің салты бас­қа дегендей, борышкерлерге қатысты қолда­ны­латын жазаның да сан түрі бар. Түркияда ба­ла­ға ғана емес, анаға да алимент төленеді. Ба­лаға төлейтін алимент мөлшері – айына 100 бен 1 000 доллар аралығында. Ажырасқан еркек әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндетті. Өйткені отбасын асы­рау міндеті әкеге жүктеледі. Түркия аза­маты баласының бар қажетін өтеуге мін­дет­теледі. Түркияда тұратын қазақтардың ай­туын­ша, ер адамдар балаларына тамағын бе­ріп, тіпті жөргегіне дейін ауыстырады екен. Де­­мек, бұл жұмыстар біз ойлағандай әйелдің шаруасы емес. Егер ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағ­дайда баланы әкесімен қалдырады. Ал жауап­кершіліктен қашқандар түрмеге тоғытылады, үш жылға дейін бас бостан­ды­ғы­нан айыры­ла­ды. Абақтыдан мерзімінен бұ­рын босау үшін али­ментті толық төлеуі қа­жет. Бар жауапкер­шілік өз мойнында бол­ған­дықтан ер адамдар бірінші отбасының, ба­ласы мен әйелінің жағ­дайын жасауды ой­лайды. Сондықтан бо­лар, Түркияда ажырасу аз кездеседі.  
Оңтүстік Корей елі де алимент төле­ме­ген­дерді аямайды. Егер бір жыл бойы алимент тө­лемесе, 8 мың доллар айыппұл салады, көлік жүр­гізу құқығынан айырады, шетелге шы­ғуы­на тыйым салады. 
«Хабар 24» арнасының мәліметінше, Оң­түстік Кореяның Гендерлік теңдік және от­ба­сы министрлігі өз сайтында алимент төлеуден жалтарып жүрген 49 адамның жеке мәліметін жариялаған. Безбүйрек ата-аналар балалары алдындағы қарызын өтемейінше, бұл дерек өшірілмейді. Тек борышкерлер қайтыс бол­ғанда немесе қарызын өтеген жағдайда ғана жойылады екен.  
Дамыған Еуропаның кей елдерінде али­мент төлеуден жалтарғандар бір жылға дейін темір торға қамалады. Мәселен, Францияда қашқын ата-аналарға 2 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүм­кін. Сонымен қатар оларға 15 мың еуро көле­мінде айыппұл салынады. Франция елінің заңы бойынша, алимент төлеуші тұрғылықты мекенжайы, жұмысы өзгерсе, тиісті органдарға дер кезінде хабарлауы қажет. Ұмытып кетсе, немқұрайлылық танытса, үкімет аямайды. Борышкерді 6 айға дейін темір торға қамап, 7,5 мың еуро айыппұл төлетеді. Елде алимент­ке арналған бірыңғай платформа жүйесі ен­гі­зілген. Арнайы агенттік берешектерді жинап, алимент алушыларға жолдайды. Төлем жаса­мағандарға мемлекеттік орган бірден шара қолданады. Алайда заңның қаталдығына, ор­на­тылған бірыңғай платформа жүйесіне қара­мастан, алименттің 30-40 пайызы уақы­ты­лы төленбейтін көрінеді.
Бельгияда жауапсыз ата-аналарға жаза жеңіл екен. Тек, жүргізуші куәлігінен айырылу­мен шектеледі. Тіпті, 50/50 жүйесі арқылы али­мент төлеуден түбегейлі құтылуға болады. Ол үшін бала апта сайын әкесімен де, анасы­мен де кезек-кезек бірдей уақыт өткізуі қажет. 

Айна Досмахамбетқызы, 
«Ажыраспа» жобасының авторы, блогер:

Бала манипуляция құралы болмауы керек

– Ер адам неліктен ажырасқан соң бала­лары­на жауапкершілік алғысы келмейтіні, али­мент төлегісі келмейтіні жайында тек өзі жауап бере алады. Менің ойымша, әр ер адам­ның  жауабы әртүрлі. Барлығы бірдей жауап беруі мүмкін емес. Мен осы сұрақты қойға­ным­да кейбір ер адамдар: «Баланың көзіне қарауға ұяласың. Олай ұялғанша, баланы көрмей-ақ жүре бергенім жақсы» деп жауап берді. Алайда ажырасқан барлық ер адам осылай ойлайды десек, қателесеміз.  
Егер ерлі-зайыптылар бір-бірімен жауласпай ажырасса, ер адам али­мент төлеуден қашпайды деп ойлаймын. Бірақ бәрі де адамға бай­ланысты, барлық жағдайды бірдей қарастыруға болмайды. Психо­ло­гиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, біз көп жағдайда қарым-қа­тынасымыз жақсы адамға көмектесуге, қарызға ақша беруге, қиын жағ­дайда көмекке келуге дайынбыз. Ал сәлеміміз түзу болмаса, ондай адам­дарға қол ұшын созғымыз келмейді, көмектескіміз келмейді, жа­нымыз ашымайды. 
Біздің қоғамда көп жағдайда әйел баланы манипуляция құралы етіп алады. Себебі әйелдің өзінің реніштері көп және ол ренішке біреу жауап беруі керек. Ал ер адам өз бетімен жауап бергісі келмейді. Осын­дай жағдайда әйелдер балаларын манипуляция құралы ретінде пай­даланып, бұрынғы күйеуіне «Баланы көрмейсің» дейді. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ұмытпау керек. Қазақ «Әкенің жақындығы жездедей» деп бекер айтпаған. Мысалы, әке балаға анасындай жақын болмайды. Ал ана баласын көрмей жүре алмайды. Әйелде аналық инстинкт бар, ал әке­де инстинкт жоқ. Әйел манипуляцияға алданады. Ал ер адамға манипуляция «жүрмейді». Соңында әйел өзі­мен-өзі ашуланып, ренжіп, ызаланады, ал әкесі «Көрмесем, көрмей-ақ қояйын» деп жүре береді. Сондықтан әйелдерге айтатын бірінші кеңе­сім, баланы манипуляция құралы жасамаңыз. Бұл – тиімсіз әдіс. Бұл көлігіңізде жанармай бітсе, оны құюдың орнына көлікті итеру сияқ­ты нәрсе.
Екіншіден, ерлі-зайыптылар ажырасып кетсе де, бала үшін өмір бойы ата-ана болып қала береді. Балада енді ешқашан басқа биоло­гиялық әке болмайды. Бұл мәңгілік, оны өзгерте алмайсың. Ол саған жаман күйеу болса, жаман әке болды деген сөз емес. Әкенің әке болып қалғаны ана үшін де, бала үшін де, тіпті әкенің өзі үшін де жақсы. 
Үшіншіден, ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін бала толыққанды отбасында өспесе де әкесімен де, анасымен де қарым-қатынасы дұрыс болуы керек. Бұл жерде ересектер өзінің эгосын ысырып тастауы керек. Әйелдің ренішіне, күйеудің өкпесіне бала жауап бермеуі керек. Бұған үлкен адамдар өздері жауап беруі керек. Өз тәжірибемнен алып қарайтын болсам, мен баламен әкені аралас­тырмайтындай бірде-бір себеп көрген жоқпын. Өйткені бұрынғы күйеуім жаман әке болған жоқ. Олай болса мен неге  балаларды әкесінен шеттетуім керек? Одан бөлек, балаларым есейгенде менен «Неге біз әкеммен араласпадық?» деп сұраса қай бетіммен тыйым сал­дым деп айтамын? Менде баланың орнына шешім қабылдауға қандай моральдық құқық бар?  Егер бала өзі араласқым келмейді десе, бір жөн. Ол – баланың өз шешімі. Сондықтан кішкентай, сөйлей алмай­тын баланың орнына анасы шешім қабылдауы дұрыс емес. Өйткені бала ерте ме, кеш пе, әкесімен араласқысы келеді. Тіпті, 20-30 жылдан кейін табысып жатқан әкелер мен балалар көп. Ақыры болатын іс екен, онда неге әйелдер бала кезде шектеу қоюы керек? Сол 20-30 жыл аралы­ғында әке мен бала арасында қаншама жақсы естеліктер, әдемі сәт­терді бірге өткізер еді. Оны ұрлауға анасының қақысы жоқ. Дінімізде де туыстық қатынастарды үзбеңдер деп айтылады. 
Әкесі баласына келмесе, келмеді деп балаға түсіндіріп айтасың. Бұл жерде келу-келмеу әкенің жауапкершілігінде. Бірақ көп әйел әке­сінің баласына келуі үшін ештеңе істемейді. Біз көп жағдайда өз жауапкершілігімізді көргіміз келмейді. Аналар «Баланың ертеңгілік іс-шарасына келмейді» деп бұрынғы күйеулерінің үстінен жиі шағымданады. Әкесі қандай іс-шара болатынын қайдан білуі керек? Осылай сұрасаң аналар: «Ол әкесі емес пе? Неге ол балабақшаға  ха­барласып сұрамайды?» деп шығады. Жауапкершілігі бар әке хабар­ла­сып, біліп, баратын да шығар. Бірақ біздің қоғам ондай саналы деңгейге жеткен жоқ. Сондықтан ажырасқан әйелдерде екі жол бар. Бірі – балаңның әкесінің сол сана деңгейіне жеткенін күтіп отырасың, оған бірнеше ондаған жыл кетуі мүмкін. Екіншісі – өзіңнің қолыңнан кел­генін істейсің, яғни баланың маңызды күндерін алдын-ала ха­барлап, айтып отырасың. Бізде ажыраспаған отбасының өзінде әкелер баласының балабақшадағы, мектептегі іс-шараларын әйелінен біліп отырады. Өйткені баланы таңертең балабақшаға таситын, мектепке апаратын көбінде аналар. Ал тәрбиешілер мен мұғалімдер кімді жиі көрсе, жаңалықты соған айтады. 
 

Серіктес жаңалықтары