Таңғажайып Тыва
«Уақытында Тываның жер сызбасынан табылмағаны секілді, осы күнге дейін топографиялық картаға түспеген, тек бұғышы туха-тывалар ғана білетін, аттылы кісі бір апта жұмсап жете алатын жер бар. Анау Шығыс Саянның қойнауында, – деді Доржу қолымен ілгері жақтағы тау сілемдерін нұсқап, – Ол қасиетті қоныс Өдүген деп аталады.
Тыва Республикасы – Азияның географиялық кіндігі. Жерінің сексен пайыздан астамы – тау мен орман. Оның батысын – Алтай, солтүстігі мен шығысын Саян жоталары қоршап тұр. Сондықтан басқа әлемнен оқшау жатқан бұл мекеннің төріне шығу оңай шаруа емес. Астанасы – Қызылға дейін Ресейдің Иркутск, Новосибирск, Красноярск қалаларынан ұшақпен немесе көршілес Хакасиядан автокөлікпен жетесіз. Елдің қиян түпкір, қиыр шет аймақтарына тек Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің тікұшақтары апара алады. Темір жол атымен жоқ. Соған қарамастан бұл жерден адам аяғы үзілмейді. Әуе сапарын таңдаған көптің ішінде өзім де болдым.
Сонымен... Қызыл қаласында Бий Хем («үлкен өзен») мен Каа Хем («кіші өзен») өзара тоғысып, аяғы Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын ұлы Енисей (тываша Улуг Хем) басталатын тұстағы әсем саябақта «Азия кіндігі» тас мүсіні орнатылған. Қызықтап келіп-кетіп жатқандардың қарасы мол. Екісінің бірін өзіміздің қазаққа ұқсаттым. Мені де бөтенсінбейтінін байқадым. «Қырғызсыз ба?» деп сұрады бір жігіт ағасы. Заманында Енисей бойынан көшкен қырғыздардың ұрпағы ата жұртын көргелі келген шығар деп ойласа керек. «Бәріміз де осы Алтай-Саянның бауырынан дөрегенбіз» дедім баяғы. Сөйтіп төңіректі тамашалап тұрғанымда, Тываның жер картасы бедерленген туристік тақтадан – көзіме жылы ұшыраған басқа да атаулармен қатар – «Тұран» («Туран») сөзі ерекше дараланып көрінді. «Тұран-Үйік қазаншұңқыры» («Туран-Өөк ыйгылажы») тағы бар. Әрине, қызықпасқа амал жоқ.
Тұран, Өтүкен, Аржаан, Ұлы Қорым...
Алдан Маадыр атындағы Тыва ұлттық музейінің қызметкері, тәжірибелі гид Раджу Тангор-оолмен әңгімеміз жараса қалған. «Есімім үндіше болғанымен, руым – таз, арғы атамның аты – Домбыра» деп танысқан елгезек жігіттің білмейтіні жоқ. Он алты бөлімнен тұратын музейдің әр экспонатының жай-жапсары туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Ниетімді байқағасын: «Ертеңге көлігімді сайлап қояйын, Тұран жаққа барып қайтамыз. Ар жағындағы Патшалар алқабын да шарлаймыз. Көзбен көргеннің жөні бөлек», – деді.
Ал енді музей шынымен қазынаға толы. Көшпенді тұрмыстың заттары да, заттарының аттары да таныс: әбдіре – «аптара», қалпақ – «қалбақ», етік – «идик», жүген – «чуген», сулық – «суглук», үзеңгі – «эзеңги», қамшы – «қымчы», ошақ – «ужук»... Осында жайғасқан тыва киіз үйінің («кидис өг») шаңырағы – хараача, есігі – эжик, табалдырығы эргин екен. «Хараача» сөзімен өзіміздің «қараша үй» қабысып тұрса, тываша табалдырықты білдіретін «эргин» сөзінің «ергенекпен» түбірлестігін байқадық. «Есіктен ергенек кетсе, иттен иба кетеді» деген мәтел бар ғой. Тыва бақсыларының асай-мүсейлері қойылған зал, Енисей бойының бағзы көктүркілік балбалдары, бұғытастары мен петроглифтері, небәрі 17 жыл өмір сүріп, соңына 12 000 картина қалдырған әлемге әйгілі суретші қыз – шешесі тыва, әкесі орыс Надежда Рушеваның көркем мұрасы қойылған холл, «Аржаан-2» сақ заманы қорғанының археологиялық олжалары топталған «алтын» бөлімі... – әрқайсысы жеке-жеке толғауды керек ететін құндылықтар.
... Уәде бойынша, ертеңіне Раджу екеуміз таң сыз бере Қызылдан шығып кеттік. Ол «Лада Приора-14» көлігін «Р-257» деп аталатын федералдық автотрассаның бойымен жүйткітіп келеді. Алды-артымызда, екі қапталымызда – бір-біріне мінгесе жарысып, біресе биіктеп, біресе аласарған тау жоталары; ара-арасындағы көгалды жазық жерлерде шоқ-шоқ боп ұйыса өскен балқарағай.
«Тыва – төрт тараптың тоғысы әрі жеті жұрт келіп-кеткен жер, – дейді Доржу, – әрідегі сақ пен ғұнды қойғанда, берідегі Түркі, Ұйғыр, Қырғыз қағанаттары, Моңғол мен Цин империялары, Ресей протектораты кезеңі қат-қат із тастаған. Орыстар Ұраңқай өлкесі деп атаған. Сіздерге жақсы мәлім Радлов, Потанин, Катанов, Грумм-Гржимайло, Клеменц секілді ғұлама ғалымдар біздің аймақты да зерттеген». Міне, осындай дәуірлерді бастан кешкен Тыва 1922 жылдан бастап өз алдына мемлекет құрып, 1944 жылы ғана КСРО құрамына енген. Тіпті, нацистік Германия советтер еліне басып кіргенде, Тыва Германияға қарсы бірінші болып соғыс жариялаған. Бұл – тарихи факт. Гитлер әлем картасынан Тываны таба алмай: «Бұл қандай ел?», – деп аң-таң бопты-мыс. Әрине, мұнысы – аңыз. Бірақ Қызыл Армияға көмек ретінде Тывадан ә дегенде 50 000 жылқы, 400 тонна ет, 70 тонна қой жүні, 10 000 тон, 19 000 қолғап, 16 000 пима, тіпті 52 000 шаңғы жөнелтілгені рас. Тывалардың жаужүректігіне қайран қалған немістер оларды «Қара Өлім» («Das Schwarze Tod») деп атағаны да – тарихи шындық.
«Уақытында Тываның жер сызбасынан табылмағаны секілді, осы күнге дейін топографиялық картаға түспеген, тек бұғышы туха-тывалар ғана білетін, аттылы кісі бір апта жұмсап жете алатын жер бар. Анау Шығыс Саянның қойнауында, – деді Доржу қолымен ілгері жақтағы тау сілемдерін нұсқап, – Ол қасиетті қоныс Өдүген деп аталады. Мағынасы – «от өнген». Кайнозой заманында жанартау атқылаған орын...». Иә, айтып отырғаны – өзімізге белгілі Өтүкен. Түркі қағанаты ту тіккен, даңқы төрткүл дүниеге жайылған ордалы мекен. Зерттеушілер оны моңғол жеріндегі Хангай тауларымен де ұштастырады.
Бір сағаттың ішінде көлігіміз Тывадағы 15 мың өзеннің бірі – біз үшін сыры жұмбақ Тұранға тұмсық тіреді. Жағасында Бии-Хем ауданының (тываша – қожуун) орталығы, өзі аттас шағын қала ірге тепкен. Тыва тілінде «Тұран» сөзінің екі түрлі мағынасы бар: бірі – «сазды жер», екіншісі – «дүрбі». Екінші атау кейін пайда болғанға ұқсайды және қайдан шыққанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Тұранның ұзындығы – 40 шақырым, аяғы Үйік өзеніне құйып, ол болса Енисейге ұласады. Батыс Саяндағы Тұран-Үйік қазаншұңқыры осы екі өзеннің атын қоса иемденген. Үйікті тывалар «Өөк» дейді. Сөздің төркінін дөп баса алмай, «түйме», «ілгек» деп топшылайды екен. Біз оның шешуін оңай тапқандай болдық. Өйткені қазақ даласында, әсіресе Маңғыстауда «үйік» сөзіне байланысты атаулар мол (Ақ үйік, Қара үйік, Қос үйік, Қызыл үйік, т.б.). Ол обаны, тас үйіндіні, төбені, дөңесті, қорымды, моланы білдіреді. Оның үстіне бізде бар кейбір сөздер тыва тілінде танымастай қысқарып кететін заңдылықты байқадық. Мысалы, жұмыртқа – чуурга, жіңішке – чиңге, т.б. Сондықтан «өөк»-тің «үйік»-пен дыбыстық қана емес, мағыналық жағынан да бірлігін аңғару қиын емес.
Көп ұзамай, жер жүзіне әйгілі Тыва патшалар алқабына қадам басқанымызда бұл болжамымыз айғақтала түсті. Өйткені біз көрген сақ заманының жәдігерлері – «Аржаан-1», «Аржаан-2» сол атақты Үйік өзенінің алқабында орналасқан және «Үйік мәдениетінің ескерткіштері» деген атауға ие. Ал «Аржаан» - санскрит сөзі; мағынасы – шипалы су, киелі бұлақ. Қазақша нұсқасы – Арасан. Ғалымдардың тұжырымынша, «Аржаан-1» үйік-обасы ескірек (б.з.д. IX ғ.) – сақ (скиф) дәуірінің бастауына тиесілі; оның ішіндегі байлықты «жабайы археологтар» мейлінше тонап кеткен. Әлемдік археологияда сенсация ретінде бағаланатын «Аржаан-2» үйік-обасының (б.з.д. VII ғ.) жайы бөлек. Оны 2001-2003 жылдары қазған орыс-неміс экспедициясы орасан олжаға кенелді. Себебі патша қорымына бұрын ешкім қол сұқпаған. Қабір ішінен 20 килограмнан артық алтын шыққан. Бағзы зергерлердің шеберлігі сонша, патшаның шалбарын сәндеген диаметрі – 1 мм, жалпы саны 250 мың моншақтың көзіне жылқының қылы сыймайды. Адам сүйектерінен басқа, сақ (скиф) «триадасын» құрайтын қару-жарақтар, ат әбзелдері мен «аң стиліндегі» әшекей бұйымдар – бәрі қалпына келтіріліп, Тываның ұлттық музейіне қойылған. Ғылыми қауымдастықтың бір бөлігі «сақтардың (скифтердің) түпкі отаны – Тывада; олардың мәдениеті өте биік дәрежеде болған» деген пікірге ұйыпты.
Бір қызығы, жолшыбай – ішінде қылаңы бар, бараны бар – ен алқапта емін-еркін жосып жүрген жылқы үйірлері қайта-қайта кездесті. Неге екенін қайдам, көрген сайын бойдағы қан тулап қоя береді. Ана үйік-обаларда жерленген үш мың жыл бұрынғы жылқылар қайта тіріліп келіп, көз алдыңда шауып бара жатқандай әсерде болады екенсің. Тывалар атты – «ат», бірақ жылқының үйірін «чылгы» дейді. «Біз қойдың етін жақсы көреміз, – деді Доржу, – Жылқының етін аз жейміз. Оның орнына, атқа шаппасақ тұра алмаймыз. Ауыл (аал) сайын ат жарыс (аът чарыжы) өтеді де жатады».
«Аржаан» үйік-обаларын тамашалаған соң, Доржу маған «Чинге-тей-1» («Жіңішке төбе-1», б.з.д. VII ғ.) патша қорымын апарып көрсетті. Қазып жатқандар – Петербург археологтары. Бұл жердегі қабір де тоналмапты. Алтын табылғаны айтылды. «Аржаан-2» үйік-обасымен ара қашықтығы да, уақыт мерзімі де жақын болғандықтан, мұнан сүйегі шыққан ақсүйек билеуші ана жақтағы патшаның баласы иә немересі болса керек деген жорамал бар.
Мен қорғанның үйіндісін төңіректеп жүргенімде Доржу шамандық жоралғысын атқарып тастады. Көлігінен тағамның ұсақ қиқымдарын алып, айналадағы тау-тастың көзге көрінбейтін кепиетті ие-рухтарын уыстап шашып «қоректендірді». «Негізі сүт ішкізу керек. Мен қолымдағы барды бердім... Айтпақшы, түркі тарихын зерттеушілер Алтайды кие тұтады. Дұрыс. Бірақ, көріп отырсыз ғой, Саянның да орны айрықша. Меніңше, оны бөле қарауға болмайды. Осыны естен тұтып жүрсеңіздер», – деді Доржу.
Расымен де, Тывада 40 мыңнан астам зерттелмеген археологиялық ескерткіш бар. Зерттелгенінің өзі толық бағаланып болған жоқ. Мысалы, сақ дәуірі демекші, «Аржаан-2» үйік-обасының патшасы «Сібір Тутанхамоны» деген теңеу тапса, Тываның солтүстік-батысындағы Сағлы алқабынан табылған Күн Храмы (бәлкім, обсерваториясы) – Ұлы Қорым (Улуг Хорум, б.з.д. V-ІІІ ғғ.) шын мәнінде өзінің маңызы жағынан Англиядағы Стоунхендж бағантастар үйіндісінен кем емес. Ол – 32 «шабақ» сәулесі бар алып шеңбер түрінде далалық жерде дөңгеленіп жатқан Күн бейнесі (Қазақстан туындағы Күн шапағымен саны бірдей). Ұлы Қорымды ашқан көрнекті археолог А.Грач «Азия кіндігіндегі ежелгі көшпелілер» атты кітабында: «Сағлыдағы Ұлы Қорымды зерттеудің материалдары скиф-сақ әлемі тайпаларының «күнтекті» дінінің бастаулары жөніндегі күрделі проблемаға және ежелгі ирандықтардағы зороастризмнің «түп қайнары» туралы мәселеге қайта оралып соғуға мүмкіндік береді», – деп жазған болатын.
Сонымен, бір жағы – Тывадағы Тұран мен Өтүкен, екінші жағы – патшалар алқабының үйік-обалары мен Ұлы Қорым – сақ (скиф) қоғамының, зәрдөш дінінің (зороастризм) түп-төркіні жөніндегі мәселені ғана қозғап қоймай, есте жоқ ескі замандардағы «Тұран–Иран» қарым-қатынастарына да назар аудартады.
Кәсіби тарихшы Доржу Тангар-оол бауырымыздың жол-жөнекей бөліскен деректері мен дәйектері осындай ойларға жетеледі.
«Алаштың алдын аржааны...»
Тыва жерінде көзге бірден шалынатын атаулар көп. Мысалы Улуг-Даг (Ұлытау), Эдегей (Едіге) өзені, Чагытай (Шағатай) көлі, т.б. Бұлардың көбісінің өзіне лайықталған аңызы бар. Менің көңіліме қонақтап, байыз таптырмағаны – Алаш.
Алаш – тывалардың құлағына жағымды сөз. Ел ішінде Алаш, Алаш-оол деген кісі аттары жиі кездеседі. «Красноярск–Мемшекара» (М-54) федералдық автотрассасының 868-ші шақырымында Алаш чурту (Алаш жұрты) деген мекен орналасқан. Ең ғажабы, Тываның солтүстік-батыс бөлігінде – бастауын Батыс Саяндағы Кара-Хөл (Қаракөл) мен Даштыг-Хөлден (Тастыкөл) алып, Барыын-Хемчик, Бай-Тайга және Сүт-Көл аудандарының (кожуундарының) территориясын кесіп өтетін, ақыр соңында Хемчик өзеніне барып құятын Алаш атты өзен бар. Ұзындығы – 172 км. Ол өзен ағып өтетін шатқал «Алаш шаттары» деп аталады. Дон Терезин сумонында «Аржаан Алаш» делінетін шипалы бұлақ ұшырасады.
Алаш өзенінің сыр-сипатын анықтамақ мақсатта алдымен А.С.Пушкин атындағы Тыва ұлттық кітапханасына бардым. Ұлттық өлкетану бөлімінің меңгерушісі Елена Ак-кыс құрақ ұшып қарсы алып, қызметкерлері Чечек Монгуш, Алефтина Кызыл-оол, Антонина Сарыг жабыла жүріп көмектесті. Алдыма топонимикаға байланысты кітаптарды үйіп қойды. Ғылыми тұрғыдан ең сүйекті де сүбелі еңбек – Б.Қ.Ондардың «Тыва топонимикалық сөздігі» екен. Өкініштісі, бұл саланың білгірі Бичен Қырғысқызы осыдан он жыл бұрын күйеуі екеуі жол апатынан қайтыс болыпты. Зерттеуші өз кітабында «Алаш» сөзінің этимологиясына қатысты бірқатар адамның пікірін келтіреді. Сол Алаш өзенінің бойында туып-өскен Кужугет Шойгу елдің аузында Алаш – «алтын ағаш, алтын тайга; қасиетті ағаш, қасиетті тайга» деп айтылатыны жөнінде мағлұмат беріпті (қазақтың «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» дегеніне ұқсайды). Еңбектің авторы болса, «топонимнің шығу төркіні толық анық емес, тыва тілінен түсіндірмесі табылмайды» дей келіп, тұрғылықты халық биік таулы аймақта қарлы шың мен қарсыз шың кезектесіп отыратындықтан, бұл атауды «ала» сөзімен байланыстыратынын айтады. Сондай-ақ ол «кейбір болжамдар бойынша, алаш – қазақтар мен ноғайларда жолығатын тайпалық этноним» деген пікірдің барлығына тоқталады. Сөз соңында: «Топонимнің этимологиясы нақтылауды керек етеді», – деп түйіндейді. Сөйтіп, «Алаш» сөзі тываларға түпкілікті сырын алдырмаған.
Дегенмен, Алаш туралы ой толғағысы келетін кісілер аз емес екен. Солардың кейбірін бейнетаспаға жазып алдым. Мысалы, Адыгжы Хертек есімді жас жігіт былай дейді: «Бұл өзеннің ерекшелігі бар. Оның арнасындағы тастар өте ірі, басқа өзендердегідей майда емес. Суының түсі бөлек, ағысы өте жылдам, балығы мол. Жағасындағы ел әлі көшіп-қонып жүреді, мал бағады. Менің туыстарым сонда тұрады». «Азия кіндігі» орталығында гид болып істейтін Семен «алаш» сөзін «алараннаан» («жарқыраған») сөзінен шыққан деп есептейді. Ақын, мәдениет қайраткері Лидия Херлииқызы Иргит те: «Тайганың өзені сарқырап ағады, суы ақықтай жалтылдайды», - деді. Ғылым кандидаты Галина Донгаковна Сундуй: «Өзеннің тастары ақ және қара түсті. Балығы – алабұға. Ол төңіректе көп халық тұрады. Тываша айтқанда – ала-шаар чон», – деп қағазға жазып көрсетіп тұрып, өзінше пайым жасады. Бұл ойды Доржу Тангор-оол дамытты. Оның мәліметінше, Алаш өзені Хемчикке құяр жақта көне түркі дәуірінде көптеген тайпа аралас тұрған. Мысалы, чиктер (түркітанушы Николай Аристовтың версиясы бойынша, шекті тайпасы солардан өрбіген. – А.Ш.) мен аздар – сол маңның ең байырғы тұрғындары. Биік таудан ылдиға құлдилаған тайпалар бас қосып, «Алажы чурт» боп құралған көрінеді. Тывалардың бағзыдан бүгінге дейін пайдаланатын, негізгі тіреуіші үш сырық-сырғауылдан тұратын баспанасы «алажы өг» («лашық үй») деп аталады. Орысша «чум», «шалаш» деп жүргеніміз – сол. Басқа түркі халықтарында алачых (хакас), алачык (татар), алачық (қырғыз), алачыг (әзербайжан), т.б. лексикалық формаларда кездеседі. Бірақ тыва нұсқасы ең ескі деп саналады. «Алаш» сөзінің төркінін іздегенде осы жайтты ескерген абзал деп ойлаймыз.
Тываның көмей жырын әлемге танытып жүрген «Алаш» фольклорлық ансамблі бар. Аты өзеннің құрметіне қойылған. Топты құрған – Тываның әлемге танымал атақты хөөмейжісі Конгар-оол Ондар. Ол Back Tuva Future альбомын АҚШ-та шығарған, CNN арнасына сұхбат берген, Дэвид Леттерманның ток-шоуына қатысқан, «Чингиз-блюз» деректі фильміне түскен. К.Ондар басқарған «Алаш» ансамблі Грэмми сыйлығының төрт мәрте иегері
Bеla Fleck and the Flecktones тобымен бірге Jingle All the Way музыкалық альбомын жазуға қатысып, бұл туынды 2008 жылы «үздік инструменталдық музыка» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Талантты өнерпаз 2013 жылы 51 жасында кенеттен дүние салыпты. Өзі құрған Тыва ұлттық мәдениет орталығының алдында ескерткіші тұр.
«Алаш» ансамбліне қазір оның шәкірті – «Хөөмей» халықаралық академиясының директоры, Тыва Республикасының халық хөөмейжісі Бады-Доржу Ондар жетекшілік етеді. Трио құрамында Аян-оол Сам, Аян Ширижик бар. «Біз Американың 44 штатында, Францияда, Италияда, Англияда, Канадада, Өзбекстанда, Жапонияда, Қытайда, Тайваньда, Норвегияда, Түркияда, Польшада, Моңғолияда өнер көрсеттік. «Алаш» даңқын әлемге жайып жүрміз», – деді Бады-Доржу сұхбаттасқан сәтімізде. Ансамбль репетуарындағы бір әннің аты – «Алашым».
Алаш өзені тываның халық өлеңдерінде де бейнеленген. Ұлы хакас ғалымы Н.Катанов жинаған нұсқада Алашқа тіл қатқан жігіт «арнаңның енін тарылтшы, ағысыңның екпінін азайтшы, менің сүйіктіммен кездесуім керек еді» деп жалбарынса, Балған Кужугет есімді бақсыдан жазып алынған мәтінде автор «Бай Алаш, Ұлы Алаш» деп көтермелеп, оның жоғары алқабын мекендеген бабалар рухына тағзым етеді. Арыг Узуу аалының тұрғыны Хурең Ооржак айтқан өлеңде: «Еш жерде Алаш пен Таспыл секілді жылдам өзен жоқ, еш жерде анам мен әкем секілді қамқор жан жоқ», - делінеді. Ғалым Ж.Юша хатқа түсірген алғыс жырының сөзбе-сөз аудармасы мынадай: «Алаштың алтын арасаны,/ Мінсіз тасты, алтын кенішті!/Ауру-сырқаудан жеңіл-желпі айықтыр мені,/ Мейіріңе жүгіндім,/Ақ, көк түсті шүберек байладым,/Қайырымды, бай Алаш, тәңір-ием!».
«П.А.Чихачевтың Алаш өзені алқабында аялдағаны» атты картинаның авторы – әйгілі суретші И.Айвазовский Тываға табан тигізбепті. Батыс Тываны тұңғыш зерттеп, Алаш өзені алқабының орографиялық картасын жасаған географ Петр Чихачевтың айтуы бойынша салыпты. Сондықтан бейнелері шындықтан алшақ кеткен. Оның есесіне, экспедиция құрамында болған пейзажист Егор Мейер «Қытайдың Уло-Тай провинциясындағы Шабина-Ола тау тізбегі және Алаш алқабы мен өзені» шынайы картинасы үшін 1843 жылы Санкт-Петербург императорлық өнер академиясының бірінші дәрежелі күміс медалін алған.
Сапар барысында Тываның көрнекті музыкатанушысы, өнертану докторы Зоя Кыргыспен жүздестім. 1987 жылы «Тыва» фольклорлық ансамблін құрып, ұлт мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комитеттің төрайымы болған ғалымның тыва көмей жыры туралы еңбектері өте бағалы. Ол тіпті хөөмейжілерді АҚШ пен Жапония медициналық лабораторияларына алып барып, олардың көкіректен дыбыс шығару құпиясын анықтау тұрғысында физиологиялық зерттеулер жүргізген. Шынында да, «Тыва» ансамблінің мүшелері кезек-кезек «хөөмей», «сыгыт» және «қаргыраа» мәнерлеріне салып, көмей жырын орындағанын тыңдағанда, хөөмейжінің кеудесінен қалайша қосарластыра әрі неше түрленте үн шығаратынына тәнті болмасқа амал қалмады. Зоя апамыз: «Тываша – хөөмей емес, көөмей. Басында орысша қате жазылып, солай қалыптасып кеткен», – деді. Бізде «көмей» екенін жеткіздім. Қатты әсерленген бір сәтім, ештеңге оңайлықпен таң қала қоймайтын талғампаз ғалымның күтпеген жерден Димаш Құдайберген туралы айтқаны болды. «Тәңірі жарылқап, расымен де құдай берген бала. Оның сирек те ғажап даусы – елдің игілігі. Тіл-көзден сақтаңыздар», – деді. Қазақстанға барғысы, біздің жыршыларды тыңдағысы келетінін де жасырмады.
****
Ұлт ғұламасы Монгуш Кенин-Лопсан айтпақшы, төсінде жарқырған мың көлі «аспанның айнасына» баланатын Тыва әсерлері бір мақалаға сыймасы анық.
Көпке дейін құлағымнан Доржу гид шырқаған бір сағынышты әннің: «Ата жұртты көргенсің бе? Ана жұртқа жеткенсің бе?» («Ада-чурттун көрген сен бе? Эне-чурту четкен сен бе?») деген үзігі кетпей қойды...
Амантай ШӘРІП,
Арнайы Túrkistan газеті үшін