Досжан Ишан туралы

Досжан Ишан XIX ғасырда қазақтардың Мекке – Мәдине шаһарларына қажылық пары­зын өтеу сапарларына мұрындық бол­ған.

Досжан Ишан туралы
turkystan.kz
3110

Досжан Ишан Қашақұлы (1815-1890) діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан  қоғам қайраткері. Азан шақырып қойылған есімі Досмұхаммед, бірақ ел аузында Досжан, Досеке, Досшеке деп көп айтылып, солай тарап кеткен. 

XIX ғасырда қазақтардың Мекке – Мәдине шаһарларына қажылық пары­зын өтеу сапарларына мұрындық  бол­ған. Қазақ шежіресіне қатысты деректер жи­наған. Досжан Ишан 1815 жылы қа­зіргі Ақтөбе облысының Доңызтау ау­мағында туған. Солтүстік Үстірт жа­зы­ғы мен оған көршілес жатқан Сам құ­мын, Ембі шөлін қоныстанған табын руы­ның шөмішті тармағы, қоңыр бөлі­мінен шыққан. Сауатын ескіше әкесі Қа­шақтың көмегімен ашады. Орын­бор­дан 18 шақырым жердегі Қарғалы сла­бод­касында тоғыз мешіттің бірінде он жыл­дай оқыған. Алла разылығы үшін үш рет қажылыққа барған. Алғаш рет 16 жасында аттанып, жолда Түркия дін ғұ­ламаларынан дәріс алып, білімін терең­деткен. Досжан 1832 жылы Құран Кә­рімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Мек­кеден 17 жасында жас хазірет деген ат­пен елге оралады.  Сосын Хиуа, Үрге­ніш, Бұқара қалаларында білімін жетіл­дір­ген. Олдан атты пірге қол беріп, Дос­­жан Ишан атанған. Елге келіп Доңыз­­таудағы Тасастау қайнар алқа­бын­да өзінің бірінші мешіт-медресесін салдырып, табан аудармай 18 жыл бала оқы­тады. Мыңға жуық шәкірт тәрбие­леп шығарған. 
1868 жылы патша өкіметі Темір, Ақ­төбе бекіністерін сала бастағанда Досжан Ишан Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Шилі бойына мешіт салуға кіріседі. Ардагер журналист Меңдіхан Әділханұлы: «Досжан ата Бірман деген ұстаны тауып, онымен келісім жасайды. Мешіттің қандай болу керегін шешкен­нен кейін, құрылыстың негізгі жұмы­сына жұртшылық жұмыла кіріседі. Асар­латып, тезарада бітіреді. Мешіт са­ла­тын кірпішке бие сүті, мал сүйегі, ши қосылып қолдан құйылған. Қабыр­ға­ларының күні бүгінге дейін сақталуы­ның өзі  берік материалдан қаланғанын бай­қатады. Мешіттің ұзындығы 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шама­сын­да. Бөлмелері алтау. Бөлме ішінде ті­реу болмаған. Төбесінде бірде-бір қиық жоқ, күмбезі бұраңдалып жасал­ған. Күмбез үстінде айшық тұрған, ме­шіт іші ою-өрнекпен әшекейленген.  Күм­безден түскен жарық барлық на­қыш­тарын нұрландырып тұрған. Әбу­бәкір жырлаған деректерге сүйенсек, мешіт жанында  150 орындық бала оқы­татын медресесі, қонақ күтетін қо­салқы бөлмесі болған. Мешіттің ар­хи­тектуралық үлгісі Қазандағы сәулетші «А.Пескенің басшылығымен салынған Юнусов мешітіне ұқсайды» деп жазды. Бұл мешіт халық аузында «Ақши мешіті» деп аталған.

Досжан Ишан Орынбор губерна­торы­нан арнайы рұқсат алып, 10 гектар жерге жеміс ағаштарын отырғызған. Хиуа мен Бұхарадан әртүрлі тұқымдар ал­дырып, Шилі бойына бау-бақша, қауын, жүзім, күріш ектірген. Оның өнім­­­­дерін сатқызып, айналасына сауда-са­т­тық үйреткен. Халықты отырықшы өмір мен кәсіпке шақырған. Досжан Ишан­ның екінші қажылық сапары 1870-1876 жылдар аралығы. Сапарлас серік­тері ішінде ақ патшаның генералы Ғұ­байдолла Өскенбайұлы болған. Бір дерек­терде хазіреттің екінші қажылық са­парында тәкия салуға берік бекініп бар­ғаны  айтылады. Ойын Құнанбаймен  бө­лісіп, жер, құрылыс материалдарын са­тып алады, ресми қағаздарын рет­тей­ді. Қағаз реттеуге шыққандарында үл­кен кедергіге кездеседі. Сол кездегі араб би­леушілері: «Қазақ деген жұрттың мұ­­­сылман екенін дәлелдейтін құжат әке­ліп тапсырыңдар» деп талап қояды. Орындауға бір жыл мерзім береді. Дос­жан бұл құжатты Бұхара Қазанға  апа­рып растайтын мөр соқтырған. Сөйтіп, араб­тарға дер кезінде жеткізген. Үй дайын болған кезде Құнанбай қажы: «Дос­жанның еңбегі де көбірек сіңді, қар­жысы да көбірек жұмсалды. Сон­дық­тан Тәкиені соның атымен атаған дұ­рыс» депті. Оған Шәкәрім қажының «Тү­рік, қазақ-қырғыз һәм хандар ше­жіресі» еңбегіндегі  мына жолдар дәлел: «1874 жылы қажыға барғанда қазақ қа­жылары түсетін Меккеде бір тәкия үй сал­дырып құдайы қылып еді. 1905 жыл­дан бастап 1906 жылға қарай қажыға бар­ғанда тәкияны көрдім. Бұл тәкия осы күні кіші жүз Досжан қажының атына жазылуы екен» дейді. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «қазақ ше­жіресі» шығармасында «орта жүзден жиыр­ма кісі болыпты. Кіші жүзден та­бан­даған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұр­­­пейіс хазірет, Досжан халфе бар» дей­ді. Қазақ бұдан бұрын бүйтіп бас қо­сып қажыға бармаған екен. 

Досжан хазіреттің үшінші қажылық сапары 1880 жылдардың аяғына қарай жа­салған. Меккедегі қонақүйдің де жағ­дайын байқап, сенімді адамға тапсырып келген. Досжан хазірет 1890 жылы дү­ние­ден өткен. Аяқ жетер жерден то­пырақ салуға келген жамағатта есеп бол­мапты. Жаназаға бес мың адам ұйып­ты.  Соңында қалған малын ха­лық­­қа үлестіріп бергенде жан басына бір қойдан тиіпті. Өз мешітінің күн­шы­ғыс жағында жерленген. Басында құ­л­пы­тасы сақталған. Діннің терең тұтас­ты­ғы мен дін тазалығы  жолына арна­ған ұстаз Ишан, Досжан қажының та­ри­хында жарқын есімі қалған ардақты тұлғалардың бірі. 
2020 жылдан бастап Досжан хазірет ме­­шіті жаңғыртылып, биыл пайда­лану­ға берілді. Ескі ме­шіттің сырты қорша­лып, хазіреттің бас­­ына күмбезді кесене салынды. Үлкен ме­мориалдық  кешен құ­ры­лысы аяқ­талып, басындағы қа­сиет­ті бұлағынан су ішуге келген ха­лық­тың қарасы көп. Жа­са­лып жатқан жұ­мыс­тарға жұрт­шы­лық риза болуда.  Алда­ғы уақытта бұл тарихи-мәдени ны­сан үлкен рухани ор­да ретінде  ту­рис­­тік аймаққа  айна­ла­тыны анық. Оның үстіне Темір ауда­ны қайтадан са­лынған Ақтөбе-Атырау тас жолының  бойында орналасқан. Бұл жол­мен Түр­кия, Иран, Араб елдерінің кө­ліктері Ре­сей арқылы Еуропаға өтеді. Бұл да бір қа­зақ елінің тәуелсіздігінің же­тістіктері.

Хазірет Досжан Ишан мешіті аудан ор­та­лығы Шұбарқұдықта Шилі өзеннің бойын­­да орналасқан.

 М.Нұғыманов,
Шұбарқұдық ауылдық округі
ардагерлер кеңесінің  төрағасы

Серіктес жаңалықтары