Мөлдір Жаңбырбай: Әлем чемпионатындағы үш жүлденің екеуі – біздің отбасынікі

Каратэ Жапониядан шығып, онда қарқынды дамығандықтан, жарысқа барғанда бапкерлер «Бірінші жапондыққа қар­сы шығасың» десе, «Ұтылып қалатын бол­дық» деп уайымдап, бойымызды үрей би­леп, қорқақтайтын едік. Ал қазір, кері­сінше «Қазақстан» десе, бәрі қорқады.

Мөлдір Жаңбырбай: Әлем чемпионатындағы үш жүлденің екеуі – біздің отбасынікі
3055

Мөлдір Жаңбырбай үш күн бұрын Венг­рия астанасы Будапештте өткен әлем чем­пионатында жеңімпаз атанып, тәуел­сіз Қазақстан тарихындағы әлем чем­пио­ны атанған тұңғыш каратэші атанды. Бір ай бұрын Қытайдың Ханчжоу қаласында өт­кен Азия ойындарында күміс жүлдені ен­шілеген Мөлдір дүниежүзінің кіл мық­тылары бас қосқан Будапешт төрінде та­­рихи алтынды жұлып алды. Араға 1 жыл үзіліс алып, спортқа қайта оралған Мөл­дір басында оның тез арада өз бабын қай­тарып алатынына ешкім сенбегенін ай­тады. Алайда ол әлі де жеңіс тұғырына кө­теріле алатынын өзгелерге емес, ал­ды­мен өзіне дәлелдеуді мақсат еткен. Алған бе­тінен қайтпайтын ол бір ай бұрын Азия ойын­дарында жеңіс тұғырының екінші ор­­нына көтерілсе, үш күн бұрын Венг­рия­да бірінші орын­ға көтеріліп, Көкбайра­ғы­мызды көк­те желбіретіп, әнұранымыз­ды әуелет­ті. Будапешттен келе сала Аста­наға Пре­зи­дентпен кездесуге асыққан Мөлдірге ха­бар­ласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

«Басында әлем біріншілігі емес, қатардағы бір жарысты ұтып алғандай сезіндім»

– Мөлдір, тарихи жеңісіңіз құтты бол­­сын! Қытайда өткен Азия ойын­да­ры­ның фи­налында ұтылғанда өкініш­тен жы­ла­ға­ныңызды жазған едіңіз. Мі­не, араға бір ай са­­лып әлем чемпионы атан­­ған сіздің өткен­де марапаттау рәсі­мін­де қуаныштан жы­ла­ға­ныңызды бай­қадық. Будапешттен келе са­ла Аста­наға жол жүріп кеткен сіздің құт­тық­тау­лар мен ыстық лебізін қарша бо­рат­қан жанкүйерлерге жауап беруге мұр­шаңыз бол­май жатқан сыңайлы.

– Дәл солай. Қолым тимей кетті. Де­ген­мен бұл жеңістің маңызын байы­бы­на барып енді түсініп жатқандаймын. Ба­сында әлем бірін­шілігі емес, қа­тар­да­ғы бір жа­рысты ұтып алғандай сезін­дім. «Бұл медаль бәрінен өзге­ше» деген ой бір­те-бірте ке­ліп жатыр. 

– Кеше бір сұхба­ты­ңыз­­да әлем чем­пио­на­тында өнер көрсету онша қиын бол­ма­ға­нын айтып қалдыңыз. Сіз үшін бұл оңай «жо­рық» болды деп айтсақ бола ма? 

– Оңай болды деп айта алмаймын. Тек дайын­дығым, дене қалыбым өте жақсы дең­гейде болды. Мен дүниеге бала әкелген соң, биыл спортқа қайта оралып, жалпы саны бес жа­рысқа, атап айтсам, Марокконың Рабат қаласында, сосын Испанияның Мадрид қа­ла­сында өткен  Премьер-лига кезеңдерінде, со­сын Малай­зияда өткен Азия чемпио­на­тын­да, содан соң Ханчжоуда өткен Азия ойын­­­дарында, сосын күні кеше Венгрияда аяқ­талған әлем чемпионатында бақ сына­дым. Бастапқы үш сайыста өз-өзіме, тө­бе­лес­ке­німе көңілім толмады. Сол үш жарысқа дайын­дық барысында тез шаршап, қина­ла­тын едім. Ал Азия ойындары мен әлем чем­пио­натында жағдай керісінше болды. Күшім та­сып, өз-өзіме деген сенімділік молайып, на­ғыз бабымда жүрдім. Алдындағыдай ен­тігіп, шаршап қалу деген жоқ. Бәрі керемет бол­ды. 

– Биыл сізден бөлек, Ризабек Айтмұ­хан да өз спортында бұрын-соңды бол­­ма­ған нәтиже тіркеп, тәуелсіз Қазақстан та­рихындағы тұңғыш әлем чемпионы атан­ды. Ри­за­бектен жарыс аяқталған соң сұхбат алғанымызда, біре­се күліп, біре­се көзіне жас алып, түрлі эмо­ция­ны бас­тан ке­шір­ген еді. Ал сіз бұл жетістікке сал­мақты қа­райтын секіл­дісіз?

– Мен эмоцияға жоқ адаммын. Ішімде не бо­­лып жатқанын көрсет­пеуге, реакциямды қат­ты біл­дірмеуге тырысамын. Бала кез­ден сон­даймын. Жарыстан ұты­лып қалсам да, жер тепкілеп, жылау, налу деген жоқ. Тіпті, ұт­сам да, алақай­лап, бөркімді аспанға лақ­ты­рып, қатты қуана алмаймын. Бәріне байсалды, салмақты көзқараспен қараймын. Дейтұрғанмен, әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп ал­ғаныма қуаныштымын. 30 жылда ешкімге бұйырмаған жүлденің менің еншіме жа­зылғаны қуантпай қоймайды. Әлбетте, қуаныштымын!

«Бала босанған соң, мені тез арада өз бабына келеді деп ешкім ойлаған жоқ»

– Өмірге сәби әкелгеннен кейін биыл спортқа оралған сіз бес жарысқа қа­­тысып, бесеуінен де құр қол қайт­па­дыңыз. Әдетте мұндайдан кейін әйел спорт­шылардың қайта қалыпқа келуіне ай­лар емес, тіпті жылдар кететінін біле­міз. Сізде «Қайтсем де, биылғы басты жа­рыстарда топ жаруым керек» деген ме­же болды ма?

– Менде нақты бір меже болған жоқ. Мен спортқа неліктен оралдым? Мен нағыз өз ба­бымда жүргенде спорттан кетіп қалдым ғой. Олимпиада ойындарына кейін, Азия ойын­дарына тыңғылықты дайындалып жүр­генде күтпеген жерден аяғым ауыр екенін біл­дім. Сөйтіп, бірден спорттан қол үзуге ту­ра келді. Дегенмен ішімде бірдеңе қалып кет­ті. Бейнелеп айтсам, «үлкен жарыстарға қ­атысуым керек» деп «аш» күйде жүрдім.

– Гештальт жабылмай қалды ма?

– Иә. Аяғым ауыр кезде де «түбі спортқа ора­ламын» деп жүрдім. Оған қоса, Азия ойын­­­­­­дарының өту мерзімі де ауысты. Негізі, ол ойындар менің аяғым ауыр кезде 2022 жы­лы өтуге тиіс еді. Алайда ол келесі жылға ше­герілді. Сондықтан мен мұны бір белгі деп тү­сіндім. Қазақстанда Азия ойындарына ірік­теу қатаң жүргізіледі. Бапкерлер босан­ған­­ға дейін құрама қатарында жақсы өнер көр­­сетсем де, мені жайдан жай ұлттық ко­ман­­даға қабылдап, жарысқа алып кете сал­май­ды. Сондықтан Рабат пен Мадридте өте­тін Премьер-лига кезеңдеріне қатысып, өз-өзімді дәлелдеуім керек болды. Сөйтіп, қы­зыма алты ай толған кезде жарысқа шық­тым. Оның алдында ешбір жаттығу жиын­да­­­рына бармай, өз бетімше жаттықтым. «Кө­рейін. Егер бұл жарыстарда нәтиже шы­ғар­сам, ары қарай басты жарыс – Азия ойын­дарына да ілініп қалармын» деп ой­ла­дым. Сөздің шыны керек, мені бала босанған соң, тез арада өз бабына келеді деп ешкім ойла­ған жоқ.

Алайда Премьер-лиганың финалына шық­қанымда ағайлардың менің бабымда жүр­геніне көзі жетіп, Азия ойындарына қа­тыстыру туралы шешім қабылдады. Біле біл­сеңіз, құрамада бәсеке мықты. Командада Азия ойындарына баруға лайық қыздар же­терлік. Негізі, біз барлық жарыста бес салмақ бойын­ша сынға түсеміз. Ал Азия ойындарына тек төрт салмақ дәрежесінде өнер көрсететін ка­ратэшілер қатыса алады. Бір салмақ бойын­ша жаттыққандар жарыстан тыс қа­лады. Мен спортқа қайта оралып, өз-өзімді көр­сетпесем, менің салмағымды «тастап» кетуі мүмкін еді. Одан бөлек те, жоғарыда ай­тып өткенімдей, іште бір өкініш қалып кет­ті. «15 жыл спортта жүрген қалайша еш­теңе жұлып кете алмаймын?», «Олимпиадаға баруын бардым, бірақ орын ала алмадым. Енді басқа ірі жарыстарда топ жармай қалай спортпен қош айтысамын?» деген ой маза бермей қойды. 

– Сөзіңізге қарасам, сіз әлем чемпио­на­тына емес, Азия ойындарына басым­дық бергенге ұқсайсыз?

– Иә. Әлем чемпионатына барып, ешкім ал­­­маған жүлдені мен аламын деп ойлаған жоқ­пын. Мұндай жетістікке қол жеткізу үш ұйық­тасам да түсіме кірмепті. Азия ойын­да­ры төрт жылда бір рет өтетіндіктен, атлет­тер сон­да топ жаруға барын са­лады. Мен биыл Ханч­жоуда өткен Азия ойын­дарында күміс жүлдені еншіледім. Со­сын арада бір ай өтер-өтпес уақытта әлем чем­пионатына қатысу ба­қыты бұйырды. Алай­да жоғарыда айт­қа­нымдай, бұл жарыста ал­тын медаль иеле­не­мін деп еш ойлама­ған­мын. Ондай мақсат бол­ған жоқ. Жалпы, бо­санғалы бері үлкен бес жарысқа қатысып­пын. Сол бес жарыстың бесеуінен де жол­да­сым екеуіміз жүлдесіз қайтпаппыз.

– Сәбиіңіздің ризық-несібесі...

– Иә, мен де солай айтамын.

«Күйеуім мен финалға шыққан кезде жылады»

– Кеше сұхбатыңызда «Құрамаға түс­­кен үш жүлденің екеуі – біздің отба­сы­мыздан» деп айтып қалдыңыз. Каратэ­ден ұлттық құраманың мүшесі, Азия ойын­дарының бірнеше мәрте жүлде­гері, кеше сіз жеңімпаз атанған әлем чем­пионатында қола жүлдені иеленген Ди­дар Әмірәлі екеуіңіз ерлі-зайыпты екен­деріңізді көпшілік біле бермейді екен.

– Иә, кеше бір жиында «Күйеуіңіз қайда?» деп сұрайды. Дидарды көрсетсем, таңғалып жа­тыр. Әлем чемпионатына тыңғылықты дайын­далған Дидар маған қарағанда биік мақ­сат қойды. Ол жарыстан жарысқа қаты­сып, жаттығу жиындарына барып, үй көр­мей жүр­ді. Қызымды дүниеге әкелген сәтте ғана қа­сымда болды, ал қалған уақытта сырт­­­та жү­ріп, ұлттық құрамамен бірге дайын­­дық жұ­­­мыстарын жүргізді. Жолдасым Азия ойын­дары мен әлем чемпионатында топ жа­ру­ды қатты қалады. Жалпы, оның сал­­ма­ғын­да (67 келіге дейін) бә­секе көркі қы­зып тұр. Әрі қатысу­шы саны да көп. Дей­тұрғанмен әлемнің түп­кір-түп­кірінен кел­ген 80-ге жуық спорт­шының ара­сы­­нан қола жүлдені жұ­лып алып, жеңіс тұғырына көтерілу оңай емес. Оған қа­зір тіпті де оңай­ға соқ­пай­ды. Өйт­кені мен жаттығу жиын­да­ры мен сайыс­қа ке­тіп қал­ғанда, қызым­ды қат­ты сағынып, жы­лай­мын. Ол мені жұбату­мен әлек болады. Өзін ой­ла­май, мені ойлап жүреді. 

– Будапешт татамиінде екеуі­ңіз бір күн­де жарысқа шық­тыңыздар ма?

– Иә. Үшінші орын үшін талас таңер­тең бо­лады. Ал финал түстен кейін өткізіледі. Күйе­уім үшінші орынды алғанын көрген кез­де, көңілім орнына түсіп, жаным жай тап­қандай күйде болдым. Сосын еш уайым­сыз финалға дайындалдым. Жал­пы, сол күні мен өзім­ді емес, күйеуім­ді қатты уайым­да­дым. Ал күйеуім өзін ойлағанның орнына, «Бұл – тарих!» деп ме­нің финалға іркілмей шық­қанымды уайымдап жүр. Екеуіміз солай бір-бірімізді уайымдап жүреміз (күліп). Ол тіпті мен финалға шыққан кезде жылағаны бар. Мен өз-өзіме келе алмай, финалдың маңы­зын түсіне алмай жатсам, күйеуімнің жа­нары жасқа толып, толғанып жүр (күліп). Оның бұлай жылағанын өмірімде екі-ақ рет көр­дім. 2020 жылы пандемия кезінде енем коро­навирус жұқтырып, ауырып қалған бола­тын. Сол кезде күйеуім анасының дауы­сын естіген бойда жылап жіберген еді. Содан соң жылағанын Будапештте мен финалға шық­қан кезде көріп тұрмын. Татамиге шық­қан кезде трибунадан қарап отырғанын көр­дім. Кездесу аяқталған соң, астыға түс­сем, төбесі көкке бір елі жетпей мені күтіп тұр екен. Бір жағынан күйеуің­мен бір спорт­та, бір командада өнер көрсеткен оңайырақ. Екеуіміз бір-бірімізді қолдап, демеп жүре­міз. Алайда жарыстарға барғанда қасымызда қы­зымыз болмаған соң кейде қиынға соғып жата­ды. Сондайда «ең құры­ған­да бір­еуіміз үйде оның қасында бол­сақ қой» деп уайым­даймыз.

«Алтын медальдің жартысы қайынапамның, қалған жартысы қызымның үлесі»

– «Қызым алты айға тол­ғанда жарыс­қа шықтым» деп қалдыңыз. Сонда жат­тығу жұ­мыстарын одан да ерте бас­таған бо­лып тұрсыз ғой?

– Иә. Қызым екі айлық болғанда жат­тығу жұ­мыстарына кірістім. Қайынатам бапкер болып жұмыс істейді. Енем де жұмыста. Олар жұмыстан кешкі бесте келеді. Баламен үйде отырғандықтан, шаршайсың. Ұйқы қысады. Демалғың келеді. Оған қоса, әлі өз қалпыма келмегенмін. Ал кеш­кі сағат алтыда жаттығу залына бару ке­рек. Сол кезде сенде таңдау тұрады: Бала­ны енеңе беріп, ұйықтайсың немесе жаттығу залына барасың. Қарап тұрсам, сол уақытта екі айлық баламды үйге қалдырып, жаттығу залына жетелеп апарған іштегі мақсат қой. Қызым алты айға толғанша, солай кешкі уақытта барып жаттығып жүрдім. Алты айдан соң алғашқы жарысыма бардым. Кейде енем жұмыстан шыға алмай қалса, жат­тығу залына алып кетемін. Атасы сыртта қарап жүреді, ал жолдасым екеуіміз залда жаттығамыз. Ал жарысқа кетер кезде, кімнің қолы бос, сол кісіге табыстап кетемін. Көп жағ­дай күйеуімнің өзінен үш жас үлкен әпке­сі Әйгерім қарайласады. Әйгерім қызым­ның екінші анасындай болып кетті. Ол Алма­тыда тұрады. Жұмысы бар. Сонда да біре­се еңбек демалысына шығып, біресе сырқатына байланысты демалыс алып, енді бірде еңбекақы сақталмайтын демалысқа шығып, Қонаевта тұратын бізге келіп, қызымызды бағып-қағады. «Барып келіңдер. Жолдарыңнан қалмаңдар» деп үнемі бізді қолдап отырады. Сондықтан мына алтын медальдің жартысы қайынапамның, қалған жартысы қызымның үлесі деп білемін. 

– Жаңылыспасам, жолдасыңыз Ди­дар мен күміс жүлде иеленген Қайсар Ал­пысбай үшін де бұл әлем бірінші­лі­гінің бірінші жүлдесі ғой, иә?

– Иә. Мен, Дидар және Қайсар үшеуіміз де алғаш рет әлем біріншілігінде топ жарып тұрмыз. Бұл – біздің құрама қатысып тұрған үшінші әлем чемпионаты. Екі жыл сайын өтетін әлем чемпионатына екі рет барып ала алмаған жүлделерімізді үшінші барғаны­мызда алып қайттық. Мен 2018 жылы Мад­ридте өткен әлем чемпионатында жетінші, ал одан кейін  Дубайда өткен біріншілікте бесінші орынға табан тірегенмін. Негізі мен үнемі медальға бір табан жақын қалғанда сүрініп қалатын едім. Мысалы, Дубайдағы әлем чемпионатының жартылай финалында жеңіп тұрып, кездесудің аяқталуына небәрі екі секунд қалғанда ұтылып қалғанмын. Сондықтан бұл маған бұйырмай жүрген жүлде еді.

– Каратэ спортын тұңғыш рет 2020 жылы өткен Токио Олимпиадасының ойын бағдарламасына енгізгенімен, кейін келесі Олимпиадалардан алып тастау қауіпі бар екені айтылды. Биыл қыр­күйек айында Халықаралық Олим­пиа­далық комитеттің отырысында ка­ратэ спортының Олимпиада бағ­дар­ла­ма­сынан нақты алынып тастал­ғаны бел­­­гілі болды. Сіздер бұл жаңалықты қа­лай қа­был­дадыңыздар?

– Бұл шешімге таңғалдық деп айта ал­май­тын. Себебі біз оған дейін жағдайдың мән-жайын білдік. Шамамен қандай шешім шы­ғатынын біліп отырдық. Дейтұрғанмен «Мүм­кін қалдырар» деген титтей үміт болма­ды емес, болды. Қазір алынып тасталғанымен, түбі ойын бағдарламасына кіретінін білемін. Ал­дағы екі Олимпиада болмаса да, одан кейін­гі ойындарға кіріктірілетіні анық. Құ­дай қаласа, ол ойындарға менің қызым қа­ты­сып, ел намысын қорғайтын шығар. 

– Алдағы жоспар қандай?

– Биыл жарысқа ерте араласқан себебім – келесі жылы мұндай ірі жарыстар бол­май­тынын білдім. Егер спортқа келесі жылы орал­ғанымда, тек Азия чемпионатына қаты­са алар едім. Сондықтан биыл бәсі биік, маңыз­ды жарыстарды абыроймен алып шық­тым деп айта аламын. Ендігі кезекте жа­рақаттарымызды емдеп, денсау­лы­ғы­мыз­ды жақсартуды көздеп отырмыз. Келесі жы­лы Азия чемпионаты, жабық Азия ойын­дары өткізіледі. Сол жарыстарға дайындық жұ­мыстарын бастаймыз. Негізі, келесі жыл­дың басты додасы Олимпиада ғой. Әлбетте, Олимпиада ойындарына қатысып, ондағы ат­мосфераны көріп қайтқанға не жетсін?! Мы­салы, мен күйеуімнің төртжылдықтың бас­­ты додасында бақ сынап, ондағы атмос­фе­­раны өз көзімен көріп қайтқанын қа­лай­мын. Нағыз атлетке ештеңе тұсау бол­майды. Егер спортшы Олимпиадаға қатты барғысы келсе, олимпиадалық спортқа ауысып та ке­­те алады. Сондықтан каратэшілер Олим­пиа­даға қатыспаса, мұнымен шаруа бітті деуге келмес. Дегенмен біз үшін Азия ойын­да­ры мен әлем чемпионаты басты жарыс саналатынын тағы еске салғым келеді.

– Әлем чемпионатының алтын ме­далі Олимпиаданікімен пара-пар дейсіз ғой.

– Әлбетте! Бұрын әлем чемпионатында жүл­де алу бізге арман еді ғой. Өзге елден кел­ген қарсыластарымыз жеңіс тұғырына кө­теріліп, медаль алып жатса, «Қандай күш­ті!» деп тамсанып, қарап тұратынбыз. Ал биыл қоржынға үш бірдей жүлденің са­лынуы Қазақстан спортының өскенін көр­сетеді. Мысалы, бұл чемпионатта қола жүл­дені қанжығасына байлаған менің күйе­уім бұл медальді иеленгеніне көңілі толмады. «Финалға шығатын спортшы едім. Өзім дұрыс істемедім» деп өз-өзіне ашуланып жүр­ді. Мен де Ханчжоуда өткен Азия ойын­дарында да күміс жүлдені қанағат тұтқан кезде «Алтын жүлде алатындай әлеуетім бар еді ғой» деп бармақ тістегенім бар. Бұл елі­мізде бұл спорттың өскенін, бәсекенің арта түс­кенін білдіреді. Қазір біздің каратэшілер бар­лық салмақ бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Каратэ Жапониядан шығып, онда қарқынды дамығандықтан, жарысқа барғанда бапкерлер «Бірінші жапондыққа қар­сы шығасың» десе, «Ұтылып қалатын бол­дық» деп уайымдап, бойымызды үрей би­леп, қорқақтайтын едік. Ал қазір, кері­сінше «Қазақстан» десе, бәрі қорқады. Бұл анық көрініп тұрады.

– Тағы да жеңісіңіз құтты болсын! Әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары