Астанада «Қауіпсіз жанұя» акциясы өтіп жатыр

Елордалық ТЖД жеке тұрғын үй секторында өрттің алдын алуға бағытталған жұмысты тұрақты негізде жүргізеді.

Астанада «Қауіпсіз жанұя» акциясы өтіп жатыр
gov.kz
873

Астанада жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Қауіпсіз жанұя» ауқымды акциясы өтіп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Құтқарушылар, еріктілер, полицейлер, жергілікті атқарушы органның және әлеуметтік қорғау саласының өкілдері жер үйлерді аралап, түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр.

Елордалық ТЖД жеке тұрғын үй секторында өрттің алдын алуға бағытталған жұмысты тұрақты негізде жүргізеді. Аралау нәтижесінде тұрғын үйлердегі жылу жүйесіндегі, электр желілері мен жабдықтардағы кемшіліктер анықталады.

«Осындай кемшіліктерге байланысты өрттер мен адамдардың өміріне қауіп төнеді. Астанада жыл басынан бері жеке үйлерде 159 өрт болып, 3 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алды. Елорда әкімдігінің қолдауымен біз жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында акция өткіземіз. Аяз басталғанға дейін жеке үйлерде тұратын қала тұрғындарымен профилактикалық жұмыстарды барынша жүргізу үшін үш күндік курстан өттік», - деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ажар Рүстемова.

Сарыарқа ауданы ТЖ басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Асқар Қасымов бұл іс-шараның міндеті Сарыарқа ауданында орналасқан жеке үйлерге бару және халықпен профилактикалық жұмыстар жүргізу екенін айтты.

«Басты назар жылыту пештері мен электр жабдықтарына аударылады, өйткені олар негізінен өрттің себебі болып саналады. Акция барысында өрт қауіпсіздігі шаралары туралы жадынамалар түрінде баспа материалы таратылады. Біз халықтың әлеуметтік осал топтарына: көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше назар аударамыз. Біз оларға көміртегі тотығы датчиктерін тегін орнатамыз. Біздің аудан аумағында осы санаттағы 204 отбасы тұрады. Өткен жылы біз 170-тен астам датчик орнаттық, биыл 59 құрылғы қойдық», - деді Асқар Қасымов.

Акция барысында Сарыарқа ауданының жеке тұрғын секторындағы азаматтарға өрт кезіндегі іс-қимылдар, электр желілері мен аспаптарды, жылыту жүйелерін қолдану, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды анықтау, улы газ датчиктерін орнату бойынша түсіндіру-алдын алу жұмысы жүргізілді.

«Мен адамдардың қауіпсіз болғанын қалаймын. Ол үшін жадынамаларды таратудан бастап, датчиктерді орнатумен аяқталатын көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл адам өмірін сақтауға көмектеседі. ТЖД мәліметтері бойынша өткен жылыту кезеңінде оннан астам адам құтқарылды. Біз үшін мұндай іс-шаралар сабақ болып саналады, өйткені біз азаматтардың қалай өмір сүретінін көріп жүрміз және бұл ақпарат әлеуметтік осал отбасылардың тұрмыстық мәселелерін шешуге жәрдемдесу үшін көмектеседі», - деді елорданың тұрғын үй басқармасының өкілі Қайыржан Қуанышбаев.

Елордалық ерікті Дэвид Шарипов мұндай акцияларға бірнеше жылдан бері қатысып келеді.

«Волонтерлік қызметте мен екі жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрмін. Биылдың өзінде 40 акцияға қатыстым. Бұл моральдық тұрғыдан өте қиын, өйткені тіпті азық-түлікке де мұқтаж отбасылардың жағдайын көреміз. Оларға мүмкіндігінше азық-түлік сатып апаруға тырысамын», - деп бөлісті ерікті.

Жер үйлердің бірінде елордалық Альбина Жұмағұлова 13 жылдан бері тұрып келеді.

«Менің төрт балам бар, олардың үшеуі – колледжде, ал кішісі – 3 жаста. Жылыту маусымы кезінде отбасымызда ешқандай қиындық болмайтынына сенімді болғым келеді, сондықтан біз көміртегі тотығы датчигін орнатқанымызға қуанып отырмыз. Көміртегі тотығының иісі мен түсі жоқ екенін бәріміз білеміз, ал сенсор оның ауадағы құрамынан аса бастағанда іске қосылады. Енді тыныш ұйықтай алатын болдық», - деп бөлісті Сарыарқа ауданының тұрғыны.

Естеріңізге сала кетейік, жергілікті атқарушы органдар елорданың ТЖД-мен бірлесіп жылыту кезеңінде өрт санын азайтуға ықпал ететін тұрақты негізде алдын алу шараларын жүргізуде.

 

Серіктес жаңалықтары