Ақтөбе облысында ауыл тұрғынының 130 бас жылқысы жоғалған

Жәбірленуші залалдың көлемін 65 млн теңгеге бағалады

Ақтөбе облысында ауыл тұрғынының 130 бас жылқысы жоғалған
polisia.kz
9682

Ақтөбе полицейлері ауыл тұрғынына құны 65 млн теңге болатын жоғалған малын тауып берді, деп хабарлады turkystan.kz полицияға сілтеме жасап.

Мәлімет бойынша, биыл 31 қазанда Қарғалы ауданының полиция бөліміне 76 жастағы ауыл тұрғынынан 130 бас жылқының жоғалғаны туралы арыз түскен. Жәбірленуші залалдың көлемін 65 млн теңгеге бағалады.

Жәбірленушінің арызы тіркеліп, залал көлемінің аса ірі екенін ескере отырып, ҚР ҚК-нің 188-бабының 4-бөлігі («Ұрлық)» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысты ашу және жоғалған жылқыларды іздеу үшін полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдады, – делінген хабарламада.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тәртіп сақшылары Қарғалы ауданында ғана емес, облыстың көрші аудандарында да іздестіру шараларын іске асырды. Үш тәулік ішінде бес көлікпен 15 полиция қызметкері малды іздеуге жұмылдырылды. Үш күннен кейін жоғалған мал шаруашылықтан 60 шақырым жерде табылып, ұрлықтың жасалмағаны анықталды. Осыған байланысты тергеу тоқтатылды.

Жыл басынан бері мал ұрлығының 42 дерегі тіркелді, алайда жартысынан көбі мал ұрлығының жасалмағанына байланысты қылмыстық істер тоқтатылды. Алайда барлық фактілер бойынша іздеу жұмыстары жүргізілді.

Бұл жағдайлардың басты себебі – иелерінің малға немқұрайды қарауында. Полицейлер малды орталықтандырылған жайылымдарда жаюды ұйымдастыру қажеттігін тағы да ескертеді.

 

Серіктес жаңалықтары