«9-20-25» ипотекалық бағдарламасы: «Бәйтерек» холдингі мен «Отбасы банк» жауап берді

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жалғасады.

«9-20-25» ипотекалық бағдарламасы: «Бәйтерек» холдингі мен «Отбасы банк» жауап берді
shutterstock.com
1388

Ел арасында Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылатыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлады Turkystan.kz.

«9-20-25» деп аталатын жаңа ипотекалық бағдарламаның операторы «Бәйтерек» холдингі мен «Отбасы банкі» екені айтылды. Сонымен қатар бұл бағдарлама осыған дейінгі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын алмастырады делінді.

Былтыр шілде айында халыққа «12-20-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасы таныстырылды.

«Жаңа ипотеканың жақсы жағы мынада. Біріншіден, берілетін сома әжептәуір үлкен. 35 млн теңгеге дейін. Үстіне ақша қосып, қалаған үйіңізді алуға болады. Екіншіден, салынып жатқан үйдің өзін үлеске қатысу арқылы алуға, сол арқылы арзан бағамен үй алуыңызға болады. Ондай үйлерді  Қазақстан Тұрғын үй компаниясында кепілдік тұрған құрылыстан табасыз», – деген болатын сол кезде Құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.

Бұл бастама туралы «Бәйтерек» ҰБХ сол бұрынғы басқарма төрағасы Қанат Шалапаев сөз қозғаған.

Ол: «Зейнетақы жинақтарының тұрғын үйге жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуіне және келесі жылы «7-20-25» бағдарламасының аяқталуына байланысты 500 млрд теңге ипотекаға немесе 35 мың пәтерге деген сұраныстың төмен болуы болжанып отыр. Жеке құрылыс салушылардың коммерциялық тұрғын үйді сату жылдамдығы айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Сұраныстың өтелмеуіне жол бермеу мақсатында халық үшін екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылады», – дегенді алға тартқан.

Бұл бастама аяқсыз қалды. Себебі «7-20-25» бағдарламасы арқылы алған үйдің қарызын әупірімдеп жауып жүрген жұрт «12-20-20» дегенді естігенде үдере түрегелді.

Сөз басындағы «9-20-25» бағдарламасына оралатын болсақ, ақпарат жалған болып шықты. Мұндай бағдарлама жоқ екен.

Осыған қатысты «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі: «Бәйтерек» бұл ақпаратты растамайды, – десе, «Отбасы банкі» АҚ баспасөз қызметі: «Отбасы банкі» мәліметті растамайды әрі банкте мұндай бағдарлама жоқ екенін хабарлайды, – деп мәлімдеді. 

Серіктес жаңалықтары