Еліміздің екі өңірінде «телефон террористері» ұсталды

Павлодар облысы Полиция департаментінің 102 пультіне қала тұрғындарының бірі қоңырау шалып, облыс орталығындағы үйлердің біріне бомба қойылғанын айтқан.

Еліміздің екі өңірінде «телефон террористері» ұсталды
Фото: Polisia.kz
1154

Қызылорда және Павлодар облыстарында телефон террористері құрықталды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

 5 қарашада кешкі уақытта Қызылорда облысы Полиция департаментінің 102 пультіне ұялы телефоннан белгісіз адам қоңырау шалып, кенттердің біріндегі үйлер арасында жарылғыш зат жасырылғанын хабарлады. Оқиға орнына арнаулы және құқық қорғау органдарының мамандары жұмылдырылды.

«Техниктер мен кинолог мамандар жүргізген тексеру кезінде жарылғыш заттың жоқ екені анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полицейлер 39 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Белгілі болғандай, ер адам анасымен жанжалдасып, анасы үйінен кетіп қалған. Оны қайтару үшін күдікті мас күйде полицияға қоңырау шалып, бомба туралы жалған хабар берген», – делінген хабарламада.

Павлодар облысында да осыған ұқсас жағдай болды. 6 қарашада таңғы уақытта Павлодар облысы Полиция департаментінің 102 пультіне қала тұрғындарының бірі қоңырау шалып, облыс орталығындағы үйлердің біріне бомба қойылғанын айтқан.

«Ақпарат расталмады. Тәртіп сақшылары 28 жастағы күдіктіні тез арада анықтап, құрықтады. Ер адам мас күйде болғаны белгілі болды. Екі факті бойынша да Қылмыстық кодекстің 273-бабымен қылмыстық іс қозғалды (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау).  Тергеу жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

 

 

 

 

 

Серіктес жаңалықтары