Кеңсай зиратындағы халық әртістерінің қабірі тоналды

Ұрылар ұлылар жатқан Кеңсай зиратына да қол салды.

Кеңсай зиратындағы халық әртістерінің қабірі тоналды
almaty.tv
910

Мәмбетов пен Жұбанованың бейітін тонағандарды ұстауға Алматы полициясы бар күшін жұмылдырды. Қола құлыншақтың жоғалуына байланысты қозғалған қылмыстық іс ІІМ бақылауында, деп хабарлады turkystan.kz.

«Алматы» арнасының мәліметінше, бірнеше күн бұрын атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов пен композитор Ғазиза Жұбанованың немерелері марқұмдардың қабіріндегі ескерткіштің жоғалғанын хабарлаған. 

100 гектарды алып жатқан Кеңсай зиратында бұған дейін де ұрлық болған. Бұл жолы қарақшылар халық әртістерінің қабірін тонап кетті. Қылмыс қашан жасалғаны әзірге белгісіз. Бірақ бұл әрекет режиссер Әзірбайжан Мәмбетов пен композитор Ғазиза Жұбанованың немерелері дабыл қаққанда ғана мәлім болды.

Марқұмдарға Құран бағыштауға келгенде бейіттегі қоладан құйылған құлыншақ көрінбеген.

Тоналған қабірде ерлі-зайыпты Мәмбетов пен Жұбанова және олардың 3 жасында көз жұмған Ахан есімді ұлы жерленген. Марқұмның туыстары бұл бейіт бұрын да тоналып еді дейді. Ол кезде құлыншаққа тимеген, алайда марқұмдардың тас ескерткішін сыпырып кеткен. Бұл деректі зират күзетшілері де жасырмады.  

«Иә, ол кезде ұрыларды таппады. Өздері қалпына келтірді. Біз ол күні ештеңе байқамадық, кейін ұрлық болғанын білдік. Жан-жақтың бәрі ашық. Осы жерде ғана қоршау бар. Артқы жақтың бәрі үйлер. Кез келген адам кіре алады», – деді зират күзетшісі Жасұлан Ордахан.

Кеңсайды 10-нан астам адам күзетеді. Алайда бүгін көбі көрінбеді, оларды полиция сұрақ-жауап алуға шақырып алыпты. Қазір оқиғаға қатысты ауқымды тергеу жүріп жатқан көрінеді.

«Бірінші кезекте түрлі-түсті металды қабылдау орындары тексерілуде. Қаладағы осындай 144 нысан қаралды. Алматы облысы Талғар ауданындағы 15 жер тексерілген болатын», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Тарихта қалған кісілердің қабірін тонағандар ұсталса, оңай құтылмайын деп тұр. Олардың бұл әрекетіне қылмыстық іс қозғалып қойған. Құзырлы орган өкілдері мұндай ұрлық үшін кем дегенде 3 жылға бас бостандығынан айыратынын мәлімдеді.

 

Серіктес жаңалықтары