Астана мен оның айналасында ерекше экологиялық қолайлы жағдай жасалуға тиіс – депутат

Айна Мысырәлімова ірі өндіріс маңында тұратын азаматтардың наразылығы артып келе жатқанын айтып, мәселе көтерді.

Астана мен оның айналасында ерекше экологиялық қолайлы жағдай жасалуға тиіс – депутат
сурет: «Astana Innovations»
1194

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айна Мысырәлімова ірі өндіріс маңында тұратын азаматтардың наразылығы артып келе жатқанын айтып, мәселе көтерді.

Халық экологияның нашарлауына және денсаулыққа зиян келтіретініне шағымданады. Үкіметке технологиялық және экологиялық жағдайды денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін шешуші шаралар қабылдау тапсырылды. Осы мәселелердің шешілуі - «AMANAT» партиясының да бақылауында. Бүгінгі таңда елді мекендерге жақын карьерлердің қызметі, бұл үшін жайылымдық жерлерді, су айдындарын немесе жерасты сулары кен орындарының шекараларын пайдалану мәселелері елдік проблема болып табылады. Әсіресе, бұл мәселе елордамыз – Астана қаласы мен оның маңындағы аймаққа қатысты, оның айналасында ерекше экологиялық қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс.

Қоршаған ортаның жай-күйі және ҚР Табиғи ресурстарын пайдалану туралы Ұлттық баяндаманың деректері бойынша 2021 жылы республика бойынша барлау мен өндіруге 1900 лицензия берілді. Тек Ақмола облысының аумағында 175 келісімшарт жұмыс істейді, олардың едәуір үлесі елордалық өңірлерге тиесілі.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне сәйкес кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиялар беруді, жер қойнауын пайдаланушылардың алған міндеттемелерін орындауына мониторингті, бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Бұл ретте лицензиялар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеушісі болып табылатын мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасымен айқындалатын аумақтар бойынша беріледі. Жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтаумен және жолын кесумен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары, сондай-ақ ішкі істер органдары айналысады.

Қажетті құзыреттер жүктелген мемлекеттік органдардың болуына қарамастан, пайдалы қазбаларды өндіруді бақылау Кодексті енгізген сәттен бастап жүргізілмейді, өйткені олардың функциялары толық көлемде берілмеген, сондай-ақ, мамандармен, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелері шешілмеген.

Бүгінгі таңда жер қойнауын заңсыз игеру фактілері жеткілікті. Мысалы, 2021 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылдық округінде жер қойнауын пайдаланушылар тұрғын үйлерден 2 метр қашықтықта орналасқан карьерден тас пен құм өндірумен айналысты. Шығыс Қазақстан облысында алтын өндірушілер Кұлынжон өзенінің арнасын өз бетінше өзгертті. Осыған ұқсас жағдайды бір ай бұрын Ақмола облысы Целиноград ауданы Қаражар ауылының маңында көрдік. Оның айналасында  4 карьер орналасқан. 10-15 жыл бұрын, жергілікті тұрғындар еске түсіргендей, аққулар мен жабайы қаздар ауыл маңындағы көлге ұшып келетін. Бұл ғана емес, өзеннің сағасына қиыршықтас лақтырып, карьерге жол ашқан. «Қара қазушылар» саны артып келеді. Ал олар қалдырған тазартылмаған шұңқырлар Астанадан шығарылатын құрылыс қоқыстарын жинайтын орынға айналған.

Бар проблемаларды шешу үшін Үкіметке

- орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құзыреттерін нақтылау, жер қойнауын пайдаланушыларды тексеру нәтижесінде бұзушылықтар анықталған жағдайда іс-қимылдардың бірыңғай алгоритімін әзірлеуді;

- қатты және кең таралған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруде мемлекеттік бақылауды жүргізу жөніндегі өкілеттіктерді осы уақытқа дейін өңірлік инспекциялар бар жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органдарының құзыретіне қайтаруды;

- Бағдарламаға енгізілетін жер қойнауын пайдалану объектілерінің тізбесін уәкілетті орган жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісуді жүргізуді;

- елордаға жақын орналасқан аудандардың аумағында жер қойнауын пайдалану саласындағы қылмыстық, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша шараларды бақылауды күшейту және қабылдауды қамтамасыз ету. Жаңа лицензиялар ресімделген жағдайда, елордалық аймақта жер қойнауын пайдалану құқығын беруге мораторий белгілеу мәселесін қарауды ұсынамыз.

Серіктес жаңалықтары