Индерде төрт адам суицид жасады
Жыл басынан бері облыста 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған.
Атырау облысының Индер ауданында биыл төртінші адам өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлады turkystan.kz.
AtyrauPress сайтының мәліметінше, марқұмның жасы отызда екен. Ол дарға асылып, қаза тапқан. Мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Полицейлер тергеп-тексеру жұмыстарының нәтижесі қосымша хабарланатын болады деп сендірді.
Айта кетсек, жыл басынан бері облыста 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Өкінішке қарай, соның тоғызына жақындары тарапынан дер кезінде қолұшы берілмеген.
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев facebook парақшасында жазба қалдырған болатын.
«Соңғы кездері Атырау облысында өзіне қол жұмсауға ұмтылған балалар саны артуда. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Биылдың өзінде 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Өкінішке қарай, соның 9-ына жақындары тарапынан дер кезінде қолұшы берілмеген. Қайғымен аяқталған соңғы екі оқиғаны айтайын. Жақында 14 жасар қыз бен 15 жасар ұл бала ата-анасына ренжіп, биіктен секіріп кетті. Бірі көп қабатты үйден, екіншісі көпірден құлаған. Талдау көрсеткендей, көз жұмған балалардың көбі толық, әл-ауқатты отбасыларынан. Алайда, біздің жүргізген зертеулерге сәйкес, мұндай әрекетке ата-анасымен, кейде достарымен сөзге келіспей қалған өтпелі кезеңде жүрген балалар бейім екен. Жақында Білім беру басқармасы жанынан жасөспірімдерді психологиялық қолдау орталығын ашамыз. Онда эмоционалдық тұрақсыздыққа тап болған балаларға әдістемелік қолдау көрсетіледі, арнай call-center іске қосылады. Егер осы жұмысты жүйелеуде ұсыныстарыңыз болса, жаза отырыңыз» деп жазды ол.