Әділдік пен теңдік салтанат құруы үшін саналы ұрпақ тәрбиелеу қажет – Дархан Өте
«Білім-инновация» лицейлері әлемнің үздік заманауи әдістемелеріне жүгінеді.
Бас шаһарда «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының 30 жылдығына арналған республикалық ғылыми конференция өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
«Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында сапалы білім беру жолдары» деген тақырыпты темірқазық тұтқан жиында заманауи білім берудің перспективалық жолдары мен бағыттары талқыланды.
Оқу және ағарту министрлігінің ұйытқы болуымен өткен конференцияға республиканың түкпір-түкпірінен келген білім саласының тәжірибелі мамандары мен сарапшылары қатысты. Олар өзекті мәселелерді ортаға салып, пікір алмасты.
«Биыл «Білім-инновация» ХҚҚ-на 30 жыл толып отыр. Осы 30 жыл ішінде лицейлердің жинақтаған тәжірибесі мен жеткен жетістіктері ең алдымен оқушыларымыздың, ұстаздардың және барша білім беру саласының жанашыр қауымның бірлескен күш-жігерінің нәтижесі. Бүгінгі конференция тақырыбын білім саласындағы перспективаны іске асыру мәселесіне арнауды жөн санадық», – деді «Білім-инновация» ХҚҚ президенті Дархан Өте конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде.
Ол елдің көркеюі мен гүлденуі, әділдік пен теңдіктің салтанат құруы үшін білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу қажет екенін айтты.
Д. Өте «Білім-инновация» лицейлерін мысал ретінде келтіре отырып, 3 тілді білім беру жүйесі оқушылардың білім көкжиегін кеңейтетінін және бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын мәлімдеді.
«Білім-инновация» лицейлері жаратылыстану, математика бағытындағы оқу-әдістемелік құралдарды қолданады. Білім беру ісінде әлемнің үздік заманауи әдістемелеріне жүгінеді. Ал жас мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда менторлық жүйеге ерекше назар аударады», – деді «Білім-инновация» ХҚҚ президенті.
Д. Өте Арыс, Екібастұз, Жаңаөзен сияқты шағын шаһарларда қала мен ауыл мектептеріндегі білім теңсіздігін жою үшін «Білім-инновация» лицейлері ашылғанын айтты.
«Қала мен ауыл мектептеріндегі білім беру теңсіздігін азайту мақсатында «Білім-инновация» лицейлеріне оқушы қабылдаған кезде ауыл мектептерінің оқушыларына арнайы квота беріледі», – деді ол.
Д. Өте қыздарға арналған лицейлердің маңызы зор екенін атап өтті.
«Білім беру саласындағы гендердік теңсіздікті жою үшін бірқатар қалаларда қыздарға арналған лицейлер жұмыс істеп жатыр. Мұнда қыздардың тұлға ретінде дамуына басымдық беріледі», – деп қорытты ойын «Білім-инновация» ХҚҚ президенті.