Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс – Қ.Тоқаев

«AMANAT» партиясы ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болды.

Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс – Қ.Тоқаев
ашық дереккөз
1231

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің қыркүйектегі отырысында елімізде құмар ойынға тәуелділердің қатары көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп, бұл кейбір отбасылар үшін қасіретке айналғанын айтты.

Қ.Тоқаев жастарды құмар ойынының қақпанынан құтқару үшін мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттарына құмар ойындарына қатысты шектеу қою міндетін жүктеді.

«Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының назарын құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстың көбейгеніне аударып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін нақты шара қабылдауды тапсырды.

Президент ойын бизнесі саласындағы қаржылық және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын жандандыру қажет екенін алға тартып: «Барлық қаржы қозғалысын қадағалап, заңға қайшы әрекет анықталған жағдайда тиісті шара қабылдау маңызды», – деді.

Қ. Тоқаев халық арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.

ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты Мәжіліспен өзара іс-қимыл жоспары шеңберінде ойын бизнесі мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Құжат азаматтарды құмар ойынға тәуелділіктен қорғауды, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздеді. Заң жобасы ҚР Қылмыстық кодексіне, «Ойын бизнесі туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы», «Жарнама туралы», «Мәдениет туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтыру енгізуге тиіс болды.

Парламентте «AMANAT» фракциясының депутаттары осы мәселе бойынша дүркін-дүркін сауал жолдап, қоғамдық резонанс туғызды. Партия ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болды.

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында құмар ойыны нарығы жылжымайтын мүлік нарығынан 2 есе асып түскені, еліміздің 350 мың тұрғыны құмар ойыны тәуелді екені жарияланды.

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов лудомания қоғамға да, адамға да қауіп төндіретін кесел екенін жеткізіп, партия ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болғанын мәлімддеі.

«Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре бастады. Лудомания – ХХІ ғасырдың дерті. Миллиондаған адам құмар ойындардан зардап шегеді. Бүгінде бәс тігу мектеп қабырғасынан басталып жатыр. Барлық ойын онлайн, жұртшылыққа қолжетімді. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл тақырыпты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көтеріп, құмар ойындарды шектеуге қатысты міндет қойды. Енді депутаттар мұны заң жүзінде бекітуі керек», – деді Е.Қошанов.

2021 жылдан бері 17 букмекерлік кеңсе өз еркімен лицензиясын қайтарған  Ойын бизнесі субъектілерінің саны 2 есеге, 71-ден 28-ге дейін қысқар.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтің мәлімдеуінше, биыл интернет-казинолардың қызметі мен жарнамасын шектеу мақсатында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 7 мыңға жуық интернет-ресурс пен заңсыз материалдардың сілтемесі бұғатталды. Ел аумағында ойын бизнесімен айналысуға рұқсат ететін 28 лицензия берілді. Оның ішінде 5 казино, 8 ойын автоматтары залы, 13 букмекерлік кеңсе және 2 тотализатор бар.

«AMANAT» партиясы депутаттарының мемлекеттік органдардың лудоманиямен және заңсыз ойын бизнесімен күрес жөніндегі жұмысына көңілі толмайды. Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршин: «Үкімет ойын бизнесін ұйымдастырушылар мен олардың лоббистеріне қатысты қандай да бір нақты шешім қабылдап жатқанын көрмей отырмыз. Букмекерлік кеңселер интернеттегі және БАҚ-тағы жарнамаға миллиардтаған теңге қаражат құяды. Әлеуметтік желі букмекерлік кеңселердің жарнамасына толы. Одан қалса, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары бұл саланы дамытуға дайын. Сондықтан «AMANAT» партиясы бастамашылық еткен заң жобасын барынша тезірек қабылдауымыз керек», – деді.

Айта кетейік, құмар ойынның кесірінен 10 отбасының 7-і шаңырағын шайқалтып жатыр. Өткен жылы елімізде 3 676 адам суицид жасаған. Әрбір бесінші қайғылы оқиғаға лудомания себеп болған.

«AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттарға жаңа заң жобасының аса маңызды нормалары туралы ақпарат берді. Оның дерегінше, 2 кодекске, 7 заңға 50-ден астам түзету әзірленген.

Атап айтқанда, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылады. Заңды тұлғалар рұқсат етілген жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады. Көшелерде, интернетте және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі. Бұдан бөлек лотоматикалық машиналарды елге әкелуге, тұрғын үйлерде, дүкендерде, медициналық және білім беру мекемелерінде орнатуға тыйым салу ұсынылады. Құмар ойын ойнауға болатын жас шегі 25 жасқа дейін өседі.

Жиын қорытындысында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов заң жобасын халықпен, мүдделі мемлекеттік органдармен талқылау қажеттігіне назар аударып, құжатты уақыт оздырмай қабылдауды ұсынды.

Ұсынылған заң жобасы төмендегіні көздейді:

1. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын шектеу, атап айтқанда – ғимараттарда, құрылыстарда және көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салу, БАҚ-та, интернет - ресурстарда, теледидар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамаға тыйым салу.

2. 21 жасқа дейінгі адамдарды, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға шектелген адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге тартқаны және жібергені үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу.

3. Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салуды белгілеу.

4. Интернет-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу.

5. Балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салу.

6. Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу.

7. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндетін белгілеу.

Серіктес жаңалықтары