Экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды

Ішкі істер министрлігі оқиғаға қатысты түсінік берді.

Экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды
Фото: aigak.kz
1980

Әлеуметтік желіде бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін мейрамханада ұрып өлтірді деген ақпарат тарады, деп хабарлады turkystan.kz.

Қ.Бишімбаев адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтірді деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Белгілі болғандай, оның төрт баласы бар: үш ұл, бір қыз.

Ішкі істер министрлігі оқиғаға қатысты түсінік берді. 

«Астана қаласының полиция департаментіне қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болғаны, оның салдарынан әйелдің алған жарақатынан көз жұмғаны жайында хабарлама келіп түсті. Күдікті қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында Есіл аудандық ІІБ мен ЖПБ жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы 1992 жылы туған әйелдің қайтыс болғанын растады. Жедел жәрдемге шақырту сағат 19.54-те түскен.

 

Серіктес жаңалықтары