Жол салу кезінде 30-дан астам сақ қорғаны жермен-жексен болған: «AMANAT» мәселені өз бақылауына алды

Республика аумағында 226 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Оның ішінде, республикалық – 1, өңірлік – 20 және аумақтық – 205.

Жол салу кезінде 30-дан астам сақ қорғаны жермен-жексен болған: «AMANAT» мәселені өз бақылауына алды
779

Қазақстандықтарды вандализм және тарихи-мәдени, табиғи ескерткіштерді қасақана жойып жіберу мәселесі алаңдатып отыр. Мәселен, «AMANAT»-қа арнайы келген Талдықорған қаласының экобелсендісі вандалдар сақ қорғандарына нұқсан келтіріп жатқанын және өңірдің құнды тарихи нысандарының маңында өнеркәсіп жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізіп, шағым айтты. Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында партия Хатшысы Руслан Әлішев азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ түрді.

Жетісу облысындағы «Kaz Eco Patrol» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Динара Бәкірова вандалдар мен жеке кәсіпкерлер тарихи және табиғи ескерткіштерге жоспарлы түрде нұқсан келтіріп, жойып жатқанына шағымданды.

«2021 жылы халық арасында «Тасбақа» деп аталатын гранит шатқалына жол салу кезінде 30-дан астам сақ қорғаны қараптан-қарап жермен жексен болғанын анықтадық. Бұл аумақта ондаған қорған мен көптеген петроглиф орналасқан. Шатқал осы күнге дейін зерттелген жоқ. Тіпті, вандалдардан да, гранит өндірушілерден де қорғалмай отыр. Баға жетпес құнды мұра жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ескерткіштердің тарихи және мәдени құндылығына қарамастан, жеке кәсіпорындар лицензия алып, сирек кездесетін диорит материалын өндіруде. Ол үшін түрлі жарылғыш заттар пайдаланылуда. Осыған байланысты, мемлекет ашық аспан астында археологиялық мұражай кешенін құрып, шатқалды өз қамқорлығына алуын сұраймыз», – деді Динара Бәкірова.

Экобелсендінің шағымын тыңдап болғаннан кейін, партия Хатшысы Руслан Әлішев партияның осы бағытта атқарып жатқан жоспарлы жұмысына және өзекті мәселені шешу жолдарына назар аударды.

«Бүгінде партия ел аумағында тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты ескерткіштерді вандалдар қалдырған жазулардан тазарту және қоқыс жинау акциясын өткізіп, осы мәселеге қоғам назарын аударды. Осы мәселе партияның барлық алаңында қарала бастады. Мәселен, Алматы облысында өңірлік партиялық бақылау комиссиясының және экологиялық кеңестің отырысы өтіп, онда «Аққайнар» петроглифтер кешенін қорғау мәселесі қаралды. Сіздің мәселеңізді Жетісу облысындағы партия алаңында талқылауды ұсынамын. Бұл мәселені уәкілетті мемлекеттік органдардың, гранит өндірген және археологиялық қазба жұмысын жүргізген жеке кәсіпорындардың өкілдерін шақыра отырып талқылау қажет», – деді партия Хатшысы.

Сондай-ақ, партияға баласы сирек кездесетін ауруға шалдыққан және оны шетелде қымбат бағаға емдетуге мәжбүр болып отырған қазақстандық ата-ана көмек сұрай келді.

«Қызымыз сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Қазақстанда оны емдеу хаттамасы болмай отыр. Тек шетелде диагноз қойылып, өз қаражатымызға ота жасаттық. Бүлдіршініміз сәулелі және химиялық терапиядан өтті. Қазір дәстүрлі ем қабылдап жатыр. Алайда оның өз – тиімсіз. АҚШ-та өзге пациенттер оң нәтижесін көріп отырған тәжірибелік емдеу шарасы бар. Соған байланысты, баламызды Америкада емдету үшін квота бөлуге және қызымыздың қасында болу үшін медициналық виза рәсімдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді сұраймыз», – деді қыздың әкесі Талғат Алпысов.

Өз кезегінде, партия Хатшысы Руслан Әлішев жағдайды Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы мемлекеттік квота бөлуді қарастыратын арнайы комиссияға жеткізу үшін барлық тиісті медициналық сараптаманы жолдауды ұсынды және мәселені жеке бақылауда ұстауға уәде берді.

Қабылдау барысында жергілікті әкімдіктердің әділетсіз шешіміне және ауылдық елді мекендердегі әлсіз интернетке қатысты шағымдар да тыңдалды. Сонымен қатар, электромобильдерді қуаттандыру инфрақұрылымын дамытуға және ауылды гүлдендіруге қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды.

Еске сала кетейік, республика аумағында 226 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Оның ішінде, республикалық – 1, өңірлік – 20 және аумақтық – 205. Жалпы, биыл партияның қоғамдық қабылдауына 67 мыңға жуық адам жүгініп, 15 мыңнан астам азамат қабылдауға келді. Барлық өтініштің тең жартысы оң шешімін тапты.

 

Серіктес жаңалықтары