Жетісулық жастар «Қызыл тас» пен «Тасбақа» тасты тазалады

«Жастар рухы» вандализмге қарсы экологиялық акция өткізді.

Жетісулық жастар «Қызыл тас» пен «Тасбақа» тасты тазалады
jetisu_jastary
1518

Қазақстанда аялдамаларды аяусыз бүлдіру, көпшілік демалатын қоғамдық орындарды қасақана қирату фактілері көбейіп кетті. Вандалдар архитектуралық композициялар мен ескерткіштерге де қиянат жасап жатыр.

Бассыздық пен бейбастақтыққа тосқауыл қою мақсатында «Жастар Рухы» жастар қанаты құндылықтарды қастерлеу мен қорғауға бағытталған республикалық акцияны жүзеге асыруда.

«Жастар Рухына» топтасқан жетісулық рухтастар «Вандализмге жол жоқ!» деген ұранмен эко-акция өткізді. Ұйымдастырушылар «Алтын Адам Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және еріктілермен бірлесіп, Талдықорған қаласындағы «Қызыл тас» саяжайын қоқыстан тазартты. Бұған қоса ел арасында «Тасбақа» тас аталып кеткен табиғат туындысындағы түрлі шимайлар мен суреттерді өшірді.

Бұған дейін дәл осындай эко-акция Жетісу облысының Панфилов, Кербұлақ, Ескелді, Алакөл аудандары мен Текелі қаласында ұйымдастырылды.

«Қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту сонымен қатар жастардың бойында патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік сезімін  қалыптастыру үшін эко-акцияны тұрақты ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді «Жастар рухы» ЖҚ Жетісу облыстық филиалының белсенділері мен еріктілері.

Естеріңізге салайық, биыл 3 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатта вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкестендірілді.

Құқықбұзушылық үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді.

Заңды белден басқандар ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Серіктес жаңалықтары