248
Мугабе 93 жасын тойлауға 2 млн еуро жұмсады
Мугабе 93 жасын тойлауға 2 млн еуро жұмсады
Зимбабве президенті Роберт Мугабе өзінің 93-ке толған туған күнін дүркіретіп өткізді. Cameroon Concord басылымының хабарлауынша, мерекелік шаралардың барлығы Булавайо қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Матобо табиғи паркінде өткен. Президенттің күнін тойлау шараларына 2 миллион еуро жұмсалған.
Зимбабве басшысын құттықтауға бірнеше мың адам келген. Олардың басым бөлігі Зимбабве африкалық ұлттық одағы партиясының өкілдері. Қонақтарға салмағы 93 келі тартатын торт ұсынылды.
Президент өз туған күніне арналған салтанатты кеште 1 сағаттан астам тоқтамай баяндама оқыған. Ол өзінің 37 жыл бойы елді басқарып келе жатқанын айтып, билікті өлгенше ешкімге бермейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, 2016 жылдың қыркүйегінде Мугабе өзіне арналған ескерткіштің ашылуына қатысқан болатын. Ал, желтоқсанда 2018 жылы өтетін президенттік сайлауға тағы да қатысатынын ресми хабарлады. Оның әйелі болса сайлауға дейін Мугабе қайтыс болса, саяси науқанға оның мәйіті қатысады деп жұрттың жағасын ұстатты. Елді 37 жыл бойы басқарып келе жатқан басшы Зимбабвені кедейліктен құтқарудың орнына, жылдан жылға қарызын ұлғайтып келеді.