Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов қатысады: Астанада Қазақстанның ең мықты боксшылары бас қосатын Спартакиада басталды

Жекпе-жектер олимпиадалық жүйе бойынша өтеді.

Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов қатысады: Астанада Қазақстанның ең мықты боксшылары бас қосатын Спартакиада басталды
ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі
1800

Бүгін Астанадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде бокстан әр төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын ерлер арасындағы Спартакиада басталды, деп хабарлайды turkystan.kz ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байрақты бокс бәсекесінде әлем чемпиондары – Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және барлық өңірден жиналған 250-ден астам былғары қолғап шебері сынға түседі.

Бұл сайысқа Маңғыстау облысының атынан бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов те қатысады.

Жекпе-жектер олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер 13 салмақ (46-48 кг, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг, +92 кг) дәрежесінде жеңімпаздарды анықтайды.

«Алдағы бір апта бойы еліміздің ең мықты боксшылары елорда шаршы алаңында қолғап түйістіріп, жанкүйерлерге тартысты жекпе-жектер ұсынады. Турнир жеңімпаздары келесі жылы өтетін халықаралық ірі жарыстарда ел намысын қорғайтын болғандықтан, әрбір салмақтағы айқастар әділ бағаланып, шын мықты жеңіске жетуге тиіс. Ешқандай бұра тартушылыққа жол берілмеуі керек. Жекпе-жектердің әділ бағалануы үшін елордаға еліміздің және шетелдің ең тәжірибелі деген төрешілері шақырылды. Елорда тұрғындарын және қала қонақтарын боксшыларға қолдау көрсетуге шақырамын», – деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Бүгін 51, 57, 60, 71 келідегі боксшылар сынға түседі. Бокс бәсекесінің барлық жекпе-жегін «Qazsport» телеарнасы күндізгі сағат 12:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді. Финалдық жекпе-жектер 19 қарашаға жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары