Киіктің мүйізін сатуға рұқсат жоқ – облыс әкімі

Батыс Қазақстан облысында киік саны 1 млн 300 мыңға жетті.

Киіктің мүйізін сатуға рұқсат жоқ – облыс әкімі
ашық дереккөз
1200

Батыс Қазақстан облысында 10 мыңнан астам киік ауланды, деп хабарлады Turkystan.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нариман Төреғалиев айтты.

«Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бізде киік саны 1 млн 300 мыңға жетті. Ғалымдардың пайымдауынша, бір киікке бір жылға 15 гектар жер керек екен. Сонда 1 миллион киікке 15 миллион гектар жер керек деген сөз. Бізде бір миллионға жуық ірі қара мал бар. 2 миллионға жақын қой мен ешкі бар, 350 мыңның үстінде жылқы бар. Барлығына жем-шөп керек», – деді БҚО әкімі.

Оның айтуынша, Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктері киік санын реттеуге қатысты нормативтік-құқықтық актілер қабылдады. Бұл іске «Охотзоопром» оператор болып тағайындалды.

«Бүгінде біз 10 мыңның үстінде киік ауладық, 17 бригада жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 15 бригада ату әдісімен, 2 бригада тормен аулайды. «Охотзоопром» 12 мыңға жуық мүйізді кесіп алып, акт жасап, нөмірлеп, әрбір киіктің мүйізін санап алды және арнайы сақтауға қойды. Себебі киіктің мүйізін сатуға рұқсат жоқ. Киік етімен біздің облыста 8 ет комбинаты айналысуда, оның бесеуі біздің облыста және Ақтөбе мен Атырау комбинаттары бар. Осы комбинаттарға әр келісіне 315 теңгеден киік еті жеткізіледі. Қалғанын әрі қарай ет комбинаттары 1200 теңгенің айналасында сатып жатыр», – деді Н.Төреғалиев.

Әкім киік еті мал етіне сұранысты азайтады деген сөзді жоққа шығарды.

«Киіктің етін кез келген адам алмайды. Оны жастардың басым бөлігі білмейді. Бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде киік етін жеген адам болмаса, көпшілігі бейхабар. Сондықтан аса қызығушылық пен сұраныс бар деп айта алмаймын. Қазір киік етіне қатысты инвесторлар келіп жатыр, ет комбинатын салуға қызығушылық танытуда», – деді облыс әкімі.

 

Серіктес жаңалықтары