«Жастар Рухы»: Нашақорлыққа қарсы күрес халықаралық сарапшылар назарында

Оқу орындарындағы есірткімен күрес профилактикасын күшейтіп, жүйелі және ашық түрде шаралар атқарылуы керек.

«Жастар Рухы»: Нашақорлыққа қарсы күрес халықаралық сарапшылар назарында
659

Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікістан, Беларусь елдерінің сарапшылары нашақорлыққа қарсы күрес мәселелерін талқылады.

 «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» Жастар қанатының Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Жастар кеңесіне төрағалық ету шеңберінде өткен бұл жиын бейнеконференция форматында ұйымдастырылды.

Кездесуге Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің жетекшілері мен мүшелері, сондай-ақ нашақорлыққа қарсы күрес мәселелерін зерттеп жүрген сарапшы мамандар қатысты.

«Жастар Рухы» ЖҚ Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс басқармасының жетекшісі Сұлтан Аллабергеновтың айтуынша, қоғамда белең алып жатқан нашақорлық мәселесін ШЫҰ Жастар кеңесіне мүше елдермен бірге талқылап, мұның алдын алу шараларын қарастырудың маңызы зор.

«Біз үшін әр елдің нашақорлыққа қарсы күресудегі тәжірибесін тыңдап, оны жұмыс барысында қолдану маңызды. Сондықтан біз бұл мәселені халықаралық алаңда көтеруді шештік. Шетелдік әріптестер мен сарапшылардың ұсыным-пікірлерін пайдаланып, Жастар қанатының «Есірткіге жол жоқ!» жобасының аясын кеңейту жоспарда бар. Сондай-ақ, 2024 жылы ШЫҰ-на біздің ел төрағалығы кезеңінде аталған мәселені бір рет қана көтеріп қоймай, оны шешу тетіктерін жан-жақты қарастырып, басқа да шетелдік мамандармен тығыз жұмыс жасайтын боламыз», – деп атап өтті Сұлтан Аллабергенов.

Кездесуге қатысқан спикерлер әлемдік медиа-кеңістікте ақпараттың дұрыс таралуы, азаматтарға жас кезінен бастап берілетін бағыт-бағдар, бір орталықтандырылған бақылау орталықтары  жайлы өз ойларын ортаға салды.

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының жаттықтырушы-маманы, бас психиатр, пәкістандық Мохд Амджад бұл мәселенің маңызына тоқталып өтті.

 «Бұл проблемамен күресу үшін жастардың есірткінің зияны туралы хабардар болуы, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетілуі, жастардың білім алуы мен жұмыспен қамтылуына жағдай жасау, сондай-ақ есірткіге тап болғандар үшін тиімді оңалту және қалпына келтіру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмысты қарқынды жалғастыру қажет. Сондай-ақ, жастар арасында есірткінің таралуына ықпал ететін жаңа тенденциялар мен технологиялардың дамуын мұқият бақылау маңызды. Себебі жаңа технологиялар заманында оларға таралатын ақпаратты  басты назарда ұстап, дұрыс бағытта дамуына көңіл аудару керек», – дейді М.Амджад.

Есірткіге тәуелді адамдарға арналған «7Н» бағдарламасының сертификатталған маманы, кеңесші-психолог, аддиктолог Александр Рущук бұл мәселені жүйелеудің жолын ұсынды.

«Нашақорлық – эпидемия. Оқу орындарындағы есірткімен күрес профилактикасын күшейтіп, жүйелі және ашық түрде шаралар атқарылуы керек. Қазір көптеген елде есірткі түрлі бағытта, өте үлкен жылдамдықпен таралып жатыр. Біз білмейтін, ескермеген  көптеген алдын алу шаралары бар. Оңалту орталықтары мен қоғамдық қорлардың жұмысын жүйелеп, қадағалауда ұстайтын арнайы орган керек деп санаймын», – дейді А.Рущук.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидің бастамасымен бейнеконференция режимінде өткен ШЫҰ саммитінде таяудағы 5 жылға есірткіге қарсы стратегиясын қабылдауды ұсынған болатын. Қазақстанның төрағалығы шеңберінде «үш зұлымдық күшімен» – трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы және киберқылмыспен күресу жолға қойылды.

Сонымен қатар, «Жастар Рухы» ЖҚ-ның Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесінің қолдауымен өткен «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагерінде нашақорлыққа қарсы күрес мәселесі қарастырылып, кеңінен талқыланған болатын.

Серіктес жаңалықтары