«Отставкаға өтінім берген жоқпын»: БҚО әкімі қызметінен неге кетпегенін түсіндірді

Әкім орынбасарын қызметтен сотқа дейін босатқанын айтты.

«Отставкаға өтінім берген жоқпын»: БҚО әкімі қызметінен неге кетпегенін түсіндірді
ашық дереккөз
684

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев орынбасары істі болғанда «отставкаға» кетпеуінің себебін түсіндірді, деп хабарлады Turkystan.kz.

Естеріңізге салайық, биыл тамыз айында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Балтаев өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін қызметінен қуылып, жауапқа тартылды.

«Бұл мәселе қалай болды? Әлеуметтік желіде осындай әңгіме болып жатқанын көрдік. Одан кейін орынбасарымды шақырып, осы мәселені анықтадым, қаншалықты дұрыс екенін өзінен сұрадым. Біз комиссия құрдық. Сол комиссия жұмысының қорытындысымен ол өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын мойындап, түсініктеме жазды. Соған байланысты мен оның теріс қылықтары үшін жұмыстан босаттым. Яғни, сотқа дейін», – деді Н. Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкім мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес қарамағындағы орынбасарының  қылмыс жасаған мерзім 3 айдан асып кеткен жағдайда 10 күн ішінде отставкаға өтінім беруім керек екенін мәлімдеді.

«Қылмыс жасалған кезде менің келгеніме 3 ай болған жоқ. Мен 2022 жылдың 2 желтоқсанында тағайындалдым. Яғни ақпан айында менің келгеніме тек 2 ай болған. Ал қылмыс жасалған мерзім 3 айдан асып кетсе, сәуір немесе маусымда болған жағдайда мен отставкаға кетер едім. Сондықтан заңға сәйкес, отставкаға өтінім берген жоқпын. Заң бәрімізге ортақ», – деді Н. Төреғалиев.

Серіктес жаңалықтары