Каспийдің солтүстік бөлігіндегі су қорынан толық айырылып қаламыз ба деген қауіп бар – депутат

Халық және экономика өсімін ескере отырып, Қазақстанда 2040 жылға қарай су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Каспийдің солтүстік бөлігіндегі су қорынан толық айырылып қаламыз ба деген қауіп бар – депутат
649

Өткен аптада «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес мүшелері су ресурстарының сақталуы мен қолжетімділігі мәселесін талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су шаруашылығы жүйесін тиімді дамытудың маңызын атап өткен еді. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бауржан Смағұлов су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы өте өзекті мәселе екенін айтты.

«Биыл еліміздегі су шаруашылығын басқарудың барлық жүйесі реформаланып, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Партияның сайлауалды уәдесін жүзеге асыру аясында су ресурстарын қорғау және қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шара көзделіп отыр. Атап айтқанда: Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су көлемін 2027 жылға қарай 27 текше шақырымға дейін ұлғайту, Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, 8 жаңа су қоймасын салу», – деді ол.

Жуырда Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері Атырау облысына барып, Каспий теңізінің қазіргі жағдайымен танысты. Бүгінде өзендер құрғап, балықтың теңізге барар жолы кесіліп жатыр.

«Теңіз көз алдымызда құрғап барады. Аралдар, жағажайлар, судың таяз жерлері көбейе түсті. 2040-2050 жылдарға қарай Каспийдің солтүстік бөлігіндегі су қорынан толық айырылып қаламыз ба деген қауіп бар. Ондағы орташа тереңдік – небары 3 метр. Ал Ақтау қаласының аумағында теңіз өте терең. Жайық өзенінің теңізге құяр тұсындағы тереңдік 35 сантиметрді ғана құрайды. Мұнай өндіруші компаниялар Қашаған кен орнына дейін алып баратын ұзындығы 80 шақырымдық арна салуды жоспарлап жатыр. Оның үстімен мұнайшыларды керек-жарақпен қамтамасыз ететін табаны үрмелі кемелер өтеді», – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев.

Сондай-ақ, жиын барысында Кеңес мүшелері Сырдария өзенінің арнасы мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу жоспарын талқылады. Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияздың айтуынша, 2016 жылдан бері Арал теңізіндегі жағдай тұрақтала бастады.

«Арал қаласына 16 мың адам оралып, тұрғындар балық аулай бастады. Көкарал бөгетінің арқасында акваторияда балықтың 20-дан астам түрі пайда болды. Балық аулау өнеркәсібінің көрсеткіші жылына 400 келіден 8 мың тоннаға дейін өсті. Оның үштен бірі экспортталып жатыр. Арал теңізінің су өте таза. Ең бастысы, аталған теңіздің солтүстік бөлігі толық жойылып кете ме деген қауіп сейілді», – деді ол.

Сондай-ақ, Болат Бекниязов Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және өңірлік дамыту жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Бұл құжат су инфрақұрылымын және гидрологиялық режимді жақсартуды, Арал теңізінің құрғап қалған тұсында сулы-батпақты орындар құруды, Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су көкжиегін Арал қаласына жақындатуды, жағалау аймағындағы экологиялық жағдайды жақсартуды және тағы басқаны көздейді.

Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысының Жолдауын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын және партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар ұсыным әзірледі.

Серіктес жаңалықтары