Қоғамда қылмысқа төзбеу принципін қатаң орнату керек – депутат

Жастардың арасында құқықтық мәдениет, соның ішінде адамның ар-намысын құрметтеу, адамгершілік құндылықтарға негізделген тәрбиеге баса көңіл бөлу керек.

Қоғамда қылмысқа төзбеу принципін қатаң орнату керек – депутат
parlam.kz
666

Бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Бас прокурор Берік Асылов, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев елде белең алған тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылыққа мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ Президент әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерін батыл түрде жолын кесу туралы тапсырма берді.

Бүгін Мәжіліс отырсында осы мәселені кеңінен қозғаған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қылмысқа мүлде төзбеу принципін қатаң орнату керек екенін айтады.

«Бүгін Мемлекет басшысы салалық ведомство басшыларына заңның үстемдігін және тәртіпті орнату қағидасын іске асыру бойынша нақты тапсырма берді. Мұның бәрі вандализм, әйелдердің құқығын таптау, зорлық-зомбылыққа қарсы күресті қатаңдатумен тікелей байланысты. Жалпы, біз мұны балабақшадан бастап насихаттауымыз қажет. Ең негізгісі – қазір мектепте адамның құқығын қадірлеу сонымен қатар, жастардың бойындағы адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, отбасы институтында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесі өте өзекті. Біз осы мәселелерді басты назарға алуға тиіспіз», – дейді Ж.Сүлейменова.

Сондай-ақ ол мұндай кезде үндемей, «Бізге қатысы жоқ» деген принципті ұстану ағаттық екенін баса айтады.

«Тағы бір негізгі жайт, қоғамда қылмысқа төзбеу принципін қатаң орнату керек. Мысалы, сондай оқиға болып жатса, оны ашып айту керек. Үндемей қалуға болмайды. «Бізге қатысы жоқ» деген принциппен өмір сүретін болсақ, онда қабылданған заң да орындалмайды. Сәйкесінше, зорлық-зомбылық көбейе түседі. Сондықтан қоғамда ең алдымен қылмысқа төзбеу принципінің, заң мен тәртіптің қатаң сақталуы дәріптеліп, насихатталуы қажет. Осыған сәйкес жастардың арасында құқықтық мәдениет, соның ішінде адамның ар-намысын құрметтеу, адамгершілік құндылықтарға негізделген тәрбиеге баса көңіл бөлу керек. Сосын моральдық ұстанымдарды бекіту, жауапкрешілікті күшейту, жазаны қатаңдату және қабылданған заңдардың сапалы орындалуын қадағалау шарт», – дейді депутат.

Серіктес жаңалықтары