Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек – Президент

Бұл өзекті мәселелерді Президент бұған дейін де көтерген болатын. Ол 2021 жылғы 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында жауапты тұлғаларға әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер штатын қалпына келтіруді тапсырған еді.

Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек – Президент
akorda.kz
974

Мемлекет басшысы жауапты мекемелердің басшыларымен кездесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты мәселелермен күресу керек екенін айтты. 

Президент заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.

Бұл өзекті мәселелерді Президент бұған дейін де көтерген болатын. Мәселен, 2021 жылғы 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер штатын қалпына келтіруді тапсырған еді. 

Мемлекет басшысы сол отырыста әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық оларды қоғамға толыққанды араласудан айыратынын, отбасы институтына теріс әсер ететінін айтқан.

– Бұл өзекті мәселені мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ортақ күш-жігерімен ғана шешуге болады. Мұнда ІІМ-нің 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелеріне басты рөл біріліп отыр. Олар полицияның азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылының тиімді буыны болуы керек. Алайда бір кездері олардың штат санының жартысына жуығы қысқартылды. Сондықтан Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер штатын қалпына келтіруді тапсырамын, – деген болатын Президент.

Серіктес жаңалықтары