Террористік топта болған қазақстандық Болгариядан экстрадицияланды

Оған 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Террористік топта болған қазақстандық Болгариядан экстрадицияланды
Видеодан кадр
756

Бүгін Бас прокуратура, ҰҚК және ІІМ Интерполының қызметкерлері ҚР Сыртқы істер министрлігінің жәрдемдесуі арқылы Болгариядан  Қазақстанның азаматын террористік топтың жұмысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялады, деп хабарлады turkystan.kz.

Ол радикалды діни ағымның қолдаушысы бола тұра, 2015 жылы Сирия Араб Республикасының аумағына барып террористік топтардың бірінің құрамына кірген.

«Осыған байланысты оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, халықаралық іздеу жарияланды. Мамыр айында ол Болгария аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Фигурантты экстрадициялау Болгария тарапымен 2014 жылғы 14 қарашадағы адамдарды ұстап беру туралы екіжақты шарттың болуына байланысты мүмкін болды.  

Оған айып тағылған қылмыс үшін мүлікті тәркілеумен бірге 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Серіктес жаңалықтары