Ахтанов жолы − ақиқат жолы
Біз бүгін осының бәрін қазақтың тұлғалы қаламгері Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығынан көре аламыз.
Сөз өнері – тағдырдың көркем бейнесі: жүрекке ерекше әсер еткен жайлардың сырлы баяны, жан толқынысының нәзік дыбысы, сана тереңіндегі түйсіктің сүйіншілер қуанышы мен қауіп ойлатар дабылы. Алайда осынау тылсым әлемнің құшағы кез келгенге ашыла бермейтіні бар. Себебі көзің көрген мен естігенді не оқығанды ой көрігімен ерітіп, салқын ақылдық қалыбына сала тұра оны сезімнің түрлі-түсті бояуымен жан бітіре өрнектеу – қиынның қиыны.
Асылында адам өнерді таңдамайды, өнер адамды таңдайды. Өйткені адамның таңдауы белгілі бір мақсат-мүдденің жетелеуі болса, өнердің таңдауы − талабыңды сыннан өткізе отырып болмысыңды өзіңе таныту. Бұл деген сенің неге икемді, неге қабілетің барына көз жеткізіп, келешегіңе жол салу. Талант деп, тағдыр деп жататынымыздың тылсымында осындай сыр бар.
Айталық, табиғатта сирек кездесетін «самородок сары алтынның» заттық тұрғыдан аса бағалы екеніне дау жоқ, бірақ ол зат күйінде ғана бағалы. Ал егер шын зергердің қолына түссе, өнер мүлкіне айналып, бәсі артып, құны қымбаттай түспек. Сөз өнеріне тумысынан жақын, соған ғұмырын байлаған самородоктардың да тағдыры – осы. Айырмашылығы − самородок та, зергер де – өзі.
Адам тағдырының алғашқы ширегі көбіне өмірдің ауыртпалығын көру арқылы фәни дүниенің сырын танумен: ғажабына таңданумен, қажытар қиындығына кіжінумен өтеді, сөйте жүріп көзі ашылып, көкірегі оянады. Бірақ соның бәрі көкейге жыр болып құйылып өткеннің өкпе-ренішін жуады да, тазарған жан болашағына батыл қадам басады.
Ендеше, осы арада ұзын сөзді қысқарта тұжырсақ, біз бүгін осының бәрін қазақтың тұлғалы қаламгері Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығынан көре аламыз.
«Үлкен жазушы болу үшін талант, біліммен қоса, бақытсыз балалық керек» деп Эрнест Хемингуэй айтқандай, Ахтановта осылардың бәрі болды.
Ата тегіне көз салсақ, арыда әйгілі Көтібар батырға аталас болып келетін Тахауи Ахтанов осыдан жүз жыл бұрын ашаршылық заманда Ақтөбе өңірінде дүние есігін ашып, балалық шағын көп қиындықпен өткізген. Бір кезде дәулетті отбасы болған Тахауи әулеті енді орнап күшіне мініп келе жатқан большевиктердің қазаққа көп қысастық жасаған теріс саясатының кесірінен анда-мында көп қоныс аударып, байыз таппайды. Қызыл өкімет бар малын тартып алған 1929 жылғы кәмпескеден айдалып кетпей әупірімдеп аман қалған Тахауидың әкесі Ахтан жанына пана, болашағына сая іздеп, отбасын алып ағайындарымен бірге Бесқалаға − қарақалпақ еліне көшіп кетеді. Сөйтіп, 1925-1932 жылдары Қарақалпақстанның астанасы болған Төрткүл қаласына ат басын тірейді. Тахауи алғаш білім есігін сол жерде ашады. Алайда ол жақты басып кеткен босқындарды еліне қайтару кезінде үй басына берілетін екі шелек қызылша (азық-түлік көмегі) мен қайту қаржысын алған қазақтар қатарында Ахтан отбасы да 1933 жылы туып-өскен мекеніне оралады. Сол жылы күзден бастап Тахауи Жарөткел ауылында (қазіргі Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Қарабұтақ ауылдық округі құрамындағы ауыл) интернатта жатып оқып, білімін жалғастырады. Алайда 1935 жылы Тахауидің әкесі Ахтан дүние салады. Әке қайғысы ширата түскен бала тағдырдың бұл ауыртпалығына мойымай білімге бас қояды. Сабақты жақсы оқиды, мектептегі қабырға газетіне мақала жазып, қаламын ұштайды. Сол кезден бастап болашақ үлкен ақын Қуандық Шаңғытбаевпен дос болып, әдебиет жайында екеуара қызылкеңірдек болып айтысып жататыны көзкөргендердің естелігінде жазылған.
Сол кездерде-ақ аудандық «Кызыл ту» газетіне ѳлең, мақала жазып, редакция қызметкерлерімен жақын араласқан Тахауи, мектеп бітірісімен сонда жұмысқа тұрады. Екі ай жұмыс істеген соң айлығын алып, 16 жасында білім іздеп Алматыға кетеді. 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, екінші курста оқып жүргенде ІІ дүниежүзілік соғыс басталып, 1942 жылы Ахтанов өз қалауымен әскер қатарына алынады. Олар мінген пойыз 21 қазанда Ақтөбеге біраз іркіліп, туыстарымен қоштасып, майданға аттанады.
Мәскеу түбіндегі Қырымдағы қанды қырғындарға қатысып, соғысты Кенисберг (Калининград) қаласының түбінде аяқтайды. Соғыста жараланса да аман қалып, екі мәрте Қызыл Ту және ІІ дәрежелі Отан Соғысы ордендерімен марапатталады. Соғысты аман-есен аға лейтенант шенімен аяқтаған Тахауи 1945 жылы еліне бір айлық демалысқа келеді. Кейін қайтадан армияға кетіп, әскери қызметін жалғастырады. 1947 жылдың басында еліне демалысқа келгенде Ақтөбе қаласында болашақ жары − қазақ арасында туып-өскен, қазақтың тілі мен салт-дәстүрін бір кісідей білетін татар қызы, Қызылорда қаласындағы мұғалімдер институтын бітіріп келіп, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жатқан Гүлшарамен танысып, сол жылы жазда отау құрады. Сөйтіп, зайыбымен бірге өзі қызмет атқарып жатқан Ашхабат қаласына кетеді.
Әскери қызметінен кейін Т.Ахтанов Алматыға оралып, біржола шығармашылық жолға түседі. Әр жылдарда Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, «Қазақфильмде», «Әдебиет және Искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында, Жазушылар одағының Қарағанды бөлімшесінде, ҚазКСР Министрлер советінде түрлі қызметтер атқарады. Сондай-ақ «Жұлдыз» журналында бас редактор, Республикалық Кітап палатасында директор болып еңбек етті.
Көптеген қаламгер секілді Тахауи Ахтанов та қаламгерлігін өлеңнен бастаған. Өлеңдері соғыс кезінде майдандағы газеттерде жарияланып тұрған. 1949 жылы белгілі ақын Қалижан Бекхожиннің алғысөзімен шыққан «Жастар дауысы» атты Қазақстан жас ақындарының таңдамалы өлеңдері мен поэмаларының ұжымдық жинағында кейін қазақтың белгілі ақындарына айналған Х.Ерғалиев, С.Сейітов, А.Шамкенов, М.Әлімбаев, Ж.Өмірбеков, Б.Аманшин, Н.Шәкенов, Қ.Ыдырысов, т.б. қаламгерлермен бірге Тахауи Ахтановтың 16 өлеңнен тұратын «Майдан лирикалары» топтамасы жарияланған. Бірақ ол осыдан кейін поэзия ауылына ат шалдырмады. Неге? Оның себебін жазушы 1964 жылы жарияланған «Ақын мінезі» деген мақаласында былай баяндайды:
«Қасыммен 1947 жылы жас жазушылардың мәслихатында таныстым да 1948 жылы әскерден босанып Алматыға келген соң ақын өмірінің соңына дейін жұп жазбай дос болдық. Осы жылдардағы талай шығармаларының қалай туғанына куә болдым. Көп өлеңдерінің тұңғыш тыңдаушысы да болып едім. Әрине, жиі араласып бірге жүргендіктен оның көп мінездері үйреншікті болып, біраз жайттарды елемеген де сияқтымын. Дегенмен уақыт елегінен өтіп, екшеліп қалған ақын өмірінің елестерінен естелік жазбақ ойым бар. Әзірге Қасым мінезінің бір ғана қырын − оның адал, мәймөңкесіз тура кісі болғанын аңғартатын бір-екі эпизодты айтқым келеді.
Алматыға келген алғашқы жылдары Қасыммен көрші тұрдық. Екеуміз күнбе-күн кездесіп тұратынбыз. 1949 жылы «Жастар дауысы» деген атпен жас ақындардың ортақ жинағы шықты.
Соның ішінде менің де өлеңдерім бар еді. Қасым сол өлеңдерім жөнінде маған ешнәрсе айтпаған-ды. Бір күні көшеде келе жатып маған:
− Тахауи, мен саған бір сөз айтайын, − деді. − Жуырда «Социалистік Қазақстанда» «Жастар даусы» туралы менің мақалам шығады. Сен менімен дос болғандықтан, жылы сөз дәметіп өз атыңды іздейсің ғой сол мақаладан. Бірақ сен одан өз атыңды таба алмайсың. Мен сенің өлеңдерің туралы еш нәрсе айтқаным жоқ.
− Ендеше өзіме айт пікіріңді, Қасеке, − дедім мен.
− Соны өзіңе айтайын деп келе жатырмын ғой. Сенің өлеңдеріңде ой бар, әп-әдемі пікір де бар, − деп Қасекең аз емеусіретіп алды да сөз аяғын қатайтып жіберді. − Бірақ сөздерің оралымсыз. Еркін төгіліп тұрмайды. Өлең табиғаты музыкадай сыңғырлап, құйылып тұрған ұшқыр сөзді қалайды.
− Сонда, Қасеке, өлеңде ой болмау керек пе, − дедім мен, шамасы сасқаным болу керек.
− Ойдың көкесі өлеңде болады, бала. Ойың қанша терең болса, соншалық тілге жеңіл болу керек. Жұрт тамсанып, бірден жаттап алғандай болсын. Өлеңде екі сөздің арасынан ұшқын шашырап тұрсын. Олай болмаса сөздің қиыспағаны.
Қасекең содан кейін иығымнан құшақтады да өзінің жайдары күлкісімен жымия қарап:
– Асылы, сен өлеңді қойғаның дұрыс. Басқа жанрға ауыс, − деді.
«Сен ренжіме», «көңіліңе ауыр алма» деп мені жұбатқан жоқ. Қасым мәймөңкені білмеуші еді. Шындықты көзге бақырайтып айтатын да, көтере алмаса «жасық неме» екен ғой деп ондай адамнан түңіліп кететін.
Қасымның осы сөзінен кейін мен өлең жазып әлек болмадым».
Қасым Аманжоловтай арқалы ақынның жанашыр сөзінен кейін Тахауи Ахтанов қара сөзге бет бұрады. Сол жол оған құтты болып, аз уақыттың ішінде қазақтың қабырғалы қаламгеріне айналды.
Ахтановтың прозадағы тырнақалды туындысы − «Күй аңызы» атты әңгімесі. Әңгімеде өнерпаз адамның трагедиясы айта қаларлықтай әсерлі суреттелген.
Жұт болған жылы жалғыз түйесінің ботасы өліп, аузына тиер ақтан айрылған, көшкен жұртта отырған жалғыз үйге түскен күйші Естемеске (қасында шәкірті Оразымбет бар) оның өнерінен хабардар үй иесі ботасынан айрылып боздап қалған аруанасын күймен иітіп бер деп қолқа салады. Шалдың Жаңыл атты бойжеткен қызы бар екен. Өмірі ел аралаумен өткен күйшінің көзі соған түсіп, ол да шалға өз қолқасын астарлап жеткізеді. Үй иесі де күйші аруананы иітсе, қызын оған қосатынын емеурінмен білдіреді. Сөйтіп, жасы елуден асса да отау құрмай, өмірі өнер қуып, ел аралап өткен Естемес тәуекелге бел буып, домбырасын қолына алып, күңіренте толғай бастағанда ботасын жоқтап боздап жүрген аруана да иіп қоя береді. Бірақ... Иә, әке кесімімен тағдыры тығырыққа тірелген қыз Естеместің мерейі үстем болғанын қаламайды. Туындының осы бір тұсын жазушы былай суреттейді:
«Естемес күйге елігіп, өзге дүниені ұмытып кетті. Талайдан бері арқаны құрыстатып, кеудені кернеп, булықтырып жүрген нәрсе түйіні шешіліп, қыртысы таралып, жанын сергітіп, әсем сазды күй болып дүниеге келе жатыр. Сарылып іздегені оңай табылып, шиеленісіп қинағаны тез шешіліп, күйші көңілі де күй қанатына ілесіп алысқа самғады. Сәл иіліп, талдырмаш тұлғасы әсем майысқан қыз бұлдырап алыстап, биіктеп кетеді. Сонау көкжиектен, сағым арасынан сыңғырлап күліп, еліктіре шақырғандай болады. Күйші көңілі соған талпынады.
Естемес қиялының сергіп, нарға қарады. Нардың тақырдай қатып қалған қайыс жоны жұмсарып, қан жүгіргендей. Денесі тіршілік дірілі еніп, бір-екі рет қозғалып теңселгендей де болды. Жаңағы қадалған қырқадан басын бері бұрып, үлкен көзі жасқа толып, жаудырап тұр екен. Күйші осы кезде күй ырғағын баяулатып келіп, ақырын дірілдетіп көтерді де, ботадай боздатып жіберді. Анадан айрылған жас ботаның алғашқы зарлы үні үзіліп-үзіліп шығады. Аруана осы тұста бір ыңырайды. Естемес оны да домбыраның ішегіне іліп әкетті. Күйші көзі Жаңылға түсті… Қыз нардың емшегін қысып ұстап қатып қалыпты. «Апыр-ау, бұл неге саумай тұр?», – деп ойлады Естемес. Нардың желіні тырсиып барады. Сәлден кейін жалт еткен арманынан айрылып қалғандай күй тағы бір талпынды. Естемес Жаңылға енді бір қарағанда, сығымдап қысқан сүйріктей ақ саусақтың арасынан шым-шымдап сүт тамып барады. Күйшінің де көзінен жас тамып кетті. «Заманым өткен екен ғой!» – деп аһ ұрып, жалт бұрылды да:
– Ар жағын сен тарт! – деп саңқ етіп, домбыраны Оразымбетке тастай берді». Бастан тайған бақ пен тұйықталған тағдырды қалай көркем жеткізген десеңші! Ел ауызындағы кішкене аңыздан осынша үлкен ой түю − сөз өнерінің тылсымына бойлап, сырына жүрегімен қанық болған шын шебердің ғана қолынан келетін шығар. Демек, жастық пен кәрілік, өнер мен өмір шындығының арпалысы шебер өрнектелген бұл туынды әлі күнге оқығанға ой салатын дәрежесінен түспей тұрғаны Тахауидың о бастан-ақ қалам сілтесінің өзгеше бағытта болғанын байқатса керек.
Осылайша, үлкен әдебиетте жолы сәтті басталған талантты қаламгер бұдан кейінгі дәуірде өзі куә болған ІІ дүниежүзілік соғыстың шындығын 1957 жылы жарық көрген «Қаһарлы күндер» романында жеріне жеткізе суреттеді. 1960 жылы «Махаббат мұңы» атты әңгіме-повестер кітабы шықты. «Қаһарлы күндер» романы әдебиетшілер мен оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алса, «Махаббат мұңы» кітабы да әдебиетсүйгіш оқырмандар үшін үлкен жаңалық болды. Өмірді терең сезінуден туған бұл кітап адамның жан сезімін жеріне жеткізе суреттеген лиризмімен жүректерге жетті. Солайша әлі қырыққа толмаған қаламгер қазақ әдебиетінің тұлғалы жазушысына айналды.
Әрине, егер жазушы атына лайық болмаса біреудің мақтауымен аспанға ұшып кетпейді. Бірақ әдебиетке төрелік айтатын ірілер тарапынан берілетін шынайы баға қай кезде құнды. Тахауи Ахтанов соғыстан соң әдебиетке келген қатарластарының арасында оқ бойы оза шығып, ұлттық әдебиетіміздің мықты бір ұстынына айналып бара жатқанын бәрі көрді, бағалады. Басқасы басқа, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1961 жылы Мәскеуде, Кунцево ауруханасында ем алып, отаға түсуге дайындалып жатқанында Тахауи Ахтановқа арнайы хат жазуы қандай керемет! Өмірінің жалғасар-жалғаспасы белгісіз, алаң көңілде жатқанның өзінде туған елінің, туған әдебиетінің болашағына қам жеген Мұқаң былай деп жазыпты сонда:
«Әрине, сенің үлкен еңбегің, ѳзіңді кең құлашыңмен, ѳнімді ѳріс-ѳрнегіңмен емін-еркін танытқан шығармаң «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кемшін келдің» демекші емеспін.
Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуанын талғап кѳруді мақсұт еткенсің. Ѳз ішіңдегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үн қаттырып, тебірентіп кѳрмек болғансың.
Сол ретте, әрине, «Махаббат мұңы» жақсы повесть. Ѳзгелері қонымды, ұнамды әңгімелер (рассказ, новелла). Бұлардың бәрінің тақырыбы, адамдары, шындықтары − жалғансыз, риясыз, зорлықсыз − әділ шындықтар. Сонысы ұнайды. Екінші − сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, ѳзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу − соларды және ішкі мәдениет ѳресіне қарай − ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар. Ѳте орынды, ѳте асыл іздену.
Бұл жолда алда кѳп-кѳп ыстық тартымды, аса қызу-қызғылықты, шын шабытты құштарлық туғызатын болмыстар, сәттер, шындықтар бар. Осы адамдар: жақсы, ойлы, саналы, арлы болса − халқыңның, қауымының да болашағы ғой.
Осыларды кѳрсетумен бірге, сынаумен бірге баулу, бастау − қалыптау да керек. Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған мейлінше құдіретің де жетеді. Ілгері тереңдей, ірілей тарта түс, тарта бер.
Менде тағы бір қуанышты сүйсінген ойлар ұдайы қатар отырды (осы кітабыңды оқу үстінде дейім). Ол: сенің ѳзіме сонша ет-бауыр, шабытыңмен іні-бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары.
Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен романыңның да кей бояуларынан − осы менімен туыстас-ау деп ойлап жүруші ем... Ал мынада мен ѳзімнің сезімдерімді, сырларымды саған жаздырып, соған барынша сеніп, еліге еріп, ырза болып отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал ѳз жүрегіңе ұқсап соққан жан тамырды жанбауырдай сезбеске шараң жоқ.
Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тѳкенді, Сафуанды − кѳптен бастап бөлек санайтұғым. Біз ...«жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім. Ѳзіме етене жақын дегенде сенен − менің жасырақ шағымда ѳзімнен таппаған жақсы сыпаттарды да кѳремін. Сенің отың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сенемін...»
Бұл хатта Тахауидың болашағына үлкен сенім білдіру де, шығармашылығын ақ көңілмен бағалау да, рухтас ретінде өзіне жақын тарту да − бәрі бар. Ал ұлы ұстазының сеніміне ие болған Тахауи өмір бойы сол сенімге селкеу түсірген жоқ. Қазақ әдебиеті Әуезовсіз қалғаннан кейін де ол көтерген туды құлатпай ұстағандардың бірегейі болды. Мұны Тахауидың шығармашылығы жайлы айтқан ірі жазушының бірі Ғабит Мүсірепов былай деп тұжырады: «Ахтанов − жан-жақты, құлашы кең ойлы, пікірлі жазушы екеніне мен кәміл сенемін. Мұны кезінде қырағы кѳзді Мұхаң, біздің Мұхтар Әуезов те бірден кѳрген еді. Мұхтардың сол байқағыштығы, сол сенімі бүгінде толық ақталып отыр ғой деп ойлаймын».
Тахауи Ахтанов өнерде де, өмірде де батыл қаламгер еді. Жазған туындыларында да, әдебиетке қатысты талас-тартыстарда да ақ сөзін айтып, ақиқатты қорғады. Туралығынан танбады. Бұл жайында оның алдыңғы буын ағалары да, тұстастары да әділін айтты. Тахауидің досы, қазақтың классик жазушыларының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов Ахтанов жайында былай дейді: «Әдебиетке от пен оқтың ортасынан оралған сол бір ат тѳбеліндей аз ғана топтың ішінде Тахауи, шынын айтқанда, қаламы әрі қарымды, әрі алымды, ѳжет ѳткір жан еді. Иығынан көпке дейін әскери киімі түспеген қараторы жас жігіттің жалыны мен жігері сыртына теуіп, кѳзіңді тойдырып, кѳңіліңді қуантып тұратын. Ішіміздегі арқалы әруақтымыз да сол сияқтанатын. Әсіресе, топқа түскенде ѳжет жан екі жүзі бірдей қайралған ақ алмасша ѳткірленіп, ѳр мінезімен жарып шығатын наркескен, кескекті ердің сойы еді. Кейбір кезде осы мінезі оны әнебір қия жартасты да жарып шығып, «қане, маған не істейсің?» дегендей кияңқыланып, жел-құздың ѳтінде қасқайып дара тұратын иір бұтақты емен сияқтанатын. Кѳктегі Құдайға емес, жердегі адамға табындырып қойған әнебір заманда да қайсар, ѳжет жазушының қаламы рақымсыз заманның ырқына кѳне қоймай, ағысқа қарсы жүзген мұзжарғыш кемеше сол кездегі күллі совет қаламгерлері ішінде бірінші болып қырдағы қоңын күн тескен қойшы ѳмірінің басындағы адам тѳзбестей ащы шындықты жазды. Бұл Ахтановтың қан майдандағы жанын оққа байлап, жауға шапқан ерлігінен бірде кем түспейтін әдебиет майданындағы азаматтық ерлігі еді. Жарты ғасырға жуық творчестволық ғұмырында азаматтық ары мен жазушылық парызын адал ақтап, тірлікте тәкаппар басын таққа да, тақта отырғандарға да иместен, дүниеден шалқақтап басып ѳтті».
Шын сөз. Шынайы лебіз. Ахтановтың мінезі турасында әңгімелеген талайлар оның ретті жерінде айтарын іркіп қалмағанын баяндайды. 1982 жылы елімізде «Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуының 250 жылдығы» қызу тойланып жатқан бір шақта, дәл осыған тағдырымен қарсылық жасағандай қазақтың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы дүние салып жатқан-ды. Сонда алып тұлғаны жер қойнына берерде қабір басында сөйлеген сөзінде Тахауи Ахтанов «Ол қалыпты өмірде қалыпқа сыймай өмір сүрді» депті. Батырға лайық батырдың сөзін айтыпты. Бұл кеңестік саясаттың қылышы әлі қылшылдап тұрған шағында ашық күнде найзағай ойнағандай сөз еді, бірақ батыл да, әділ айтылған сөз еді.
Кеңестік кер заманда менмін деп жүргендердің өзінің басынан бұл арылмағанын білеміз. Сондай кезде жақсыны жақсы деп айтудың өзіне жүрек керек еді. Басқасы басқа, Мұхтар Әуезовтің бүгінде бәріміз мақтаныш көретін «Абай жолы» роман-эпопеясының өзін сол кезде идеологияның қазанын қайнатып отырғандар дұрыс қабылдаған жоқ. Сондықтан болар, романды талқылауда үлкен жазушылардың өзі лайықты бағалауға тәуекел ете алмады. Шығарма жақсы болғанымен, бір кезде кеңесік саясатқа «кінәлі» болған Әуезовті мақтауға талайдың дәті бармады. Ал сол жиында ақты ақ деп айта алғандардың бірі өрімдей жас Тахауи Ахтанов болыпты. Бұл жайында Тахауидың қатарласы белгілі жазушы Сафуан Шаймерденов былай деп жазған екен:
«Жұртқа белгілі, бір мың тоғыз жүз қырық тоғызыншы жылы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясының алғашқы екі кітабы үшін бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық алды. Соған қарамастан жазушы елуінші жылдардың бас кезінде республикамыздағы тұрпайы марксизм ѳкілдерінің каһарына ұшыраған болатын. Ұлы жазушыға сѳлекет айдар тағылып, әрқилы жалалы сындар айтылған-ды. Осы жалалы сын тіпті асқынып кеткен соң, «Абай» романына әділ баға беру үшін бір мың тоғыз жүз елу үшінші жылы август айында кең талқылау ұйымдастырылды. Сонда баяндамашылардың бірі болып отыз жастағы Ахтанов тағайындалған еді.
Мұның ѳзі бір жағынан Тахауидың ана-мына ықпалдың жетегіне әлі ермеген, не айтса да ѳз тұжырымын айтатын әділдігі мен адалдығын ескеру болса, екінші жағынан жас сыншының ой-пікір қуатына сенгендік болатын-ды. Тахауи бұл сыннан сүрінбей ѳтті. Сүрінбегені былай тұрсын, «Абай» романының қазақ топырағында дүниеге келген айрықша ірі құбылыс екенін дәлелдеп те бере алды».
«Көрген жандар сөйлесін» дейді қазақ. Мынадай пікірлерден кейін Тахауи Ахтанов болмысының қандай екеніне көз жеткізбеу қиын шығар.
Иә, ол қатарлас-қаламдастары айтқандай, өзі қандай болса шығармалары да сондай болды. Соғыс кезінің ақиқатын «Қаһарлы күндер», «Шырағың сөнбесін» атты романдарында көркем де шыншылдықпен суреттеген Тахауи Ахтанов өз туындыларында ақиқатты ашып айтудан жасқанбады. Соғыстан соңғы кезеңдегі қазақ шаруасының өміріндегі қиындығын «Боран» атты романында жасырып-жаппай, айнадағыдай көрсетіп берді. Сол сияқты сын мақалалары мен драмалық шығармаларында да шындық туын биік ұстап, жүрегі сезген шындықты көркемдікпен беруден танбады.
Өмірде бастан аумалы-төкпелі кезең өтпей тұрмайды, сондайда қарапайым пенде ретінде емес, елдің сөзін сөйлерлік құдіреті бар адам ретінде де шындықты су бетіне шығару оңай емес. Ал Ахтанов қаламгер ретінде де, қарапайым пенде ретінде «айтарын ашып айтып, жүрегінің түбінде кір жасырмай» (Мұқағали) өткен тұлға. Ендеше Ахтанов жолы − Ақиқат жолы.
Ахмет ӨМІРЗАҚ