Түркіні түгендеген тұлға
Али Шамильдің азаматтық һәм зерттеушілік келбеті
Кейбір өзендердің беті тыныш қана жайбарақат ағып жатқанымен, түбі шындығында буырқанып, түрлі иірімдермен тулап жататыны белгілі. Өмірде осындай терең өзендерге ұқсайтын адамдар болады. Қарапайым ғана ғұмыр кешкенімен, ішкі жан дүниесі ізденістер мен ілімнің қайнар бұлағындай. Әзербайжан ғылымындағы жарқын есім, аса көрнекті, жоғары дарынды, фольклор, әдебиет және түркі халықтарының тарихы саласындағы еңбектерімен даңққа бөленген, көптеген кітап пен қолжазбаның авторы, түркі халықтары көрнекті өкілдерінің танылуына қолынан келгеннің бәрін жасаған зиялы адам – менің пайымдауымдағы Али Шамиль – осындай жан.
Али мұғаліммен таныстығымыз да түркі халықтарына ортақ ұйымдастырылған халықаралық конференцияның жұмысымен тұспа-тұс келді. Кейін түрлі халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда сан мәрте жолымыз түйісті. Бір жолы Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұйымдастырылған халықаралық түркологиялық симпозиумның қолайлы бір сәтінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің бір топ оқытушылары Али Шамиль мырзамен түркі әлемінің келелі мәселелері жайында ұзақ-сонар сұхбат құрғанбыз. Кез келген тақырыпта айтары мол ғалым қарапайымдылығынан, ізеттілігінен бір айнығанын көрмедім. Ылғи жұмысбасты күйінде көремін. Барлық уақытта жанына бір шоғыр адамдар жиналып, сұхбаттасып отырғаны. Әр жиында өзіме деген құрметінің белгісі ретінде түрлі ғылыми кітаптарды сыйлап отыратын. Мен де осы бір қарапайым жанның маған деген жылы әілтипатын қуана қабыл алатынмын. Қазір үйімдегі жеке кітапаханамның сөрелерінде Али Шамиль мұғалімнің бірнеше кітаптары бар.
Али Шамильдің ғұмырдерегіне көз жүгіртсек, біздің кейіпкеріміздің студенттік кезеңнен-ақ қоғам өміріне белсене араласқанын байқаймыз.
1968-73 жылдар аралығында Әзербайжан Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған жылдарында университеттің өміріне атсалысып, суденттердің ғылыми конференцияларына белсене қатысып, факультет студенттерінің ғылыми қоғамының төрағасы болып сайланады. 1973 жылы Нахчыван МСР Жоғары Кеңесі Президумының, Нахчыван МССР Министрлер Кеңесінің және КП Нахчыван губерниялық комитетінің органы саналатын «Шығыс қақпасы» газетіне қызметке тағайындалды. «Шығыс қақпасынан» басталған һәм шығармашылық һәм азаматтық жолының тарихына көз жүгіртсек, өмірінің мәнін қызық пен қызметтен іздемей, керісінше, ұлтының, одан қалды түбі бір түркінің жыртығын жамап, жоғын түгендеуге арнағанын көреміз. Али Шамильдің кітаптары мен мақалаларына, ғылыми-публицистикалық еңбектеріне үңілгенімізде шығармашылығының басым бөлігінде әзербайжан халқының талайлы тағдыры, түркі халықтарының жақындығы мен бірлігі жолындағы күрес кезеңдері көрініс тапқанына көз жеткіземіз.
Студенттік жылдарында құпия қоғамдардың мүшесі, халықтық қозғалыс белсенділерінің бірі болды. 1988 жылы Нахчвандағы құпия ұйымдарды біріктіруге белсене қатыса отырып, Нахчыван губерниялық ұйымы кеңесі мен Әзербайжан басқару кеңесінің мүшесі, Нахчывандағы халық қозғалысының маңызды жетекшілерінің бірі болуы, Али мұғалімнің бастамасымен, әрі ұйымдастыруымен «Аргидаг», «Варлиг», «Гунай» газеттерін шығара бастауы, 1992 жылы жергілікті билікке қарсы оппозициялық ұстанымы үшін қызметтен «қысқаруы» – алымды жастың ұлттың рухани болашағы үшін атқарар жұмыстарының қаншалықты ауқымды, жауапты, мехнатты болатындығының хабаршысы еді. Қарапайым қазақы тәмсілмен айтсақ, «Жар басында жантақты жаннан кешкен нар жейдінің» кебін кие жүріп әзербайжан халқы үшін жасаған ұлы еңбегі ұлы нәтижелерге қол жеткізді. Тарих Нахчыванның Әзербайжан тәуелсіздігі жолындағы қозғаушы күш екенін дәлелдеді. Бұл жолда Али мұғалімнің еңбегінің ересен екені сөзсіз.
1993 жылы Әзербайжан астанасы Бакуге қоныс аударуы Али мұғалімнің өмір жолындағы жаңа бетбұрыс кезеңі болды. «Шығыс қақпасынан» басталған жол кейін Әзербайжанның, Түркияның белді радиоларында «Түркі әлемінің танымал тұлғалары», «Қонақүйден келеді» бағдарламаларын дайындауға ұласты.
1993 жылдан бастап «Балалар энциклопедиясы» мен Әзербайжан энциклопедиясындағы «Түрік әлемінің танымал тұлғалары» тобын басқарып, 1998 жылдан Әзербайжан Ғылым академиясы Фольклор институтында ғылыми қызметкер, 2007 жылдан бастап шетелдермен байланыс тобының жетекшісі қызметін атқаруымен бірге Али Шамильдің ғылыми, қоғамдық қызметтері одан әрі тереңдей түсті. Аз ғана уақыт ішінде Али Шамиль Фольклор инстиутының түркітілді халықтармен ғылыми қарым-қатынас орнату және нығайту үшін көп іс тындырғанынан түркі әлемі түгел хабардар. Дағыстан Мемлекеттік университетінде дәл осы Али мырзаның басшылығымен «Түркі әлемінің бюллетені» атты ғылыми журнал үш тілде тұрақты шығып таратылуда. Али Шамиль бастамасымен бірқатар елдерде жоғары деңгейдегі халықаралық конференциялар ұйымдастырғаны, оған біздің де қатысқанымызды сүйсіне айта аламыз. «Ортақ түрік өткенінен – ортақ түрік болашағына», «I Халықаралық Көроғлы, Болу тарихы мен мәдениеті», «Кавказ халықтарының мәдениеті мен лингвистикалық мәдениеті», «Алғашқы түркологиялық конференцияның 90 жылдығына арнап ұйымдастырылған түркітану конференциясы» т.б. көптеген халықаралық конференция мен симпозиумның басы-қасынан, әрине, Али Шамиль табылды. Жалпы, Али Шамиль «Су үзілсе де, сүйек үзілмесін» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған тұлға. Себебі Али мұғалімнің Бакуге қоныс аударғаннан соңғы жылдарда жасаған жұмыстары – осының дәлелі. Әзербайжан университеттерінде оқитын қырым татарлары мен басқа да түркі мемлекеттерінен келген студенттердің мәселелерімен тыңғылықты түрде тұрақты айналыса бастады. Қым-қуыт ғылыми-шығармашылық жұмыстардан қолы қалт етсе, студенттердің оқудағы, тұрмыстағы мәселелерін шешуімен қатар түрлі кездесулер ұйымдастырды, әр халықтың ұлттық мерекелері мен қасіретті тарихи күндерін ұмыт қалдырмай, атап өтуіне қолайлы жағдай туғызды, бұқаралық ақпарат құралдарында сол халықтардың мәселелерін күн тәртібіне қойдыра білді. Кәсіпкерлер мен компанияларға өтініш жасай отырып, студенттердің сол кезеңдегі түрлі экономикалық қиындықтардан қиналмай шығуына мүмкіндік жасап отыру, науқас студенттердің ем-домына көмектесетін меценаттарды тауып, олардың сауығуына қолайлы жағдайлар туғызу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін, келсе де жасай бермейтін іс. Бұндай істі тек жүрегі «мейірім» деп соққан жан ғана жасаса керек. Отанынан ұзақта, ата-ана мейірімінен алыс жүрген студенттерді үйіне қонақ етіп, оларды түрлі тойлар мен туған күн кештеріне шақырып отырудағы мақсаты да – шетелдік жастарды әзербайжан халқының ұлттық дәстүрімен, құндылықтарымен жақынырақ таныстығын, университет бітірген соң байланыстың үзілмегенін қалауынан туған ізгі ниеттің ісі. Бір сөзбен айтқанда, Али мұғалімнің үйі түбі бір түркі жастарының ыстық ұясына, жары Азиза ханым олардың қамқор анасына айнала білді.
Кез келген мықты еркектің артында мықты әйелдің тұратыны әмбе жұртқа аян. Азиза Шамиль ханым да Али мұғалімге адал жар, мықты серік, сенімді жолдас бола білді. Сонау студенттік жылдардан басталған ұлы достықтың жібі күні бүгінге дейін жалғасып, ширай түсті. Отбасындағы екі адамның тілегі мен мақсаты бір болғанда жасалған жұмыс та жемісті болмақ. Азиза ханым ғұмырлық жолдасының рухани демеушісі, игі бастамаларының дем берушісі болған жан. Али мен Азиза Шамильдердің бірлескен шығармашылығының жемісі ретінде «Dissiden soraginda» мен «Asik Iskander Agbabali» кітаптары жарық көрді. Али мұғалім мен Азиза ханым бір-бірін толықтырып тұрған тұлғалар.
Али Шамильдің соңғы қырық жылдағы ғылыми-публицистикалық шығармашылығының негізі – ұлттық мемлекеттігін жоғалтқан, ата мекенінен аластатылған, бірақ туған отанын қайта қайтару жолындағы қасиетті күресте өзінің жарқын болашағынан бір сәтке де күдер үзбеген, қырым татар халқының қасіретті һәм қасиетті тарихы болды. Қырым татарларының тарихы мен тағдырына деген қызығушылық, татар халқына деген сүйіспеншілік Али мұғалімнің өмір белесінің бүкіл өн бойында өріліп отырады. Мектеп жылдарында А.Пушкиннің «Бақшасарай фонтаны» шығармасындағы Қырым хандығын билеушілердің романтикалық өмірі туралы танысқан кездің өзінде-ақ, Али мен оның замандастары ауыл ақсақалдарынан Қырым түбі бір, бір тілде сөйлейтін туыс халықтардың мекені екенінен хабардар болатын. Жоғары мектепте оқыған жылдары бұл халық туралы білімі тереңдей түсті. Ысмайыл Гаспралы, Бекир Чобанзаде, Асан Сабри Айвазов сынды қырым татар зиялыларының шығармашылық мұраларымен жақынырақ танысты. Жоғарыда аты аталған және басқа да қырым татар зиялыларының мүмкіндігі мен уақытын аямай Әзербайжан халқының жарқын болашағы үшін еңбектенгені Али Шамильдің осы бір ұлтқа деген құрметі мен махаббатын одан сайын арттыра түсті. Али Шамильдің талантты қаламының арқасында әзербайжан қоғамы ұлтының жарқын болашағы үшін талай жауыздықтарды көрген қырым татарлары ұлттық көшбасшысыларының тағдырымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Али мұғалім тек қырым тартарларымен ғана тоқталмай, қарашай-балқарлар жайында да індете зерттегенінен хабардар болдық. Өткен тарихқа үңілсек, жалпы түркі жұртының басынан не бір тар жол тайғақ кешулер өтпеді? Түркі халықтары тағдырындағы қуғын-сүргін тақырыбы, айдынды ұлдары туралы жазбалары – оның ғылыми шығармашылығының маңызды бағыттарының біріне айналды. Жалпы, бұл тақырыпта жазылған еңбектер баршылық болғанмен де, Али Шамиль – туысқан түркі жұртының жоғын түгендеген, өзінен бұрынғы түрікшілдердің жолын жалғастырушы тұлға ретінде орны ерекше. Али Шамиль ұстанған жол – Ысмайыл Гаспралы жолы, Әбілфайыз Елчибей жолы. Али мұғалімнің өмір жолы мен шығармашылығына зер сала отырып, ол кісінің назарынан түркі халқы мен жалпы адамзаттық мәселелер еш уақытта тыс қалмағанын байқаймыз. Али мұғалім бүкіл түркі әлемімен дос. Кез келген түркі мемлекетінде Али мұғалімнің достарын кездестіре аламыз. Оларды бір идея, бір мақсат біріктірді. Қазір ТҮРКСОЙ деп аталатын үлкен ұйым – түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін дамытуға ықпал ететін халықаралық ұйым. Осындай ұйым болу керек екенін, осы ұйым жасап жатқан істерді Али Шамиль мырза бұдан 30-40 жыл бұрын айтқан. Оның мақсаты – бүкіл түркі жұртын бір тілде сөйлету, бір мақсатқа жұмылдыру. Бұл дегеніңіз – ғалымның тек ғылыми әлеуетін көрсетіп қана қоймай, азаматтық ұстанымының ақ жолынан еш уақытта айнымағанын көрсетеді.
Али мұғалімді қазақ деген ұлы халқымның үлкен досы ретінде қатты құрметтеймін. Қолыма «Түрікшілдік құрбандары» (Turkculuyun gurbanlari) атты кітабын алғанда, тағдырлы қазақ халқының қиын жылдарында басын бәйгеге тіккен, халқының болашағы үшін игілікті іс жасаған ұлдары жайлы үлкен ізденіспен, ұлы махаббатпен жазылған еңбек екенін пайымдадым. Автор кітаптың алғы сөзінде «Қазақстан жайлы алғашқы естігендерімді еміс-еміс есіме түсіремін. Өйткені ол кезде өте кішкентай едім. ...Олардың сөздерінен қазақтардың бізбен түсінікті тілде сөйлесетінін, ислам дінін ұстанатынын білдім. Тек түсінбеген бір ғана нәрсем, қазақтың ұлан-байтақ даласының неліктен қаңырап бос қалғаны, игерілмей «шикі топыраққа» айналғаны».
Автор бала кезде толғандырған мың сұраққа есейе келе жауап алғанын күйзеле отырып баяндайды. Өздерін дүние жүзіндегі қарапайым халық пен кедейлердің қорғаушысымыз деп жариялаған, ұлттар арасында теңдік орнатамыз деп уәде берген Кеңес өкіметінің қазақ деген «ешкімге соқтықпай тек жатқан елді» беттері шіміркпестен қырып салғанын, колхоз құрамыз деген желеумен малдарын тартып алып, мыңдаған қазақты аштан қырғанын қынжыла баяндай келе, университет жылдарында қазақтардың қыпшақтардан тарайтынын, түріктердің бір тармағы екенін білдім дейді. Көптеген әзербайжан сияқты өзінде де қазақтарға деген құрмет пен сүйіспеншілік болғанын үлкен сезіммен баяндайды. Тіпті, 1986 жылы Кеңестік режимге қарсы бас көтерген қазақ жастарының көтерілісіне мазасызданып «...Бірақ мен ол жаққа барып, олардың қайғысын бөлісе алмадым» деп алаңдаушылық білдіреді.
Қолымыздағы кітапта автор халқының жарқын болашағына, мүддесіне, қазақ руханиятына жанын аямай еңбек еткен қазақтың айбынды ұлдарының өмір тарихын, күрескерлік жолын баяндаған. Бұл кітапқа енген материалдар автордың ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің қорытындылары десек болады. Автор еңбекті жарыққа шығарудағы мақсатын: «ТРТ мен Әзербайжан қоғамдық радиосының бірлесе дайындайтын «Қорқыт Ата» атты айдарында Сейфәддин мырзаның тапсырмасы бойынша аптасына бір рет он үш-он төрт минуттық «Түркі әлемінің танымал тұлғалары» бағдарламасының жүргізушісі болдым. Бірақ Сейфәддин мырза хабарда Советтің үгіт-насихатымен белгілі болған адамдар емес, билеуші режим тарапынан жазаланған, ұлты үшін ұлы істер жасаған, халқы үшін құрбан болғандарды таныстыруды тапсырды. Осылайша, мен түркі халықының ұлтшыл адамдары туралы мәліметтер жинап, тыңдарманға жеткізуге тырыстым. Отаршыл режимге қарсы күресте сол жолды ұстанған халықтардың тарихын білу арқылы оқырмандарымыздың Қазақстанға, қазаққа деген назарын аударуды мақсат еттім. Осы кітапқа енген мақалалар «Қорқыт Ата» айдарымен шыққан бағдарламалар мен жарияланған мақалалар негізінде дайындалды».
Кітапты парақтап отырып, оғыздың арда ұлының қазақ халқының отаршыл саясатқа деген күреске толы өмірін, нанымды, нақты тарихи деректермен дәйектеп, қызғылықты, мазмұнды етіп бергеніне куә болдық. Қазақтың соңғы ханы Кенесары ханнан басталған тарихи деректер Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Санжар Аспандияров, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Осман батыр, ұйғыр ақыны Лутфулла Муталиптердің күреске толы өмірінен сыр шертеді. Олардың ұлттың шетін мәселелеріне келгенде өмірлеріне қауіп төніп тұрса да ұлтын қорғап, кері шегінбегенін мақтаныш сезімде баяндайды. Кітаптағы мәліметтерден автордың қазақтарға деген ерекше құрметін байқаймыз. Ұлт зиялыларының шынайы іс-әрекеттері бұрын жазылған мәліметтерде ылғи көлеңкеде қалып қойғандықтан, жарыққа шықпағанын жеткізе отырып, бұл кітапқа енген мәліметтерге аса бір сақтықпен, ұқыптылықпен, аса жауапкершілікпен қарағанын білдіреді.
Еңбектің екінші басылымында «жеті өлшеп, бір кескенін» байқаймыз. Бұрын-соңды кеткен қателерді, жанашырларының, оқырмандардың ескертулерін аса бір ілтипатпен қабылдап, жаңсақтықтар мен әріп қателерді аса ыждағаттылықпен өңдегенін оқырмандарына жеткізеді.
Али Шамиль қаламынан шыққан еңбектерді түрлі лақап аттармен жариялағанын білдік. «Инемен құдық қазғандай» мехнатты еңбектің нәтижесінде 20-дан аса кітап жазып, 12 кітапты құрастырушы ретінде, 22 кітапқа редакциялық жасап, 1 500-ден аса мақалалар өмірге келтірген. Али мұғалімнің ғылыми-зерттеушілік, азаматтық ғұмырнамасы – тағылымға толы тұлға. Мен таныған жиырма жылдың жүзінде сол баяғы сабырлы, сол баяғы қарапайым, сол баяғы ізденімпаз, сол баяғы дос көңіл қалпынан бір айнымапты. Жақын досының өз сөзін сөзбе-cөз келтірсек, «Али Шамиль – өте сабырлы адам, ол ешқашан асықпайды. Жақсы ма жаман ба? Жоқ, ол асықпайды, өйткені әдебиет пен ғылымды ат жарысы ретінде қарастырмайды. ...Ең бастысы, Али Шамильде кезедейсоқ кітаптар мен мазасыздық пен жеккөрініштілік тудыратын мақалалары жоқ».
Аузын ашса жүрегі көрінеді. Жанына жақындап кетсең жан дүниесін ақтарып сала береді. Ішкі әлемі бай. Маған Али Шамильдің жүрегі ылғи да «түрік» деп соғып тұратындай көрінеді.
Қазіргі кезең - «Көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған» әлеуметтік желінің әлеуеті дамыған кезең. Дүниенің төрт бұрышында отырып, кімнің немен айналысып жүргенін оңай біле қоясың. Біз де Али мырзаның ылғи да бір жақсылықтардың, жаңалықтардың ортасында жүргенін көріп сүйсінеміз!
Үлкен жүректі абзал азамат, әзербайжан халқының адал сүт емген перзенті, түркінің патриот ұлы Али Шамильдің бастамалары мен тың ойлары барлық уақытта құрмет пен қажеттілікке ие болып, маңыздылығы арта береді деп білеміз, сенеміз!
Биылғы жылғы демалысымызды Бакуде өткізгенде, туысқан әзербайжан халқының өзімізге деген ілтипаты мен құрметіне бек риза болғанымызды біз де сөз арасында, реті келгенде айтып кеткенді жөн көрдік. Тілі мен дәстүріне құрметі мен сүйіспеншілігі бір сәт те толастамайтын ұлы халықтың бекзат болмысына басымызды ие отырып, Али Шамильдей ұлтын шын сүйген ұлдары барда бұл халықтың болашағы жарқын екеніне кәміл сенеміз!
Биыл мерейлі 75 жасын тойлағалы отырған біздің құрметті әріптесіміз, қадірменді досымыз, үлкен жүректі азамат Али Гусейноглы Шамиль мырзаға мықты денсаулық, отбасына бақыт, екі дүниесіне нығмет тілейміз!
Бақыт жұлдызын түркінің төбесіне жарқыратқан Тәңірімнен бүкіл түркі жұртына бірлік пен ынтымақтық, бейбіт өмір тілейміз!
Бақытгүл ҚҰЛЖАНОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған
профессоры