Ресейде қазақтілді телеарна ашқан тұңғыш қазақ
Үйге барған соң қазақстандық телеарна басшыларына хат жазамын. Бізге керегі – сол өзіңіз айтқан қазақша кинолар, концерттер мен мультфильмдер ғой. Үлкендеріміз қазақша кино көргісі келеді. Немерелері де қазақша мультфильм көріп өссе дейді. Мен қазір осындай дүниелер іздеп, сұрастырып жүрмін. Рұқсатсыз таратуға әсте болмайды.
Ерболат Бөленханұлы Алтай Республикасында (Ресей) қазақ көп тұратын Қосағаш ауданында алдымен ауыл әкімі, сосын аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Кейін «Қазақ нұры» деген атпен ұлттық мәдени ұйым құрып, түрлі бастамалардың жаршысы болған. Атқарған игі істері бейжай қалмасын әрі көпшіліктің көзі, құлағы hәм тілі болсын деген ниетпен «Ұлы Жібек жолы» газеті мен «Қосағаш-ТВ» телеарнасын ашқан. Қайтсем қосағаштықтардың рухани-мәдени болмысын сақтаймын, оларға қандай қазақша контент ұсынамын деп жүрген Ерболат Бөленханұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Сізді танитын көпшілік қазақ көп шоғырланған Қосағаш ауданында ең жас әкім болған қазақ деп айтады. Сонда қоғамдық жұмыстармен оқушы кезіңізден бастап айналыстыңыз ба?
– Келесі жылы қоғамдық жұмыспен айналысып жүргеніме отыз жыл толады. Мен Ресейдегі Алтай Республикасы Қосағаш ауданына қарасты Қосағаш ауылында тұрамын. Оқушы кезімнен қоғамдық жұмыстармен айналысқан мен мектеп бітірген соң бұл іспен белсенді араласа бастадым. Ұлтжанды, жанашыр жастармен үнемі бас қосып, түрлі спорттық іс-шараларға қатысып, қоғам арасында көп бастама көтеріп, ел ішінде белсенді бала атандық. 1994 жылы үлкен құрылтай өтіп, «Бірлік» деген қазақ қоғамына жетекші сайланар кезде үлкендер топ ішінен мені алып шығып, сол қоғамның басшысы болуға лайық үміткер деп ұсынды. Әлі есімнен кетпейді, бұл 1994 жылдың тамызы болатын. Ол кезде 24 жаста едім. КСРО ыдыраған соң тіл мен мәдениетті ұмыттырмау мақсатында құрылған бұл қоғамның жұмысын шамамыз келгенше дөңгелеттік. Ат жарыстар, құрылтайлар өткізіп тұрдық. Қазақ, алтай күрестерінен сайыстар ұйымдастырдық. Ақсақалдарымызбен ақылдасып, талай бастама көтердік. «Бірлік» деген атпен футбол командасын құрып, республикалық ойындарда топ жардық. Аты затына сай қоғам болуына бар күшімізді салдық. Маған дейін қарқынды жұмыс істеп тұрған қоғамның жұмысын бұрынғыдан бетер ілгерілетіп, талай шаруа атқардық. Ол қоғамды 2000 жылға дейін басқардым. Содан соң өзім туып-өскен Қосағаш ауылының әкімі лауазымына тағайындалдым.
– Ол кезде нешеде едіңіз?
– Иә. 2000 жылы бірінші рет ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілді. Сол кезде тағы да үлкен кісілер мені үміткер ретінде ұсынып, ақырында ауыл әкімі болып сайландым. Оған дейін де қазақ әкімдер ауылды басқарған, алайда ең жас әкім мен болдым. 29 жастамын.
– Әкім қызметін атқарып тұрғанда да «Бірлікте» көтерген бастамалар бұдан да ілгерілей түскен болар?
– Әлбетте! Мен әкім болып сайланғанда біз жақта сегіз мыңға жуық қазақ тұратын. Қазір он үш мыңнан астық. Әкім болған соң ауылда тұратын барлық ұлтқа тең қарауым керек қой. Ешкімді бөліп-жармауға тырыстым. Алайда бәрібір қазақ мәдениетін насихаттаудан ажырап кетпей, «Бірлікте» жүргенде не істедім, соны өткізіп тұрдым. Әкім ретінде лауазымым жоғарылаған соң, мәдениетке қатысты идеяларды кеңінен дамыттым. Бізде жыл сайын құрылтай өткізіліп тұрады. Киіз үй тігіп, халықтың басын қосып, ат жарыстырып, қазақ күресінен сайыстар ұйымдастырамыз. Ең бастысы, халықты не алаңдатады? Көңіл көншітер қандай нәтижеге қол жеткіздік? Неден қалыс қалып жатырмыз? Осының бәрін елмен бірге отырып, талқылаймыз. Одан бөлек ауыл тұрғындарының назарына түрлі бастамалар ұсынамыз. Олар келісетінін-келіспейтінін сол жерде айтып, шешім қабылдаймыз. Сол құрылтайлардың көбін Әуелхан Жазитұлы деген белсенді кісі екеуіміз ұйымдастырдық. Біз шетте жатқан бір қауым ел болғандықтан, халықтың басын жиі қосып, осындай құрылтайлар өткізудің маңызы зор. Осындай қарқынмен бес жыл жұмыс істеген соң «Тұлпар» деген фирма ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрдым. Коммерциялық жоба болғанымен, ұлттық ойындарды, атап айтсам, аламан бәйге, теңге алу, аударыспақ, қазақ күресі секілді спорт түрлерін кеңінен насихаттаумен айналыстым. Бірте-бірте бұл жоба да жемісін беріп, діттегенімізге қол жеткізіп, жоспарлаған дүниелеріміз іске асты. Сосын 2008 жылы аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Онда мен әлеуметтік мәселелерге жауапты болдым.
– Қосағаш ауданына таралатын «Шүйдің нұры» газетінің редакторы Арқалық ағай бізге берген сұхбатында «Ресейдегі ұлттық болмысы таза сақталған қазақтар Қосағашта тұрады» деген еді. Аудан көлемінде жұмыс істесеңіз де, мұнда да төл мәдениетті дамытудан алыс кетпеген боларсыз?
– Әрине. Біздің ауданға он бір ауыл қарайды. Сол он бір ауылдың бес ауылында қазақ көп тұрады. Лауазымдық қызмет нұсқаулығында жазылған барлық талапты орындауға тырыстым. Дейтұрғанмен, өзіңіз біліп тұрғандай, төл мәдениетті дамытуды да күн тәртібінен қалдырмадық. Бізде ауданда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін 33 мұғалім бар. Мен сол 33 мұғалімнің 24-ін Қазақстанға жіберіп, семинарға қатыстырдым. Арнайы сертификат иеленіп қайтқан олардың біліктілігін жоғарылатуға мүмкіндік жасадық. Одан бөлек, қазақ тілінде үш халықаралық конференция өткіздік. Бізге Қатонқарағайдан білікті мамандар келді, содан соң олар өздері өткізген конференцияға бізді шақырып, екеуара байланыс орнаттық. Содан соң Шығыс Қазақстан облысындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушыларымен екі рет конференция өткіздік. Жазғы каникул кезінде оқушылардың басын қосып, салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған лагерь ұйымдастырдық. Оларды қазақ тілінен өткен олимпиадаларға жібердік. Ауданнан шыққан екі соғыс ардагері Жәнібек Елеуісов және Қыдран Туғамбаевтың құрметіне қазақ күресінен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Онда өзіміздің балуандардан бөлек, Қазақстан, Моңғолия атлеттері де күш сынасты. Тарихта тұңғыш рет Қазақ мәдениетінің күнін атап өттік. Сол кезде Мәдениет министрі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға хат жазып, артынша кездесіп, мәдениет күні секілді маңызды іс-шарада Халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың Қосағашқа ат басын тіреуіне мұрындық болдық. Әкім орынбасары қызметінен кеткен соң, 2014 жылы «Қазақ нұры» деген атпен Алтай республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығын аштым. Қол босағандықтан, жұмыс қарқыны бұрынғыдан бетер үдей түсті. Аудан көлемінде бірінші рет білім бөлімімен бірлесіп, «Балапан» балалар фестивалін өткіздік. Одан бөлек, Орта Азиялық университеттің профессорларын шақырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыратын конференцияның өтуіне мұрындық болдым. Олар Қазақстаннан алып келген түрлі оқулық пен журналдарды таратып, мұғалімдерді қарық қылды. Біз ұйымдастырған Шәмші Қалдаяқов атындағы ретро фестиваль де көпшіліктің есінде. Сол кезде бізге Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған марқұм Бердібек Сапарбаевтың көмегі көп тиді. Ол кісі бізге ұлттық киімдер, қазақша оқулықтар, тіпті домбыра сыйлап, жоқ нәрсеміздің түгелін түгендеп берді. Ерекше қамқорлық танытып, үлкен қолдау көрсетті. Мұндай кезде екі есе жұмыс істегің келіп тұрады ғой. Сондықтан бұрын-соңды болмаған жобаларды іске асырып, белсенділігіміз арта түсті. Екі рет ақындар жарысын өткіздік. «Мен – қазақпын» мега жобасына үміткерлерді іріктеуге атсалыстық. Іріктеуден өткендер Астанада өткен финалда абыроймен бақ сынады. Одан бөлек, жергілікті және Моңғолия қазақтарының қатысуымен Алтынбек Қоразбаевтың 70 жылдығына орай конкурс өткіздік. 2018 жылы «Шаншар» театрының жетекшісі Уәлибек Әбдірайымов қолдау көрсеткен соң, Қосағаштағы мықты әншілерімізді Қазақстанға бастап апардым. Сөйтіп, «Шаншармен» бірге Түркістан облысындағы аудандарды аралап, Шымкентте үлкен концерт қойдық. Одан өзге, ұлттық ойындарымызды да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Мереке болсын, болмасын, үнемі өткізіп тұруға тырыстық. Сосын бізге осының бәрін басып шығаратын, ел ішінде жария қылатын басылым керек екенін түсіндім. Сөйтіп, 2019 жылы «Ұлы Жібек жолы» деген атпен газет аштым. Алайда үш жылға жалғасқан пандемиядан соң, мүмкіндігіміз шектеліп, анау айтқандай ештеңе істей алмадық. Бірақ 2022 жылы басылым шығару ісін қайта қолға алып, апта сайын шығарып тұрдық. Алайда қазір айына бір рет қана шығамыз. Өйткені қазір «Ұлы Жібек жолы» газетінен бөлек, «Қосағаш-ТВ» деген атпен ашқан телеарнаның жұмысы да көп уақытымыз бен назарымызды алып тұр. Екеуінде де өзім бас редактор қызметін атқаратындықтан, екеуін қатар алып жүру қиынға соғып тұр. Дегенмен шама-шарқымыз жеткенше екеуін ақырындап жүргізіп келеміз.
– «Қосағаш-ТВ» телеарнасын ашуға не түрткі болды? Мәдени орталық атқарған жұмысты басылымға шығарғаннан бөлек, көгілдір экран арқылы да көрсеткіңіз келді ме?
– Ол да бар. Алайда басты себеп – ел ішінде қордаланып қалған өзекті мәселелерді жария қылу, шешілуі оңай проблемаларды сөз ету. Біз бұл мәселелерді аудан көлемінде мың бес жүз данамен тарайтын газетімізде де көтергенбіз. Дейтұрғанмен, телеарнаның жөні бөлек қой. Сөйтіп, ақылдаса келе телеарна ашқан абзалырақ деген тоқтамға келіп, лицензия алудың амалын қарастырдық. Былтыр «Ұлы Жібек жолы» деген атпен фестиваль өткізіп, ат жарыс, қазақ, алтай күресінен сайыс ұйымдастырғанбыз. Сол кезде әкімдер мен белсенділерді шақырып, телеарнаның тұсаукесерін өткіздік. Кабельді телевизия арқылы таратылатын бұл телеарна биыл қаңтар айында көрерменге жол тартты. Аяқ алысымыз жаман емес. Қатарымызда кәсіби журналистер болмаса да, сапалы дүние жасауға тырыстық. Алдымен қазыналы қарттарымызбен сұхбаттасуды қолға алдық. Олардың өмірбаянын, жүріп өткен жолын, тыңдай бергің келетін әңгімелерін қазір пленкаға түсіріп алмасақ, ертең кеш болады ғой. Олардың әңгімесінің тәрбиелік мәні зор болғандықтан, бұл түсірілімдер болашақ ұрпаққа көрсетер дүние екені айтпаса да түсінікті. Өзім арнайы рубрика жүргіземін. Дегенмен ашылғанына аз уақыт болған телеарнаның контентін қатырып жатырмыз деп айта алмаймын. Сапалы жұмыс істеуге қажет жабдық болмағандықтан, біраз идеямыз ішімізде пісіп жатыр. Көбіне өзіміз түсірген ескі материалдарды монтаждап, беріп жатырмыз. Одан бөлек, заңға қарсы келмейтін дүниелерді ұсынудамыз.
Алдағы уақытта жабдықтарды түгендеп, жаңалықтар топтамасын жүргізетін дикторды жұмысқа шақырып, қосымша журналистерді жұмылдыруды мақсат етіп отырмын. Сол күнге тезірек жетсек екен деген ниетпен қазір Қазақстанға іссапармен келіп, жауапты адамдармен сөйлесіп, ары-бері шапқылап жүрмін. Былайша айтқанда, контент жинай алмай жүрмін.
– Ресейде бұған дейін қазақтілді телеарна болған ғой, иә?
– Жоқ.
– Сонда сіз Ресейде қазақтілді телеарна ашқан тұңғыш қазақ болып тұрсыз ғой?
– Солай болып тұр ғой (күліп).
– Бұл телеарнаны тек Алтай қазақтары көре алады ғой сонда?
– Иә. Қазір жиырма екі мың абонент бар. Жалпы, халықтың біздің бұл бастамамызға деген көзқарасы керемет. Көргісі келетін дүниелерді ортаға салып, кері байланыс орнатады. Көп жағдайда «Мына бағдарлама жақсы шығыпты» деп ағынан жарылып, хабарласады. Бірде тоқсанды алқымдаған бір әжейдің сұхбатын бергенбіз. Ол кісінің кіндік қаны тамған жері Қосағаштан жүз қырық шақырым жерде орналасқан екен. Ондағы туыстары әжейді күнде көре бермейді. Сол кісі туралы бағдарлама шығарған кезде, ағайын-туыстары бірінің соңынан бірі маған телефон шалып, алғысты қарша боратты. Әжейді көптен бері көрмеген олар біздің телеарна арқылы көріп, көзайым болса керек. Айтып тұрмын ғой, осылай халықтың көңілінен шығатын түрлі нәрсе істеуге болады. Алайда құрал-жабдық жетіспегендіктен, шағын студияда жұмыс істеуге мәжбүрміз. Дегенмен бұл жобаның басталғанына бір жыл да болған жоқ қой. Соған қарамастан шама-шарқымыз жеткенше атқарып жатқан жұмысымызға әлгі әжейдің туыстары секілді тұрғындар оң бағасын беріп жатса, күні ертең «күшімізге» мінген соң, риза болатындар саны арта түсетіні анық. Қазір сервер ауыстырып жатырмыз. Мен Қазақстанға іссапарға кетіп қалған соң, бұл істі тоқтата тұрған едік. Енді жұмысты жандандырамыз.
– Қазақстанға келгенде кіммен кездесе алдыңыз? Кімнен қандай көмек керек?
– Бізге Абзал Сапарбекұлы бастаған «Отандастар қоры» көп көмектесіп жатыр. Жалпы, «Отандастар қоры» биыл ерекше қарқынмен жұмыс істеді ғой. Олар көрсеткен жолды біз жалғап, барынша төл мәдениетімізді насихаттауға күш жұмсап жатырмыз. Өзімізге керек дүниені, қажет контентті сол қордан аламыз деген ниеттеміз.
– «Отандастар қорынан» бөлек, қазақстандық телеарналарға да сұрау салсақ қайтеді? Сізге нақты не қажет? Қазақша деректі фильмдер, мультфильмдер, концерттік бағдарламалар ғой?
– Иә, бізге қазақша контент ауадай қажет. Эфирді пайдалы дүниемен толтыру үшін жан-жаққа жазбақпын. Кеше елге келіп, мұны шешудің бірнеше жолын көрдім, тыңдадым. Үйге барған соң қазақстандық телеарна басшыларына хат жазамын. Бізге керегі – сол өзіңіз айтқан қазақша кинолар, концерттер мен мультфильмдер ғой. Үлкендеріміз қазақша кино көргісі келеді. Немерелері де қазақша мультфильм көріп өссе дейді. Мен қазір осындай дүниелер іздеп, сұрастырып жүрмін. Рұқсатсыз таратуға әсте болмайды. Ол үшін алдымен келісімшарт жасасу керек. Қазақстандық телеарналардың эфирден талай жыл бұрын көрсетілген, архивке салып тастаған ескі дүниелері бізге жарайтын еді. Осы жағынан телеарнаны тізгіндеп отырған бауырлар бізге көмектесіп жіберсе деймін.
– Бұл мәселе оңынан шешіледі деп ойлаймыз! Әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ