Үш өңірде ірі көлемде ақша бопсалаумен айналысқан топ ұсталды
Топта 21-46 жас аралығындағы жеті адам болған.
Алматы облысының ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ведомствоның арнайы жасағымен бірлесіп, Алматы және Жетісу облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының аумағында бопсалаушылар тобын ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, топта 21-46 жас аралығындағы жеті адам болған.
«Бұл факт полицияда ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы (Бопсалау) бойынша тіркелген. Айта кетейік, биыл 11 наурызда Қаскелең қаласындағы қоймалардың бірінің аумағында жоғарыда аталған топтың қатысушылары шетелдік азаматқа қатысты күш қолданып, қоқан-лоққы жасау арқылы ірі көлемде ақша бопсалаған», – деді Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр.
Ұсталғандар қамауға алынды.
«Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексерумен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижелері бойынша іс материалдары түпкілікті шешім қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады», – деді Дулат Қайыр.