Талғардағы аурухана басшысы қызметінен шеттетілді

Лаура Мырзағали қызметтік тергеуге байланысты қызметінен шеттетілді.

Талғардағы аурухана басшысы қызметінен шеттетілді
talgar-aoa.kz
763

A-Class Medical сенімді басқарушы компаниясы Талғар аудандық орталық ауруханасының медициналық директоры Лаура Мырзағалидің қызметіннен шеттетілгенін мәлімдеді.

Аурухананың баспасөз қызметі Лаура Мырзағалидің қызметтік тергеуге байланысты қызметінен шеттетілгенін айтты.

«Бұл шешім жергілікті интернет-қауымдастықтар парақшасында ұсынылған дәлелдер мен материалдар негізінде қабылданды. Шеттетудің мақсаты – Талғар ОАА медицина қызметкерлеріне қатысты заңсыз әрекеттерді тергеудің бейтараптығын қамтамасыз ету», – деп хабарлады Талғар аудандық орталық ауруханасы.

Қызметтік тергеу жүргізу үшін құрылған комиссия ұсынылған деректер мен мән-жайды талдайды.

«Басқарушы компания тергеу барысында объективтілік пен әділдік қағидаттарының сақталуына кепілдік береді», – делінген хабарламада.

Талғар орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметінің өкілдері медициналық мекеме қызметкерлерін тергеу аяқталмағанша ақпарат бермеуге шақырды. Айта кетейік, Лаура Мырзағали нақты қандай себеппен тексеріліп жатқаны айтылмаған. Ауруханадан жұмыстан босатылғанда да оның нақты қандай әрекеттері "теріс қылық" деп танылғаны айтылмайды.

Еске салайық, 2022 жылы Лаура Мырзағали Алматы қаласы Әдеп жөніндегі кеңесінің шешімімен мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін теріс қылығы үшін қызметінен босатылған еді. Кейін Мырзағали Алматыдағы емханалардың біріне бас дәрігер болып тағайындалады деген ақпарат шыққан болатын, алайда әкімдік өкілдері бұл қауесетті жоққа шығарған. 

Серіктес жаңалықтары