«Кедергісіз келешек» — кемел болашақ

Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 432-ге жуық мүмкіндігі шектеулі адамның жеке мәселесі тыңдалды.

«Кедергісіз келешек» — кемел болашақ
gov.kz
792

«AMANAT» партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асырып келеді.  Жобаның мақсаты – еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың жұмысқа тұруына көмектесу және кедергісіз орта қалыптастыру.

Партиялық жоба аясында еліміздің барлық өңірінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда «Кедергісіз келешек» жобасының бас кеңесшісі Сәуле Көпбергенова бұл жобаның маңызына тоқталып өтті.

«234 қоғамдық партиялық бақылау тобы инфрақұрылым нысандарын бақылайды. 1170 адам объектілер мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету сапасына мониторинг жүргізеді. Ол топта барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Биыл нысандарды бақылау және бейімдеу мақсатында 765 рейд жүргізілді», – дейді С.Көпбергенова.

Рейдке шығатын адам нысанның қолжетімділігін қалай тексеру керектігін білу қажет. Сол үшін мониторинг жүргізетін топ мүшелері жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен 20 семинар-тренингке қатысқан.

«Қолжетімді Қазақстан» ҮЕҰ «Инклюзивті қоғамды дамытудың Еуразиялық қауымдастығы» ААҚ-мен бірлесіп мониторингтік топ мүшелері үшін оқыту семинарларын ұйымдастырды», – дейді С.Көпбергенова.

Бас кеңесшінің сөзінше, осы уақытқа дейін қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 432-ге жуық мүмкіндігі шектеулі адамның жеке мәселесі тыңдалды.

«Қоғамдық қабылдау бөлмесіне көмек сұрап келген адамдардың мәселелерін шешуге тырысамыз. Көбінесе мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасу, денсаулық мәселесін шешуде көмек сұрап келеді. Қоғамдық қабылдаулар заңгерлердің қатысуымен жүзеге асады. Кей жағдайда адамға заңгерлік кеңес керек болады», – дейді ол.

Партияның барлық филиалында 496 жұмыспен қамту жәрмеңкесі өтті.

«Партияның барлық деңгейдегі филиалдары еңбек ұжымдарында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырудың 2-4% квотасының сақталуын қадағалау, сондай-ақ оларды себепсіз жұмыстан шығару жағдайларының алдын алуды түсіндіру бойынша кездесулер өткізді», – дейді С.Көпбергенова.

Бас кеңесшінің айтуынша, бүгінде 6 000-нан астам адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты.

Депутаттардың, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша 25 партиялық тыңдау өтті.

«2023 жылы пилоттық режимде еліміздің 6 облысында балаларға сапалы күтім жасау және техникалық құралдармен қамтамасыз ету үшін техникалық оңалту құралдары парктері ашылды», – дейді ол.

Жоба аясында «Болашақ» ҚҚ көмегімен ашылған 43 инклюзия кабинеті, сондай-ақ «Тең мүмкіндіктер әлемі» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп ашылған ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған  бейімделген спорт секциялары ашылды.

«Мұндай секциялар бүгінде еліміздің 24 қаласында жұмыс істейді. Яғни, барлық облыс орталықтары мен шағын қалаларда бар. Бүгін мүмкіндігі шектеулі 500-ге жуық бала бейімделу спорт секцияларына қатысады», – дейді С.Көпбергенова.

«Кедергісіз келешек» жобасының бас кеңесшісі елімізде жылда мәдениет, спорт, білім, өнердің барлық түрі бойынша жетістікке жеткен мүмкіндігі шектеулі жандарға «Жаншуақ» сыйлығы табысталатынын айтты.

«Биыл аталған іс-шара 16-рет өтеді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтендіруге бағытталған  өте жақсы жоба. Биыл 195 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 7 адам сынақтан сүрінбей, келесі кезеңге өтті», – дейді ол.

Сонымен қатар биыл Көкшетауда партия мүшелерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жазғы лагерь ашылды. Бұл идеяны аутизмі және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар айтқан.

Сондай-ақ Шымкентте қалалық мәслихат депутатының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңы ашылды.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтендіру, қоғамдық іс-шараларға тарту мәселелері бойынша партия филиалдары тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып, қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп жатыр», – дейді сөз соңында С.Көпбергенова.

 

Серіктес жаңалықтары