Төрт аптадан соң алаңға ораламын – Асхат Тағыберген
«Келесі ойынға дайындаламыз», - дейді спортшы.
Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Словениядан ұтылып, біріншілікке тікелей жолдама алу мүмкіндігінен айырылды. Осы орайда бұл матчқа жарақатына байланысты қатыса алмаған Асхат Тағыбергеннен ойын туралы пікірін, алаңға қашан оралатынын айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
Bassport.kz cпортшыдан «Қалай ойлайсыз, сіз секілді көшбасшы ойыншылар жарақат алып қалмағанда, ойын есебі өзгерер ме еді?» деп сұрады.
«Оны бір Алла біледі. Әрине, Бахтиер Зайнутдинов, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев немесе мен болғанда, командаға барынша көмектесуге тырысушы едік. Осындайда неге жарақат алып қалдым, неге бұлай болды деп күйінеді екенсің. Дегенмен жігіттер бізді жоқтатқан жоқ деп ойлаймын», - деді Асхат Тағыберген.
Футболшы алаңға қашан шығатынын айтты.
«Бәрі ойдағыдай болса, төрт аптадан соң алаңға шығып жаттығуға кірісемін. Келесі ойынға дайындаламыз», - деді спортшы.