Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт гибридті электр стансасы салынады
Жамбыл облысы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт гибридті жел электр стансасын салу жоспарлануда
Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Франция Үкіметтері арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялады, деп хабарлады turkystan.kz Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келісімнің мақсаты – Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздері, орнықты даму саласындағы ірі жобаларды ілгерілету.
Құжат 2022 жылы қарашада Парижде жасалды. Келісімге сәйкес, Жамбыл облысы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт гибридті жел электр стансасын салу жоспарлануда. Бұл жыл сайынғы көмірқышқыл газының шығарындыларын кемінде 2 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Мирный» жобасы аясында 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны, 2500 уақытша жұмыс орны құрылады. Шамамен 820 млрд теңге инвестиция тартылып, қосымша 3600 млрд кВтсағ «жасыл» энергия өндірілетін болады.