Ойын автоматтарын қадағалайтын бір де бір мемлекеттік орган жоқ – «AMANAT» депутаттары

Ең қызығы, ойын автоматтары мен оларға қажетті жабдықтар елімізде өндірілмейді, толықтай шет елдерден тасымалданады.

Ойын автоматтарын қадағалайтын бір де бір мемлекеттік орган жоқ – «AMANAT» депутаттары
сурет ашық дереккөзден алынды
891

«AMANAT» партиясының депутаттары Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа құмар ойынмен күреске қатысты депутаттық сауал жолдады. 

Қазір  елімізде лудомания, яғни ойынқұмарлықтың өршіп бара жатқаны жасырын емес. Ол – қоғамның үлкен дертіне айналып отыр. Тіпті бұған Мемлекет басшысының өзі назар аударып, оған шектеу қою туралы нақты тапсырма беруге мәжбүр болды. «AMANAT» партиясының Мәжілістегі Фракциясы депутаттары да бұл мәселені тұрақты көтеріп, заң жобасын даярлады. Жуырда біраз мәселені заңмен пысықтаймыз. Дегенмен, азаматтарымыздың ойын құмарлыққа салынуына лотерея ойындарының да тежеусіз көп таралуы алғышарт қалыптастырып отыр, – дейді депутаттар.

Сонымен қатар, депутаттар ұсақ ойын автоматтарының қаупі туралы да ескертті.

Мысалы, елімізде «LOTOMatic», «LOTOclub» сияқты атаулармен жұмыс жасайтын «Сәтті жұлдыз» компаниясынан лицензия алған екі компания бар. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары бір адамдар. Біреуі ақылы арнайы лоторея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады. Лотоклубтың мәселесін заңмен қатаң шектейтініміз анық. Өйткені бұл да казиноның, құмар ойынның бір түрі. Ал, жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылады. Яғни әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек қана ресми тіркелгендері. Бейресми, заңсыз жұмыс жасап жатқан тажалойын жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді. Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіре берісінде осы ойын автоматтары толып тұр. Бұл ешқандай да лоторея сататын автомат емес, ол – нақты казино автоматтары сияқты қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бірмезетте алатын ойын автоматтары, – дейді  «AMANAT» партиясының депутаттары.

Оған қоса, депутаттардың айтуынша, аталған ойын автоматтарын кімнің ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі жас жеткіншек балалар, оқушылар екені анық. Ең қызығы, осы ойын автоматтары мен оларға қажетті жабдықтар елімізде өндірілмейді, толықтай шет елдерден тасымалданады.

Және бұған құқығы бар заңды операторлардан бөлек, түрлі жолдармен астыртын тасымалдаушылар да жетіп артылады. Яки олар кеден арқылы контрабандалық жолмен заңсыз өткізіледі. Тұнып тұрған қылмыстық топтың іс әрекетіне жатады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, еліміздегі бүкіл лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шет елдерден Қазақстан аумағына лотерея терминалдары мен өзге де лотерея жабдықтарын импорттауына толықтай тыйым салу, оларды кеденнен өткізбеуді қолға алуымыз қажет, – дейді депутаттар.

Серіктес жаңалықтары