Алматы тұрғындары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акцияға қатысты
Шынымды айтсам, акция барысында ерлер тарапынан дәл осындай кері байланыс боларын күтпедім
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы болсаңыз, менің қолымды алыңыз!». Дәл осындай бірден көзге түсер ерекше плакатпен Алматыда әлеуметтік эксперимент өтті. Акция барысында ер азаматтар зорлық-зомбылыққа төзбейтінін байқатты.
«Жастар Рухы» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы екінші күн қатарынан қазақстандықтардың жүрегін тебіреткен акцияны өткізіп жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бей-жай қарамайтын ер азаматтар табылады ма? Оны Жастар қанатының белсендісі Асылжан Болат тексеріп көрді. Оның айтуынша мұндай батыл қадамға барған замандастарының артқа шегінбей, белсенділік танытқанына қуанышты болған.
«Шынымды айтсам, акция барысында ерлер тарапынан дәл осындай кері байланыс боларын күтпедім. Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық пен қиянатқа олардың қарсы екенді, нәзік жандыларды қолдап, әрқашан бірге болатынын айтып жеткізді. Барша жігітті біздің акцияны қолдап, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға шақырамын», – дейді Асылжан Болат.
Жастар қанаты белсенділерінің айтуынша, дәл осы бағыттағы әлеуметтік сауалнама, эксперименттер мен акциялар Қазақстанның түрлі аймақтарында өтіп жатыр.
Мәселен, бүгін ғана Жамбыл мен Жетісу облысына қарасты ауылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сауалнама жүргізілді. Оған 100-ге жуық азамат қатысып, тұрғындардың 90%-ы зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейтіп, алименттен жалтарған азаматтарға тиісті жазасын беру керек екенін айтып жеткізді.