Әділетті Қазақстанның алғашқы қадамдары
Бір жылда бағдарламадағы нендей бағыттар бойынша жұмыс басталды? Қандай жұмыс атқарылды?
Президент сайлауы өткеніне бір жыл толды. Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысы бойынша 2023 жылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын. Осыдан соң 2023 жылғы 26 қарашада Президенттің ант беру рәсімі өткен еді.
– Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылады. Осындай жаңа саяси маусымды Президент сайлауы бастап берді. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақытқа созылды. Осы кезеңде еліміздің болашағы туралы түрлі мазмұнды пікірталастар болды. Жұртымыз өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Азаматтық қоғамның кемел институтқа айналғаны айқын аңғарылды. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осылайша, халқымыз 20 қарашада өз таңдауын жасады, – деп Қасым Жомарт-Тоқаев сайлау қорытындысы шыққаннан кейін пікір білдірген болатын.
Өз саласыңда көшбасшы саналатын 450-ден астам Қазақстан азаматы үгіт-насихат кампаниясына белсенді қатысып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын түсіндірумен айналысты.
Жеті жылға жоспар – негізгі үш қағидат
Президент атқарылатын жұмыстарды негізгі үш қағидатқа топтастырған болатын. Оның ең алғашқысы әрі ең маңыздысы – саяси жаңғыру.
– Барлық шешімді екшеп, ашық әрі әділ, ең бастысы – қоғам мүддесі мен талабын ескере отырып қабылдаймыз. Сондықтан бірінші қағидат саяси жаңғыру үдерісін жалғастыруды, мемлекеттік және корпоративтік кәсіби басқаруды енгізуді көздейді. Үкімет, әкімдік, сот, прокуратура мен полиция қызметі азаматтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты негізгі міндеттерді шешуге бағытталады, – деп айтылған Президенттің сайлауалды үндеуінде.
Ал екінші қағидат ел ресурсын тиімді пайдалануға негізделген экономика құру туралы болды.
– Екінші қағидат азаматтар, бизнес және мемлекет мүддесі мен игілігі теңгеріміне, сондай-ақ ел ресурсын тиімді пайдалануға негізделген экономика құруды білдіреді. Сол үшін қоғамның жұмыспен жоғары деңгейдегі қамтылуын, азаматтардың әлеуметтік ауызбірлігін, сонымен бірге теңгерімді аумақтық дамуды қамтамасыз ететін өнімді еңбек нарығы құрылады, – деген еді Мемлекет басшысы. Естеріңізде болса, биылғы 1 қыркүйектегі Жолдау да осы тақырыпқа, яғни әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына арналған болатын.
– Дамыған әлеуметтік инфрақұрылым жасауды және адам әлеуетін іске асыру үшін жан-жақты мүмкіндік беруді көздейді. Біз саламатты, білімді, еңбексүйгіш, әлеуметтік қорғалған және отаншыл қоғам қалыптастырамыз, – бұл – үндеудегі үшінші қағидат.
Қазақстан азаматтарының жақсы өмір сүргенін қалайтынын айтқан Президент халықтың қолдауының маңызы туралы да айтты.
– Аталған өзгерістің бәрін жақын арада жүзеге асыруға ниеттімін. Халық қолдауы осы мақсаттарға жетудің басты кепілі болады. Көзделген игі өзгерістерді іске асыруға неғұрлым көп азамат қатысса, нәтижеге соғұрлым тезірек жетеміз, – деп сол кезде Президент сайлауалды бағдарламада айтылған жоспарлар мен көзделген нәтижелер жақын арада жүзеге асатынын айтқан.
Бір жылда бағдарламадағы нендей бағыттар бойынша жұмыс басталды? Қандай жұмыс атқарылды?
Өңірлік саясаттағы өзгерістер
– Ең алдымен экономика, әлеуметтік сала мен өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер туралы бастама көтермекпін. Алдағы реформалар халықтың мұң-мұқтажына тиімді жауап болмақ, сонымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұрақтылығымызды күшейтпек, – деген еді Президент сайлауалды үндеуінде.
Жалпы, аймақтарға байланысты өзгерістер сайлауға дейін де басталған болатын. Мәселен, елімізде жаңадан үш облыс құрылды. Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Ал биыл бұл тәжірибе аудан әкімдерінің сайлауына ұласты. 5 қазан күні Қазақстанның 17 облысында аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау қорытындысын жариялады. Бұл сайлау Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өткізілді. Сайлау кезінде 1 553 сайлау комиссиясы жұмыс істеп, оған 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1 491 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылған.
Одан бөлек, биылғы Президент Жолдауында бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту мәселесі көтерілді. Соның ішінде, аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру туралы тапсырма берілді.
Былтыр «бюджетті басқарудан» «нәтижені басқару» тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тапсырғанын еске салған Президент бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табатынын айтты.
– Тағы бір аса маңызды мәселеге, яғни бюджет саясатына тоқталайық. Мен былтыр «бюджетті басқарудан» «нәтижені басқару» тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табады. Бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Бюджет жүйесін реформалауға қатысты көтерілген тағы бір назар аударарлық мәселе бюджетті басқару бойынша аймақтарды мейлінше өз алдына дербес ету болды.
– Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде, әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
159,8 миллиард теңге қайтарылды
– Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әділеттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өткеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәселелерді шешу керек.
Мемлекет монополияларды жояды, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді, – деп айтылған Президенттің сайлауалды үндеуінде.
Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтаруға баса мән беріліп отыр.
2022 жылғы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтарудың ұсынысын әзірлеуді тапсырғаны есте. Маусымда Бас прокуратура активтерді қайтару бойынша арнайы комиссия құрған болатын. 18 шілде күні сол комиссияның жиыны өтті. Елімізден заңсыз шығарылған ақшалардың бары, ол қаражаттың аз емес екені де бұрыннан белгілі. Қазақстанда байлықтың 55 пайызы бар болғаны 162 адамға тиесілі деген ақпарат тек біздің елде ғана емес, әлем бойынша талқыға түсті.
Биылғы 12 қазанда Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті құрылды.
– Комитеттің міндеті активтерді іздеу және қайтару, осы саладағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау және жою болып айқындалды. Сонымен бірге Комитет – елдің премьер-министрі басқаратын заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Комитет, сондай-ақ шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерге тыйым салу және тәркілеу туралы сұрау жіберуге, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы қазақстандық және шетелдік соттарға талап қоюға, сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (бітімгершілік, процестік және өзге де келісімдер) жасасуға құқылы.
Қазір жауапты мекемелер қайтарылған активтер туралы мәліметті ай сайын жариялап келеді. Антикордың кейінгі ақпаратына сүйенсек, 2021 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 миллиард теңге болатын мүлік активтері мен ақшалай қаражат қайтарылған. Оның ішінде 159,8 миллиард теңгесі – шетел юрисдикцияларынан түскен қаражат. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті.
Атап айтар болсақ, Австриядан 36,8 миллиард теңге, Лихтенштейннен 116,7 миллиард теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 миллиард теңге, Түркиядан 253 миллион теңге қайтарылған.
Агенттік мәліметінше, қазір Ыстанбұлдағы пәтер, Франциядағы үй, БАӘ-дегі екі вилла және Мәскеудегі «Снегири Эко» және «Золотые ключи» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Антикор аталған жылжымайтын мүліктердің видеосын да жариялаған болатын.
Балалар ұлттық қордан үлесті болды
– Мемлекет өскелең ұрпаққа білім беру үшін осы салаға инвестиция құя береді. Білім саласының барлық деңгейінде қордаланған мәселе шешіледі. Бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өмірі біздің жіті назарымызда болады, – деп айтылған үндеуде.
Биыл жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салына бастайтыны айтылды. Президент былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында мектептегі орын тапшылығы мәселесіне тоқталып, жемқорлардың заңсыз иемденген қаражаты түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы керек екенін айтқан болатын.
7 наурызда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қайтарылған ақшаға 70-тен аса мектеп салынатынын мәлімдеді. Президент мәлімдемесінен кейін бұл тапсырманың орындалу-орындалмауы екіталай деген мазмұндағы пікірлер айтылды. Сол кезде бұл сөздің жаны бар сияқты көрінген. Себебі жемқорлардан «ақша қашан қайтарылады, қалай қайтарылады, ол қанша ақша болуы мүмкін?» деген сұрақтардың жауабы бұлыңғыр болды. Яғни, қолда жоқ, қашан болатыны белгісіз, қайдан келетіні беймәлім қаражат. Сәйкесінше, мектептердің құрылысы қашан басталатыны, жемқорлардан жиналатын ақша қанша мектеп салуға жететіні де түсініксіз еді. Дегенмен Президент Жолдау жасағаннан кейін екі айдан соң, 2022 жылғы 10 қарашада Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» есепшотына 50 миллиард теңге түскенін мәлімдеді. Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-Министр тәркіленген қаражатты мектеп құрылысына бағыттау жұмыстары қалай атқарылатынын да түсіндірді. Оның сөзінше, бұл мәселе құқықтық тұрғыдан реттеліп, арнайы жеке шот ашылған.
Одан бөлек, жүзеге асқан тағы бір бастама – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. 16 қарашада Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды. Жобаны Президент өзі ұсынған еді. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар 1 ақпаннан кейін қаражат ала алады.
Яғни, 2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50 пайызы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін, олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді.
Ақшаны балалар шешіп алғанға дейін ол доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыра алады.
Алдын ала болжамға сүйенсек, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жылда 160–170 АҚШ долларын алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, 3,5 мың АҚШ долларын алуы мүмкін.
Су мәселесімен айналысатын жаңа министрлік құрылды
«Біз ауызсу тапшылығы мәселесін біржола шешеміз, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеміз». Мемлекет басшысының үндеуіндегі тағы бір басым бағыт – су мәселесін реттеуге бағытталған еді.
1 қыркүйектегі Жолдауында мемлекет басшысы су ресурсына, оны үнемдеу қажет екеніне ерекше тоқталып, әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғанын айтқан еді.
– Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер, – деді Президент.
Осылайша, Мемлекет басшысының жарлығымен елімізде Су мәселесімен айналысатын жаңа министрлік – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Жаңа министрлік Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бөлініп шықты.
Мемлекет басшысы қыркүйекте Нью-Йорк қаласына сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен жалпы дебатта да су мәселесін көтерген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығы трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі экономикалық және басқа да мәселелер туындатып отырғанына назар аударды. Мұндай жағдай келешекте бүкіл әлемде байқалады. 2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайызға асып кетуі мүмкін.
– Біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралармен бірге осы бір маңызды жаһандық мәселені шешу үшін саяси күш-жігеріміз бен экономикалық ресурсымызды жұмылдыруымыз керек. Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етеді. Біз қоршаған ортаның одан әрі тозуына жол бермеу және бір кездері планетамыздағы аумағы жөнінен төртінші орында тұрған көлдің айналасындағы тіршілікке кері әсерін болдырмау жұмыстарын жалғастырамыз. Қазір әлемдегі ең ірі көл – Каспий теңізі де суының тартылуы, су арналарының бұрылуы, флорасы мен фаунасының ластануы сияқты экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізін құтқару мәселесі ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты қажет ететін ортақ басымдыққа айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Ауылды дамыту тұжырымдамасы бекітілді
«Ауылда өмір сүру, жұмыс істеу қаладан еш кем болмайтындай етіп, ауылшаруашылығын қайта жандандырамыз. Фермерлер экономиканы ілгерілетуші жаңа күшке айналады. Мемлекет ауыл тұрғындарын кәсіби медицинамен қамтамасыз етеді». Бұл да – сайлауалды жоспардың бір бағыты.
10 сәуірде Үкімет ауылдарды дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті. Құжаттағы жоспарлар мен міндеттер 2027 жылға дейін жүзеге асуы керек. Міндет жүктелген бірнеше жауапты мекемелердің ішінде негізігі жауапкершілік Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді.
2022 жылғы 26 қарашада Президент «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Одан бөлек, Үкімет ауылды дамытудың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеу туралы тапсырма алған болатын. Ауылдарды дамытуға бағытталған жаңа тұжырымдама бұған дейін қабылданған, қолданыстағы барлық жоба мен жоспар біріктірілгені, жүйеленгені айтылған еді. Бұл тұжырымдаманың жобасында да көрсетілген. Жауаптылардың сөзінше, жоспар ауылдардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған.
Құжатта ауылдар мен аймақтар игерілу және ауыл шаруашылығы үшін пайдалану сипаты, даму әлеуетіне байланысты 4 типке жіктеліп, оның әрқайсына жеке жоспар жасалған. Мақсаты – ауылдағы халыққа жағдай жасау. Егер тұжырымдамадағы көзделген мақсат шынымен орындалар болса, ауылдардың тамырына қан жүгіріп, екінші тынысы ашылары анық.
Сыртқы саясаттағы серпіліс
– Біз ұлттық мүддені қорғауды, барлық мүдделі мемлекетпен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сыртқы саяси бағытты жалғастыра береміз, – деп Президент сайлауалды бағдарламасында сыртқы саясатта ұстанатын бағытын нақты айтқан болатын.
Президенттің бір жыл жұмысында сыртқы саясат бағытындағы жұмыс жемісті болды. Сыртқы геосаяси ахуал шиеленгісіп тұрған шақта, бұл – аса маңызды. Мемлекет басшысы көптеген елге сапарлап, түрлі мемлекетпен ынтымақтастықты дамытты, көптеген елмен түрлі салада келісім орнады. «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты. БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті. Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті. Нью-Йорк қаласына сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен жалпы дебатқа қатысты.
Елдер ғана емес, сонымен қатар ірі халықаралық корпорациялар қорларымен өткен кездесулердің де маңызы зор. Көбінесе экономика, логистика, қаржы, цифрландыру салалары бойынша жүздесулер өтті. Бұл да экономикамызды дамыту тұрғысынан аса маңызды. Дәл қазір осы салалар біздің экономикамыздың дамуының жаңа нүктелері болуы керек.
Атап айтқан негізгі жаһандық, аймақтық мәселелерден бөлек, Президент Ауғанстандағы ахуалға тоқталды, су мәселесі, климат мәселесі, конфессияаралық диалог проблемалары көтерілді. Осылайша, Президент сыртқы саясаттағы бағытымызды іске асыруға бағытталған процесті жалғастырып жатқанын көріп отырмыз.
2023 жылғы І тоқсандағы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 7,6 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы сәйкес кезеңдегі қорытындыға қарағанда 694 миллион АҚШ долларына артық.
Ермек ТОҚТАРОВ,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:
«Әлеуметтік мемлекет» және «әділ мемлекет» азаматтарға лайықты өмір сүру үшін қажеттінің бәрін беруге міндетті
– Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі – өркениетті қоғамның дамуының ажырамас бөлігі. Азаматтардың әлеуметтік осал тобына қолдау көрсету қоғамды нығайтып, әділдікке қол жеткізуге ұмтылатын елдер үшін негізгі өлшемшарт деуге болады. «Әлеуметтік мемлекет» және «әділ мемлекет» азаматтарға лайықты өмір сүру үшін қажетті нәрсенің бәрін беруге міндетті.
Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған міндеттердің орындалу барысын талдай отырып, біздің еліміз қоғамның және осал топтардың мүддесі басты назардағы басқарудың әлеуметтік түрін қабылдады деген тұжырым жасауымызға болады.
Жақында еліміздегі әлеуметтік жағынан әлсіз азаматтардың санын анықтаудағы қиындық еңсерілді. Бұрын созылмалы аурумен ауыратын азаматтар туралы ақпарат жоқтың қасы еді, сондай-ақ мамандандырылған инфрақұрылымның жоқтығы қолдаудың тиімділігін бағалауда қиындық туғызатын. Мемлекет басшысының бағалауы бойынша, мұның бәрі мемлекеттің салғырттығы мен азаматтардың өз құқығын түсінбеуіне әкеп соқтырды. Осылайша, Әлеуметтік кодекс әзірлеу және азаматтарды қолдаудың барлық жүйесін қайта қарау туралы шешім қабылданды.
Қосымша мемлекет көмегін алуға құқығы бар азаматтар санаты 10-нан асады. Қолдау тетігін ашық әрі түсінікті ету үшін әлеуметтік бағдарлама алатындар мен әкімшілерге бірдей түсінікті болатын бірыңғай құжат қажет болды. Дәл осы тұста мемлекеттік қызмет алуды жеңілдеткен және азаматтарды тиімді қолдаған «Отбасының цифрлық картасын» жасау маңызды қадам болды. Бүгінде онда 19,7 миллионнан астам қазақстандық немесе 6 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған. Бұл инновациялық жүйе 64,4 мың жұмыссыз қазақстандыққа қолжетімді жұмыс және тегін оқыту туралы ақпарат беріп жатыр.
Бұдан бөлек, жастар санатының 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғаюы қосымша 5,7 миллион азаматтың мемлекеттің қолдау бағдарламасына ілігуіне септігін тигізді. Биыл 9 мыңға жуық жас азамат, оның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдері 2,5 пайыз жеңілдігі бар кредиттердің артықшылықтарын пайдаланып, қайтарымсыз грантқа ие болып, өз бизнестерін табысты іске асыруға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап барлық өңірде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 97 мың баланы балабақшаларда тегін тамақтандыру мәселесі шешілді. Осылайша, мемлекет мектепке дейінгі мекемелерде тегін тамақтану мәселесін шешіп, қаржыландыруды өз мойнына алды.
Әлеуметтік қолдау жүйесінің шарықтау шегі 16 қарашада Президент Қ.Тоқаевтың «Ұлттық қор – балаларға» жобасын бекіту туралы заңға қол қоюы болды. Жаңа бастамаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызы ресми түрде балалардың арнайы шотына аударылатын болады. Кәмелетке толғаннан кейін қаражатты үй алуға немесе білім алу үшін пайдалануға болады. Келер жылы 1 ақпанда балалардың шотына қаражат аударыла бастайды. Ол доллармен сақталып, 18 жасқа толғаннан кейін теңгемен беріледі.
«Біз өзара байланысты үш қағидат негізіндегі жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз: әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам». Осылайша, Президенттің бір жылда атқарған жұмыстарының басты-басты дегендеріне шолу жасап өттік. Бұл жыл, әрине, одан бұрынғы жоспарлар мен жобалардың жүзеге аса бастаған, құқықтық тұрғыдан негізделген кезі болды деп қорытындылауға болады. Жұмыстардың нәтижесі, әрине, алдағы уақыттың еншісінде.