«Ұр тоқпақты» кім тоқтатпақ?

Соңғы 4,5 жылда үйдегі зор­лық-зом­былықтан 869 адам көз жұмған.

«Ұр тоқпақты» кім тоқтатпақ?
сурет ашық дереккөзден алынды
1589

Отбасы – шағын мемлекет. Бірақ сол шағын мемлекеттің ішінде мәміле болмаса, керісінше зорлық-зомбылық «гүлденсе», оның кесірі отбасының әрбір мүшесіне, қала берді ортақ Отанымызға да тиеді. Статистика бойынша зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрі әр бесінші үйде бар екен. Тұрмыстағы әлімжеттік тек Қазақстан қоғамына тән сырқат па? Бұған қалыпты құбылыс деп қарауды ұлттық менталитетпен ақтауға бола ма? Отбасындағы озбырлықпен қалай күресеміз? Заң не дейді? Қазақ әйелінің қашан таяқтан көзі ашылады? 

Кодексті түзету еркекті түзей ме?

2017 жылы отбасындағы әлімжеттік туралы баптар Қылмыстық кодекстен алынып тасталды. «Сабау» және «Денсаулыққа қасақана жеңіл дәрежеде зақым келтіру» баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске көшті. Яғни, кінәлілер айып­пұлмен құтылады. Билік заңдағы өзгерістің себебін «Агрессор қылмыстық баппен сотталса, онда тарап­тардың татуласуы қиындайды» деп түсіндіріп, «Қыл­мыс жасады деп ауыр жаза берудің орнына про­фи­лактикалық жұмысты күшейту керек» деген шешімге кел­ген болатын. Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы кезінде бұл тура­лы «Қазақстан заңнамасы іс жүзінде зәбір көр­сетушіге ақша төлеп, күш көрсетуге құқық береді» деп жазған болатын. 
Конституциямызда адамның қадір-қасиетіне қол сұғыл­майды, әркім ар-намысы мен абыройын қорғау­ға құқылы деп анық жазылған. Алайда БҰҰ есебі бойын­ша, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбы­лық­тан жыл сайын 400 әйел көз жұмады екен. Бұл тізім­ге мертіккен, іштен тынған, қорланған, зорлан­ған аруларды қосып отырған жоқпыз. 

Ұлттық статистика бюросының дерегіне көз салайықшы. Әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны: 2010 жыл – 42 574, 2011 жыл – 78 503, 2012 жыл – 108 752, 2013 жыл – 137 336, 2014 жыл – 136 705, 2015 жыл – 65 325, 2016 жыл – 124 298, 2017 жыл – 119 608, 2018 жыл – 115 285, 2019 жыл – 96 750, 2020 жыл – 63 447, 2021 жылы – 61 464, 2022 жыл – 61 277.  Тағы бір мәліметке сүйенсек, соңғы үш жылда тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер саны 25 пайызға көбейген. 

Отбасындағы зорлық-зомбылық мә­се­лесі Мемлекет басшысының да на­зары­­нан тыс қалмай отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларды зор­лық-зомбылықтан қорғау үшін арнайы жасақ құрамын қалпына келтіруді сонау 2021 жылы тапсырған болатын. 

– Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зом­­былық – маңызды әлеуметтік проблема. Жыл сайын елімізде әйелдерге қарсы 2,5 мың­нан аса қылмыс тіркеледі. Оның ішінде өлім­мен аяқталғаны бар. Зорлық-зомбылық сал­дары әйелдердің қоғамға араласуына және от­­басы институтына теріс әсер етеді. Бұл өзек­­ті мәселені мемлекеттік органдар мен үкі­­меттік емес ұйымдар бірлесіп қана шешуге бо­ла­ды, – деді Президент Ұлттық қоғамдық се­­нім кеңесі отырысында.
Алайда әйелдерге қатысты зорлық мәсе­лесінің ауқымы жылдан-жылға кеңейіп, Пре­зидент бұл мәселені былтырғы Жолдауында та­ғы да көтерді: «Отбасылық зорлық-зом­бы­лықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қо­ғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қор­ғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс еке­ніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұр­мыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соға­ды. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай де­­сек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бе­тер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүл­дем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп са­наймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен не­месе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олар­мен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті ша­ралар қолдануы керек», – деген болатын. 

Бас прокуратураға мәселені май шаммен қарап, жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тап­сырған Мемлекет басшысы тұрмыстағы әлімжеттікті қылмыс санатына жатқызудың орын­ды немесе орынсыздығын анықтау тура­лы нұсқау берген болатын. Президент  тап­сыр­масына сай биыл 1 шілдеден бастап Қа­зақ­станда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қа­тысты әкімшілік және қылмыстық жауап­кершілік күшейтілді. 

Ендігі жерде отбасылық жанжалға куә бол­ған кез келген адам полицияға шағымдана ала­ды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау де­регі бойынша хаттама жасау үшін қазір куә­герлердің, көршілердің айғақтары, бей­неба­қы­лау камералары мен бейнетіркегіштің жаз­балары жеткілікті. Әрине, соңғы шешімді сот қабылдайды. Алайда тараптарды қайта тату­ластыру мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл өз кезегінде зардап шеккендерге психо­ло­гия­лық қысым жасауды тоқтатуға мүмкіндік бе­ре­ді. Жаңа заңнама бойынша әкімшілік қа­мау­ға алу мерзімі 3 тәуліктен 5 тәулікке ұзар­тыл­ды. Негізі, отбасында тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық көрсеткен жәбірлеуші 5-тен 20 тәу­лікке дейін қамауға алынады. Ал егер ден­сау­лық­қа орташа не ауыр дәрежеде зиян келтірсе, Қыл­мыстық кодексінің 106-107 баптарымен қыл­мыстық жауапкершілікке тартылады. 

Тұрмыстық құқықбұзушылық үшін жауап­кершілік күшейтілгеннен кейін соңғы төрт айда (шілде-қазан) жауапқа тар­тыл­ғандар саны артқан. Мәселен, биылғы екін­ші тоқсанда 7 мың адам жауапкершілікке тар­тылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адам болған. Алайда Әкімшілік және Қыл­мыстық кодекстерге енгізілген түзетулер ер­лер қауымын түзете алмай отырғанын ста­тистика көрсетіп отыр. Яғни, заңмен жаза­ланған жәбірлеушілер саны екі есе өскен. 

Заң бәріне бірдей ме?

Жақында бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың өз әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны қоғамды селт еткі­зіп, әйелдер қауымын дүр сілкіндірді. Мем­ле­кеттік деңгейде резонанс тудырған оқиғаны Президент Ішкі істер министрлігіне ерекше ба­қылауға алуды тапсырды. «Елімізде тұрмыс­тық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзу­шы­лықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптас­тыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жо­лын кесу керек», – деді Қ.Тоқаев.
Президент жанындағы Әйелдер істері жә­не отбасылық-демографиялық саясат жө­нін­дегі Ұлттық комиссияның отырысында Мә­де­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева мем­лекет тұрмыстық зорлық-зомбылықпен кү­ресу үшін қабылдап жатқан шараларға қара­мастан, бұл мәселе әлі де өзекті күйінде қа­лып отырғанына қынжылыс білдірді. 

«Егер биылғы жылдың екінші тоқсанында жеті мың адам жауапқа тартылса, үшінші тоқ­санда – 27 мыңға жетті. 60 мың адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Оларға қатысты 75 мың қорғау нұсқамасы шығарылды. Сот тәртіп бұзушылардың тәртібіне 12 мың ар­найы талап қойды. Сонымен қатар жыл басы­нан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар са­ла­сындағы құқықбұзушылықтар туралы хабар­ла­маларды тіркеу 20 пайызға, оның ішінде қыл­мыстық – 4,2 пайызға, ауыр – 12 пайызға тө­мендегені байқалды», – деді Балаева. Ми­нистр елде кез келген құқық тәртібін бұзудан мүлдем бас тарту жағдайын қалыптастыру жә­не әйелдер мен балаларға қатысты кез кел­ген зорлық-зомбылықтың жолын кесу қажет деп санайтынын мәлімдеді. 
Кешегі аптада Мәжіліс отырысында де­пу­тат­тар да әйел мен бала құқығы мәселесін кө­терді. «AMANAT» партиясының депутаты Жұл­дыз Сүлейменова жүздеген қазақстандық әйел­дің өміріне, денсаулығына, болашағына қауіп төніп тұрғанына алаңдаулы. 

 – Зерттеулерге сәйкес, 2021 жылы үйдегі зор­лық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жет­кен екен. Ал ондай абьюзерлердің көбіне ке­шірім беріліп, босаған, ал олардың тек 39 пайы­зы ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкім­шілік қамауда отырған, – деді депутат. 

Халық қалаулысы «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне әйел­дер­дің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне» ар­налған заң жобасы әзірленгенімен, аталған тұ­жырымдаманы «қыңыр мүдделі» топтардың араласуымен Үкіметтің қолдамай отырғанын ашық айтты. Әртүрлі себептермен әлі Мәжі­ліс­ке жете алмай жатқан заңның ары қарайғы тағ­дыры қандай болары белгісіз...

Тұрмыс тауқыметін тартқандар

Алматы қаласындағы «Жан-Сая» Дағдарыс орталығының психологы Маржан Ізтілеуова қо­ғамдағы патриархалды көзқарастың басым­ды­ғы, әйелдерге қоғамның таңған шектеулері мен ережелері отбасындағы ұрыс-керістерге жиі себеп болып отырғанын жоққа шығар­май­ды.  

– Қандай қоғамда өмір сүрсек те, қандай ұста­нымдарға сүйенсек те, біреуді ұру – адам­ның жеке өзінің шешімі. «Сен мені осындай күй­ге алып келдің» деп, жасаған әрекетінің жауап­кершілігін жәбірленушіге жауып, өзінің зор­лық-зомбылық жасағанын басқаша көз­қарас­пен ақтап алғысы келеді. Әр ер адамның әйе­ліне қол көтеруінің себебі әртүрлі. Сон­дықтан заңды қатаңдатудың қажеті жоқ. Ең бастысы заңға агрессормен психокоррекция­лық жұмыстар жүргізу туралы өзгеріс енгізу ке­рек. Егер агрессор осы бағытта жұмыс істесе, өзін өзгертуге күш салса, мәселе өзгереді. Зәбір көргендермен, агрессорлармен, куәгерлермен топ­тық терапия жұмыстары жүргізген дұрыс. Біз қоғам болып мәселенің салдарымен емес, себебімен күресіп, түп-тамырымен жоюымыз керек, – дейді Жансая Талғатқызы. 

Психологтың сөзі де қисынға келетін се­кілді. Қолданыстағы заңды қатаңдатсақ, жә­бірлеушілерді қамап, қатаң жазалағаннан ол қаншалықты түзеледі? Ертең түрмеден шығып тағы бір әйелдің сорын қайнатпасына кім ке­піл? 
Нәзік жандылардың жауапты органдарға жү­гінудегі басты мақсаты – ажырасу емес, өзін-өзі қорғау. Олар күйеуінің төмпештеп ұр­ға­нын, тепкілегенін көргісі келмейді. Алай­да елімізде жауапты органдар адамның мінез-құл­қын психологиялық түзету бойынша жә­бір­ленушімен, зәбірлеушімен жүйелі жұмыс жүр­гізілмейді. Жаңа заңнама бойынша по­лицейлердің зардап шегушілермен қарым-қа­тынас жасауға тыйым салу шараларын қол­дануы, қамаққа алуы – ерлі-зайыптылар ара­сындағы шиеленісті одан әрі ушықтыра тү­се­тіні жасырын емес. 
Аталған шиеленісті мәселеден бөлек ж­ә­бір­ленушінің жазған арызы аяқсыз қалып жа­татын кез де жиі кездеседі. Әсіресе, ауылдық жер­лер де әйелдер жиі зәбір көретіні жасырын емес. Алайда келген жеріне тастай батып, су­дай сіңуді ғана ойлайтын келіншектер ажы­ра­суға асықпайды. Өйткені «қайтып келген қыз жаман». Учаскелік полиция қызметкер­лері­нің мұндай істерге салғырт қарайтыны, ағайынгершілікке салып татуластырып, жабу­лы қазан күйінде қалдырғысы келетіні жиі айтылып жүр. Алайда Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген сауалнама нә­ти­жесін көріп таңғалмасқа шарамыз жоқ. Сауал­намаға сенсек, ауыл тұрғындары Қазақстанда үй­дегі зорлық-зомбылық проблемасы жоқ деп са­найды екен. Қалалықтар, керісінше, бар дейді. Мұны қалай түсінеміз? Ауыл-аймақта шы­нымен әлімжеттік жоқ деген қорытынды жа­сау шындыққа қаншалықты жанасады? Әл­де ауыл халқына ақпарат жетпей жатыр ма?

Себебі мен салдары

Қазақстан қоғамдық даму институты 2021 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың не­гізгі себептері туралы сауалнама жүргізген екен. Респонденттердің 55,9 пайызы – жұмыс­сыз­дықты, 52,8 пайызы – зиянды әдеттерді (мас­күнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық), 25,4 пайызы – моральдық-психологиялық және физикалық зорлық-зомбылықты, 22,7 пайы­зы – таптаурын ұстанымдар мен сенім­дерді, 20,9 пайызы – психологиялық ауытқулар мен бұзылуларды, 15,9 пайызы − білім мен мә­дениеттің төмен деңгейін, 5,8 пайызы − жұ­байынан материалдық және қаржылық тәуел­ділікті, 15,1 пайызы − қылмыстық жауап­кер­шіліктің болмауын, 13,6 пайызы − қоғамдағы агрессияның жоғары деңгейін, 10 пайызы – туған-туыстарының отбасы өміріне араласуын атап көрсеткен. 

Қазақстан Республикасындағы Отбасы­лық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қи­мыл туралы ұлттық баяндамада келтіріл­ген деректер де отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылық мәселесінің өзекті екенін көр­сетеді. Әлеуметтанушылардың «Сіздің ойыңыз­ша, біздің елде отбасындағы қаты­гез­дік (отбасылық-тұрмыстық немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық деп аталатын) мәселесі бар ма?» деген сауалына респонденттердің 72,3 пайы­зы отбасындағы қатыгездік мәселесі кө­бінесе әйелдерге қатысты, 57,2 пайызы бала­лар­ға қатысты, 24,7 пайызы қарт адамдарға қа­тысты, 15,0 пайызы мүгедек адамдарға қа­тыс­ты, 13,8 пайызы ерлерге қатысты болып отыр­ғанын көрсеткен. Респонденттердің тек 7 пайызы ғана Қазақстанда тұрмыстық зор­лық-зомбылық мәселесі жоқ деп жауап берген. 

Ешқандай қыз баласы тұрмысқа шы­ғар­да күйеуімнен жапа шегемін деп ойла­май­тын шығар. Қорғаным, серігім, қорғаушым бо­ла­ды деген жан жарының өзіне жұдырық ала жүгіргенін көргеннен асқан азап болмас әйел баласы үшін. Тепкінің құрбаны болған­дар­дың ішінде барар жері, басар тауы қал­ма­ғандар бүлінген тағдырына іштей налып, сырт­тай үлгілі отбасының рөлін ойнап жүре­тіні анық. Сырты – бүтін, іші – түтін отбасы­ның саны қанша екенін ешкім біле алмас...
Бүгінде отағасы салған ойраннан шарша­ған әйелдер дағдарыс орталықтарын пана­лай­ды. Астана қаласындағы «Үміт» орталығында тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған  құр­бандарының жасы 18-ден 61-ге дейінгі ара­лықта.  Жыл басынан бері орталыққа ота­ғасынан зәбір көрген 50 әйел, 126 бала  келген. Биыл әлеуметтік қызметкерлер мен пси­хо­лог­тардың кеңесіне 270 адам жүгінген. Сенім те­лефонына күніне әртүрлі жағдайға тап бол­ған 3-5 адам көмек сұрап хабарласады екен. Орталық директоры Ғалихан Ихсанұлы­ның айтуынша, дағдарыс орталығы әйелдерге 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеді: тұр­мыс­тық-әлеуметтік, әлеуметтік-психологиялық, әлеу­меттік-құқықтық, әлеуметтік-меди­ци­на­лық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-эконо­ми­калық, әлеуметтік-еңбектік, әлеуметтік-пе­да­гогикалық. 

Орталықта жүріп күйеуімен татуласып, өз от­басын сақтап қалғандар бар ма деп сұраға­ны­мызда: «Өз тәжірибемізде отбасына қайта ора­латын әйелдер де кездеседі. Жыл басынан бері 21 айел күйеуімен татуласып, өз отбасын сақ­тап қалды. Отағасымен татуласып, арты­нан орталық көмегіне қайта жүгінген 5 әйел­дің біреуін өзімізге қайта қабылдадық», – деді Ғалихан Қоқанбеков.  

Директордың айтуынша, бүгінде еркектің әйе­ліне қол көтеруіне маскүнемдік, қарым-қа­тынастан қорқу, қызғаныш, өз ашуын игере ал­мау, стресс, жұмыссыздық, өз жұмысына қа­нағаттанбау, жұмыстағы шамадан тыс жүк­теме, үйдегі ұрыс-керіс, бір-бірін түсінбеу, қол­дамау себеп болып отыр. 
Зорлық-зомбылық ұрып-соғумен шектел­мей­ді. Шын мәнінде, балағаттау, қорлау, сөгу, ба­лалардың жеке өміріне қол сұғу, отбасын тас­тап кетемін деп қорқыту, өз-өзіне қол жұм­сауға итермелеу, балаларды анасына қарсы қол­дану, әйелін өз балаларын ешқашан көр­сет­п­ейтіндігімен қорқыту сияқты жайттар да зорлық-зомбылыққа жатады дейді мамандар. 

«Жан-Сая» дағдарыс орталығының әлеу­мет­тік қызметкері Жазира Бисекенова еліміз­де әйелдерге физикалық күш көрсету түрімен қатар, ішінара психологиялық қысым жасай­тын ерлердің бар екенін айтады. 

– Орталығымызға хабарласатындардың дені – қазақ әйелдері. Одан кейін орыстар, әзер­­­­­байжандар, өзбектер, ауғандар, арасында шетелден келген қандастарымыз да бар.  Ерлі-зайып­тылардың ұрыс-керісіне көбінесе қар­жы­лық қиындықтар себеп болады. Пәтера­қы­ны, несиені төлейтін ақшасы, тұрақты жұ­мы­сы жоқ ерлі-зайыптылар күйзеліске ұшырап, соңында бір-бірін кінәлап ұрсысады. Ақыры қол жұмсауға дейін ұласады. Тәжірибемізде күйеуі­мен татуласып кеткен әйелдердің 1-2 жыл­дан соң қайтадан таяқ жеп, бізге келген жағ­дайлары да кездеседі, – дейді Жазира Елу­жан­қызы.  

Түрмеден «қорған» тапқандар

Ішкі істер министрлігі соңғы 10 жылда от­басындағы зорлық-зомбылыққа байла­ныс­ты қылмыстық істердің күрт көбейгенін жа­сыр­майды. Әсіресе, карантин кезінде үйдегі жан­жал көрсеткіші 41,7 пайыз өскен. 

Біз жоғарыда тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­қа ұшыраған әйелдердің қандай қа­дамдар жасайтынын, оның салдары қандай бо­латынын сараладық. Қиын жағдайға тап бол­ған әйелде бірнеше таңдау бар. Полицияға ша­ғымданып, өзінің құқығын қорғайды не­месе барар жері, басар тауы болмай дағдарыс ор­талықтарына жүгінеді. Орталықта ары қа­рай қандай шешім қабылдайтынын өзі ше­шеді, не татуласады, не ажырасады. Зәбір көр­ген нәзік жандылардың басым көпшілігі – «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп көзге түрткі болмауы үшін құқық қорғау орган­дары­на арыз түсіруден бас тартады. Досқа күлкі, дұш­панға таба болудан арланады. Біздің қо­ғам­­дағы әйелдердің үшінші тобы бар. Олар – әлімжеттіктен әбден зәрезап болып, күйеуін абай­сызда немесе қасақана өлтіріп алып, түр­меден «қорған» тапқандар. Қазір түрмеде отыр­ған әйелдердің 68 пайызы отбасындағы зор­лық-зомбылыққа шыдай алмай баласын жә­не өзін қорғап, күйеуін өлтіріп алғандар екен.  

– «Күйеуім мені ұрды» деп полицияға ша­ғым­дану өте ауыр. Себебі әйелдің сондай есер­соққа тұрмысқа шыққанын ақыры мойын­дауына тура келеді. Алдымен өзіне ұят. Екін­шіден, әйел «балаларымның әкесі» деп аяу­шылық сезімін танытады. Сондай-ақ әдет­тегідей «туысқандар не дейді?» деген ой тос­қауыл болады. Үшіншіден, бір рет қол көтерген еркек ашуға булығып, өлтіріп тастай ма деп қор­қады. Полицияға баруына көп жағдайда бө­гет болатын — қорқыныш сезімі. Құқық қорғау органдарында көбінесе ер адамдардың қыз­­­мет атқаруы да әйелдерді алаңдатады. Әйел үшін басқа ер адамға өз күйеуінің ұра­ты­нын айту – оның алдына тыр жалаңаш бар­ған­мен тең. Сондықтан бұл іске үлкен ба­тыл­дық керек, – дейді «Ажыраспа» жобасы­ның авторы Айна Досмахамбетқызы The Village сайтына берген сұхбатында. 

Бүгінде бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелінің қазасынан кейін қазақ әйелдері арасында «Үндемеу зор­лық-зомбылықтан да жаман» деген көзқарас кеңінен насихатталып, әлеуметтік желіде күйеуінен зәбір көрген әйелдер өз қиындықта­рын, көрген қорлықтарын ашық айта бастады. Әйеліне қол жұмсап, қоқан-лоқы жасайтын­дар­дың арасында шенеуніктер, мемлекеттік қыз­меткерлер, полиция басшылары, беделді тұлғалар да бар. Сондай-ақ тұрмыстағы зор­лық­қа барғандарға жазаны қатаңдатуды талап ететін петицияға 100 мыңнан астам адам қол қойған.  

Психолог Лаура Берікбаланова ер адам бір күнде агрессорға айналмайды дейді. 

– Ер адам отбасына көрсеткен зәбіріне көз жұ­ма қарау, үнсіздік таныту оған «Маған бәрі болады» деген ойды қалыптастырады. Тұрмыс­тық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тану ке­рек. Агрессорлар өз әрекетіне жауап беруге тиіс. Әйелін бір рет ұрған ер адам екі ортада тұр­ған нәзік пердені үзгені, яғни  шектен шық­қаны. Ол өзінің жауапқа тартылмайтынын жә­не әйелдің қорғансыздығын көрген сайын өз әрекетін қайталай береді.  Өз әрекетіне шын өкініп, екінші рет қайталамауға тырысатын ер адамдар некен-саяқ. Қазір елімізде дағдарыс орталықтары агрессорлармен жұмыс жүргізе бас­тады. Біздің жүйеде тек жәбірленушімен жұ­мыс жүргізіледі. Ал агрессорлардың қалып­тас­қан әдеттері, ойлау тәсілі бар. Сондықтан то­лық нәтижеге ер адамның психологиясын түзету арқылы қол жеткізуге болады, – дейді маман. 

Психологтың айтуынша, әйелдің өзін қор­лайтын, ұратын, қысым көрсететін еркектен кете алмауы – өзінің ішіндегі бала кезден қа­лып­тасқан, қоғам таңған «ережелерден» ат­тап өте алмауы.

«Кейде әйелдерді күйеуімнен  кет­сем аш қаламын, балаларымды баға алмай­мын деген қорқыныш ұстайды. Сонымен қа­тар қоғамдағы ажырасқандарға деген көзқарас та көп әйелді тоқтатады. Біз қыздардың құла­ғына «шыдау керек» деген көзқарасты сіңіріп өсірдік. Әйелдің психологиясына мықтап орна­ласқан мұндай көзқарас ары қарайғы өмі­ріне тікелей әсер етеді. Әйелдер белгі­сіз­діктен қорқады, өзгелердің пікірінен қашқақ­тай­ды. Ал ер адам әйелін сыйлап тұрса, ондай әйел­дің жүзі алмастай жарқырап тұрады», – дей­ді  Лаура Берікбаланова. 

Теперіш көрген әйелдердің төртінші бір то­бы – күйеуінің қолынан қаза тапқандар.  Өкі­нішке қарай, бүгінгі статистика көңілге қаяу түсіреді. Соңғы 4,5 жылда үйдегі зор­лық-зом­былықтан 869 адам көз жұмған. Алайда күйеуі­нің қолынан қаза тапқан әйелдерді суи­цид жасады деп қылмыстық іс қозғамайтын жайт­тар да жиі кездесетіні өкінішті-ақ...

Перизат МЫРЗАХМЕТ, журналист, продюсер:

Қазақ отбасыларында әділеттілік жоқ

– Күйеуінен жапа шегіп, заңға жүгінген әйел­дерді заң органдары көк­бет, ұрысқақ, пси­­­хологиялық ауытқуы бар деп қабылдайды жә­не біраздан кейін арызын алып кетеді дейді де істі қозғамауға тырысады. Өйт­кені іс қозғау –  қа­ғазбастылық. Біз осы мәселені реттемейін­ше, еш­теңе өзгермейді. Бұл – бір. Екіншіден, бәрін мен­талитетке әкеліп тірей­ді. Менталитет де­ген қазақша айтқанда, оттаған сөз. Қоғамдық са­­наның, жауапкершіліктің төмендігін мен­та­литетке тіреп қояды. Ме­ніңше, әйелге қол кө­теруге болмайтыны туралы жыл бойы те­леар­­наларда, радиода, мешіттерде айтылуы ке­рек. Өкінішке қарай, қан­шама уақыт бойы дүм­ше молдалар өте қате пікір таратып келді, біз қазір соның жемісін жеп отырмыз. Кез кел­ген адамға «ер мен әйел тең құқылы» десең, олар әйел еркектен бір саты төмен деп жауап бе­реді. Үшіншіден, біздегі сериалдар мен те­ле­бағ­дарламалар шапылдап ұрысқан әйелдерді ға­на көрсетеді, ер адамды отбасын алып жүре ал­майтын бейнеде береді. Бірақ өмірде олай емес қой. Сондықтан ақпарат құралдары, қо­ғам адам құқығы туралы «сөйлемейінше», мә­селе шешілмейді.  
Отбасында әділеттілік болмаған кезде ұрыс басталады. Әйелдер күйеуінің қас-қабағына қа­рап, үй тірлігін атқарып, жұмысын істеп, баласын туып, оны тәрбиелеп, ата-енесін бағып, өз міндетін артығымен орындайды. Сөйтіп жүріп соңында кінәлі болып шығады. Қит етсе, «Әйел ердің басын төрге де, көрге де сүйрейді» деп ұрандатты. Сосын әйелдер өзін қолға алды, кү­тініп, өздеріне қарай бастады, спортпен айналысты, өздерін дамытты. Қазір әйелдер білімді, мен­талдық жағынан ер адамдардан озық тұр. Еркектер осы жағынан әйелдерге жете алмай қал­ды. Бірақ оларда әйел ер адамнан бір саты төмен деген құрал бар. Сол ескі құралды әлі күн­ге дейін пайдаланғысы келетіні – үлкен мәселе. Одан бөлек, псевдоғылыми зерттеушілер 20-дан асқан қыз кәрі, 30-дан асқан қыз ешкімге керек емес, бала тумаған әйел адам емес, ажы­­­расқандар қоғамның соры деп таңнан кешке дейін қыздардың құлағына сіңіріп отыр. Олар қыздардың өзіне деген сеніміне балта шауып жатқанын біле ме екен? Өзіне сенімсіз адам өзгеге де сене алмайды. Өмір бойы күдіктеніп, өмірден түңіліп отырады. Қыздар өздеріне таңыл­ған стереотиптерден құтылу үшін жаппай тұрмысқа шығуға ұмтылады. Қоғамда орын алу­дың жалғыз жолы – тұрмысқа шығу деп ойлайды. Ал тұрмыс құрған соң әйел аузын жабуы ке­рек дейді. Үйде әділдік болған кезде ғана әйелдің жаны тынышталады. Әділдік болмаған жер­де әйел күңкілдейді. Күңкілге еркек жұдырық ала жүгіреді. Мәселені шешудің орнына ұра­ды. Осылай тұйық шеңберде шыр көбелек айналып жүрміз. Бұдан шығудың жолы – заңды дұрыс­тау. 

Серіктес жаңалықтары