Астанада такси жүргізушісі шетелдік азаматты әуежайдан қонақ үйге дейін 45 мың теңгеге апарған
Шетелдік азаматты алдаған такси жүргізушісі ұсталды
Астанада шетелдік азаматты алдаған такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz полицияға сілтеме жасап.
22 қарашада 102 арнасына «Дипломат» қонақ үйінің әкімшісінен хабар түсті.
Ол такси жүргізушісінің Үндістан азаматынан оны Астана әуежайынан қонақүйге жеткізгені үшін 45 000 теңге алғанын хабарлады.
Іздеу іс-шараларын өткізу барысында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері елордалық таксопарктердің бірінің жүргізушісін ұстады.
Ол шетелдікті алдап, халықаралық әуежайдан қонақүйге дейінгі бағаны әдейі көтерген.
Такси жүргізушісі өз кінәсін мойындап, залалды толық көлемде өтеді.
Құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 190-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ таксопарктің атына осындай құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын жою туралы ұсыныс жіберілді.