Астанада ер адам такси жүргізушісін алдап кеткен

Алаяққа алданғанын түсінген жәбірленуші полицияға жүгінген.

Астанада ер адам такси жүргізушісін алдап кеткен
baq.kz
793

Полицияға такси жүргізушісі арызбен жүгініп, алаяқтық іс-әрекеттердің құрбаны болғанын мәлімдеген, деп хабарлады turkystan.kz.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Байқоңыр» ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен елорданың 29 жастағы тұрғынын анықтады.

«Тергеу барысында ер адам таңертеңгілік уақытта мобильді қосымша арқылы такси шақырған. Мекенжайға барар жолда жүргізушімен әңгіме өрбітіп, оның сеніміне кірген ер адам жолшыбай асханаға соғуын өтінген. Ол әмиянын үйде қалдырып кеткенін айтып, өзімен бірге алған тамақтың құнын төлеп беруін өтініп, үйіне жеткен соң жолақысымен бірге қайтарамын деп уәде берген», – делінген Астана қаласы Полиция департаментінің хабарламасында.

Алайда мекенжайға жеткенде ақшаны әкелуге кеткен кейіп танытып, ер адам көзден таса болған. Алаяққа алданғанын түсінген жәбірленуші полицияға жүгінген.

Қазіргі таңда аталған фактіге қатысты «алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адамның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді. Сізге қарсы заңсыз әрекеттер жасалса, дереу 102 арнасы бойынша полицияға хабарласу қажет.

Серіктес жаңалықтары