Елімізде қашан қар жауады?

Желтоқсан айының басында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады.

Елімізде қашан қар жауады?
Фото: almaty.tv
1767

Синоптиктердің болжамы бойынша, еліміздің басым бөлігі желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, ал республиканың оңтүстік-батысы, оңтүстігі және оңтүстік-шығысы айдың екінші жартысында ақ қарға оранады, деп хабарлады turkystan.kz.

Қазгидрометтің мәліметінше, желтоқсан айының басында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Сонымен қатар тұман, көктайғақ болады, ал солтүстік өңірлерде жел мен жаяу бұрқасын соғады деп болжам жасалды.

Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында оңтүстік аймақтарды қоспағанда, елдің басым бөлігінде күн ызғарлы болады.

Синоптиктер қар жауып, бұрқасын күшейеді деп болжап отыр.

Термометр бағаны түнгі уақытта -10-20°С-қа, күндіз-3-10°С-қа дейін төмендейді.

Синоптиктер биылғы күздің жылы болуын, қыстың кешеуілдеуін батыс және оңтүстік циклондармен,  Иран мен Жерорта теңізі аудандарынан жылы ауа массаларының келуімен байланыстырып отыр. 

Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10° жоғары болды. Метеобақылау тарихында осы жылдың қараша айы өте жылы болды, жылы ауа райының жоғарғы шегі 17-18 қараша аралығында байқалды. Соңғы рет қарашаның жылы болуы 2010 жылы байқалды, ол кезде ауа температурасы нормадан 2-7° ауытқыды.

Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, Астана қаласының ең кеш қарға оранған кезі 1967 жылғы 15 желтоқсанда (56 жыл бұрын) және 2008 жылғы 14 желтоқсанда (15 жыл бұрын) тіркелген.

Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, елордада қар жамылғысының ерте жайғасуы – 10 қазан, орташа жайғасуы – 10 қараша, ал кеш жайғасуы – 15 желтоқсан. Соңғы үш жылда – 2020, 2021, 2022 жылдары қарашаның бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндігінің басында тұрақты қар жамылғысы тіркеліп, орташа биіктігі 8-13 см болды.

 

Серіктес жаңалықтары