Ұлт ұстынына айналған
Ғылым мен білім ортасынан қайнап шыққан Әбекең Мәжіліс депутаты болған кезде жаңа мүмкіндіктер ашылып, жаңа ортада ол кісінің табиғи әлеуеті және білім-парасаты басқа деңгейде жарқ етті. Халықтың өкілі және халықтың мұң-мұқтажын терең түсінетін философ-ғалым ретінде сөзінің шоқтығы Парламентте биік болды.
Бір жарым ғасыр бойы бодандықтың қамытын киіп, халқымыздың еркіндік пен мәдени болмыстан ажырап қалғаны ақиқат. Тоталитарлық жүйенің темірдей қысымы қанша буын ұрпақтың еңсесін басып, тұтас ұлтты дүбәра күйге түсірді. Енді тәуелсіздікке қол жеткізген тұста басым міндеттер қатарында мемлекеттікке ие ұлт қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен қабілет-қасиеттерді жаңа деңгейде жаңғырту, оларды жаңа заман талабына сай бағыттау міндеті тұрды.
Сонымен қатар бұл кезең тізгінді қолға қалай ұстау, қай жерде қамшылап, қай жерде аяңмен жүру керек екенін, қай кезде оңға, қай уақытта солға қарап, кейде артты бағдарлап, бірақ ұзақмерзімді алдағы межені көре білуді, яғни ұлттық сананың жаңа жауапкершілікке сай болуын талап етті.
Осы күрделі міндеттерді шешу көзге көрінбейтін, бірақ терең де қажырлы еңбекті қажет етері сөзсіз. Ол үшін тек атойлап ұрандай бермей, оңды-солды дұрыс бағдарлап, ұлттың мүддесін дұрыс түсіне біліп, соны көпшілікке жеткізе алатын тұлғалар қажет болды.
Мұндайда әр тұлға түрліше пайымдайды. Бірі өмірлік тәжірибесіне сүйенсе, бірі табиғи түйсігіне көбірек сенім артады. Енді бірі көрген-түйгенін көпшілікке адалынан жеткізуді мақсат тұтады. Осы қасиеттерді бір басына тоғыстырған, қазақ ойшылдарының алдыңғы шебінен айқын орын алатын дегдар тұлға Амангелді Әбдірахманұлы Айталы еді. Әбекеңе қарап отырсаңыз, біріншіден, табиғатынан философ, ойшыл. Терең құбылыстарды, ұзақ мерзімді үдерістерді, қоғамдағы өзгерістерді бірер сөзбен, сөйлеммен сипаттап, соның даму заңдылықтарын тамыршыдай тап басуға шебер.
Баршаға мәлім, философия – бұл ғылым мен діннің, тылсым дүние мен дәлелдің ортасындағы феномен. Амангелді ағамыз соның жарқын өкілі болды, оның талай еңбектерінде қоғамның даму үдерісін бағалаудың философиялық тереңдігі көрініп тұрды.
Екіншіден, Амангелді Әбдірахманұлы ғалым еді. Ол кісі тек қана ой толғап, соны қисынды зерделеп қана емес, сонымен қатар ғалымға тән ыждаһатпен зерттеулер жүргізіп, статистикалық мәліметтер, түрлі ғалымдардың еңбектері, тіпті көркем әдебиеттегі кейбір суреттемелерді жүйелеп, оларды өз еңбектерінде пайдаланып, біздің өзімізді өзіміз тереңірек тануға, сондай-ақ осы қоғамда болып жатқан құбылыстарды халыққа ашып көрсетуде орасан зор еңбек атқарды.
Үшіншіден, Әбекең сөзсіз қайраткер болды, яғни ол өзінің ойын тек қана ғылыми-философиялық ортада баяндап қана қоймай, өзі жұмыс жасаған ортада, атап айтқанда, ұстаздар мен студенттердің алдында, қоғамда болып жатқан үдерістерге ашық саяси тұрғыда баға бере отырып, жаңа заман талабына сай қоғамдық сананың қалыптасуына тікелей еңбек сіңірді. Бұл орайда оның мақалалар мен кітаптар арқылы ғана емес, бұқараның арасына барып жаңа құндылықтарды қалыптастыруға тікелей үлес қосқанын айту орынды болмақ.
Ғылым мен білім ортасынан қайнап шыққан Әбекең Мәжіліс депутаты болған кезде жаңа мүмкіндіктер ашылып, жаңа ортада ол кісінің табиғи әлеуеті және білім-парасаты басқа деңгейде жарқ етті. Халықтың өкілі және халықтың мұң-мұқтажын терең түсінетін философ-ғалым ретінде сөзінің шоқтығы Парламентте биік болды. Амангелді ағамызды отандық парламентаризм тарихында өшпес із қалдырған депутат деп зор сеніммен айта аламыз.
Сол жылдарда Әбекеңнің ұлтқа қызметі бүкіл елге танымал болды. Айталы деген тегінің өзі бір құбылысқа айналды. «Айтары бар Айталы» деп өлеңдер де жазылды.
Тағы бір қыры – ұстаздық. Бұл жерде мен тек қана университеттегі дәріс беруін айтып отырған жоқпын. Сөз жоқ, Амангелді ағамыздың дәрістерін тыңдап, семинарларында пікір алмасуға қатысқан студенттерді бақытты шәкірт деп санауға толық құқылымыз. Ол кісі бүкіл көзі ашық, көкірегі ояу, білімпаз, өзін-өзі түсінгісі келетін қазақтың тұтас буынына аға ұстаз болды. Сондай-ақ оның өз қатарларынан, біздің зиялы қауымның көбінен ерекшелігі – ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда дара орны бар феномен «дін исламды» терең зерттеді.
Ол ислам дініндегі белгілі бір құндылықтар жиынтығын зерделеу, не болмаса қасиетті Құран Кәрімнің мәтінін тәпсірлеумен емес, ислам дінінің қоғамға әсеріне назар аударды. Яғни, ислам дінін кім қай деңгейде пайдаланып жүр, ол не нәрсеге алып келуде, дін бұрмаланбау үшін не істеу керек, өз өркениетінің өзегін іздеген жастар радикализмге ұрынбау үшін қандай міндеттер атқарылғаны жөн деген сұрақтарды өз зерттеулерінің басты нысанына айналдырды. Табиғи философ пен ыждаһатты ғалым ретіндегі екі қасиеті ұштасып, осы бағытта терең нәтижелерге қол жеткізуіне негіз болды.
Амангелді ағамыз біздің мемлекетімізде саясаттың түрлі бағыты қалай болу керегі туралы жүйелі де келелі еңбектер жазды. Осы ретте, менің есіме он бес жылдай бұрын Әбекеңмен тығыз байланыста болып, «Ұлт саясаты тұжырымдамасын» әзірлегендегі бірлесе атқарған жұмысымыз түседі. Осы жұмыс барысында, сөзсіз, Әбекең өмірлік және ғылыми тәжірибесіне негізделген әлеуметтік үдерістерді терең түсінетін маман, әлеуметтанушы философ-ғалым ретінде жетекші рөл атқарды. Менің кейбір ұсыныстарым көбінесе саяси бағытта болатын. Сондағы Әбекеңнің ұстаздық, ағалық әдептілігі таңғалдыратын еді. Жасымыздың айырмашылығына және өзінің осы саладағы үлкен маман, ғалым екеніне қарамастан, кез келген ұсынысты тыңғылықты тыңдап, електен өткізіп тұжырымдамаға пайдалануға тырысатын. Осы жайттың барлығын көргендіктен, түйсінгендіктен, менің түсінігімде қазақтың «абыз» деген ұғымына Амангелді Әбдірахманұлын лайық деп санаймын.
Бүгінгі күні оның әрбір сұхбатының сусындататын даналығы, абыздығы, сонымен қатар кәдімгі жылы, өзіңді терең түсінік білімімен мәпелеп сипағандай болатын, ешқандай дидактикасыз терең мағыналы ойларды жеткізетін қасиеттерін сағынышпен еске аламыз. Осы соңғы он бес жылғы өмірімде Амангелді Әбдірахманұлымен жиі кездесіп, жиі сұхбаттасу бақытына ие болғанымды өзімнің үлкен олжам деп есептеймін. Әбекеңмен әңгімелесу маған дүниені тереңірек тануға ықпалын тигізді. Менің жеке өзім үшін ол ақылгөй аға болды. Осы үшін де Алла Тағалаға шын жүректен ризашылығымды айтамын.
Әбекең Ақтөбеге көшкеннен кейін, сол жаққа барсам мен оны іздеп, ал ол Астанаға келсе мені іздеп жүретін едік. Әлі де талай осындай мүмкіндіктер болады деген сенім болды. Соңғы рет хабарласқанымда Әбекең жеңгейдің шамалы сырқаттанып, ем алып жүргені туралы айтып, өзінің халінен гөрі жеңгейдің денсаулығына көп алаңдап еді. Дегенмен алдағы тоғызқұмалақтан өтетін әлем чемпионатында кездесерміз деп жоспарлап жүр едік. Бірақ сол жоспардың жүзеге асуына мүмкіндік болмады. Алланың жазуы солай болса, шара қандай.
Әбекеңнің феномені, Амангелді Әбдірахманұлының қазақи дүниетанымы, қазақ қоғамдық санасының жетілуіндегі рөлі әлі талай еңбектерге арқау болады деп сенемін.
Әлихан Бәйменов