«Алматы-Хостел» ғимаратындағы өрт: Арнайы прокурорлар қылмыстық істі тергеуге кірісті

Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды.

«Алматы-Хостел» ғимаратындағы өрт: Арнайы прокурорлар қылмыстық істі тергеуге кірісті
Фото: baq.kz
984

Арнайы прокурорлар «Алматы-Хостел» ғимаратындағы өрт оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеуге кірісті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

30 қарашада болған «Алматы Хостел» ғимаратындағы өрт оқиғасына байланысты ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу).

Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды.  Құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Өрттің шығу себебі мен алғышарттарын анықтау мақсатында оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, өзге де жедел-тергеу іс шаралары ұйымдастырылып жатыр. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші Мухамедъяров А.  ұсталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды.

Тергеу аясында хостелдің қызмет көрсетуіне қатысы болған барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Қылмыстық іс тергеуі Бас прокурордың бақылауында.

Серіктес жаңалықтары