Алматы облысында «Кітап-AMANAT» мәдени орталығы ашылды

Бұған дейін осындай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Павлодар, Жетісу,  облыстарында ашылған.

Алматы облысында «Кітап-AMANAT» мәдени орталығы ашылды
713

Оған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, партияның облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев және зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен оқырмандар қатысты. 

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған болатын. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Осылайша, «AMANAT» партиясының әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, адамдарды кітап оқуға ынталандыру, отандық кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған «Кітап-AMANAT» жобасы Қаскелеңде кезекті кітап орталығын ашты.

Партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев орталықтың бүгінде 2 мыңға тарта кітап қоры бар екенін айтты.

«Бұған дейін 80 мыңнан аса тұрғыны бар Қаскелең қаласында бірде-бір кітап дүкені болмаған. Ал бүгін 2 мыңға жуық кітап қоры бар айрықша үлгідегі орталық ашылды. Кітаптар барынша арзан бағада сатылады. Қазақша кітаптың түр-түрін кездестіруге болады. Бұл жоба Қазақстандағы қазіргі заман авторларының шығармаларын ғана емес, жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілетуге бағытталған», – дейді Қуат Байғоджаев.

Ал халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-публицист Жұмабай Шаштайұлының айтуынша, қоғамда кітап оқитын оқырман бар, тек насихат жеткіліксіз.

«Үлкен қалаларда сатылымда бар кітаптар шалғай аймақтағы елді мекендердің дүкен сөрелеріне жетпей жатады. Көп жағдайда қандай кітаптардың жарыққа шығып жатқаны туралы оқырман білмей де қалады. Ал «Кітап-AMANAT» жобасы отандық әдебиетті қолдау бағытындағы маңызды қадам. Оқырмандар үшін көркем шығармалар, балалар әдебиеті, оқулықтар мен әдістемеліктер, ғылым мен бизнес, проза мен поэзия, психология туралы туындылар көпшілік назарына ұсынылған. Сондықтан, мұндай форматтағы орталық көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығын арттырады», – дейді жазушы.

 

Кітап орталығына алғашқылардың бірі болып бас сұққан Мәди Сайдильдин есімді оқырман мұндағы қонақжай пейілдің өзіне қатты ұнағанын айтады. Ол өзінің жеке кітапханасын Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» туындысымен толықтырды. Ол бұл орталықты «Креативке толы құтхана», дейді.

Айта кету керек, мұнда ауқымды шаралар, келелі кездесулер өткізуге болады. Сондықтан, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық партия филиалы алдағы уақытта елге танымал қаламгерлердің кітап көрмелері мен тұсаукесерлерін осында жасауға мүдделі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Павлодар, Жетісу,  облыстарында ашылған кітап дүкендері қазіргі таңда тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Серіктес жаңалықтары