Кубаның боксшылары Қазақстанға келді

Қонақтар қатарында барлығы 9 былғары қолғап шебері мен екі жаттықтырушы бар.

Кубаның боксшылары Қазақстанға келді
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
903

Қазақстанға бокстан Кубаның ерлер құрамасы келді. Басты мақсат – Қазақстан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысып, Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысу, деп хабарлады turkystan.kz

Бокс федерациясының мәліметінше, қонақтар қатарында барлығы 9 былғары қолғап шебері мен екі жаттықтырушы бар. Олардың арасында әлем чемпионатының және Панамерикалық чемпионаттың қазіргі финалистері, көптеген халықаралық турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Негізгі екпін олимпиадалық салмаққа аударылған. Куба құрамасының бас бапкері Карлос Мануэль Перес Рейестің айтуынша, оның боксшыларының арасында тәжірибелі спортшылар да, жастар да бар.



«Біз Қазақстанда бірінші рет емеспіз. Бізде бокста елдер арасында жақсы достық бар. Сондықтан командамызбен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу, сонымен қатар Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған дәстүрлі турнирде өз өнерлерімізді көрсету туралы шешім қабылдадық. Мен өз атымнан және Куба құрамасының атынан сіздердің лауазымды тұлғаларыңызға шақырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді және барлығы нәтижелі болады деп сенемін», - деді кубалық бокс бапкері өз сұхбатында.


Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың тәрбиеленушілері мен Бостандық аралынан келген қонақтардың қатысуымен Қарағанды қаласында 4-16 желтоқсан аралығында оқу-жаттығу жиыны өтеді.

17 желтоқсанда Қарағандыда Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХІХ халықаралық турнир басталады. Ерлер мен әйелдер арасындағы үздіктер 21 желтоқсанда анықталады.

 

 

Серіктес жаңалықтары