"Артық жұмсалған судың әр литріне ақша төлеу керек": Депутаттар су тапшылығы мәселесін көтерді
Депутаттардың сөзінше, 15 жылда Қазақстан су ашаршылығын бастан кешіруі мүмкін.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Сергей Пономарев пен Бақытжан Базарбек Премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, су тапшылығы туралы мәселе көтерді.
15 жылда Қазақстан су ашаршылығын бастан кешіруі мүмкін. 2050 жылға қарай су тапшылығы 3 есеге артады, ал Орталық Азия аймағында су соғыстары болуы мүмкін. Ал әлемдік статистика суды қалай ұтымсыз пайдаланатынымыз туралы бүкпесіз айтып береді. Worldometers (waldomiters) мәліметтері бойынша, жан басына шаққандағы суды тұтыну бойынша біз әлемде 11-орында тұрмыз. Еуропалықтар біздің көлікті ауыз сумен жуып жатқанымызды көргенде, есінен танып қалады! Президент су тұтыну мәдениетін қалыптастыру үшін суды нормадан тыс тұтыну үшін жоғары тариф енгізу міндетін қойды. Біз осылай болу керек деп санаймыз: суды белгіленген мөлшерден жоғары қолдансаңыз, әр литр үшін төлеңіз. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның бей-жай қарамайтын өкілдерін, еріктілерді ауыз суды үнемдеу және ел азаматтарында жауапты су тұтынуды қалыптастыру бойынша жаппай түсіндіру жұмыстарына қосылуға шақырамын. Егер негізгі ресурсты үнемдемесек, онда біз балаларымыз бен немерелерімізді жансыз шөлде сусыз елде қалдырамыз, – деді Сергей Пономарев.
Деутат Үкіметке мынадай ұсыныс айтты:
Бірінші. Үкіметке және жоғары аудиторлық палатаға жақын пленарлық отырыстардың бірінде су үнемдеудің тиімділігі туралы баяндалсын.
Екінші. Қысқа мерзімде аграршылар мен өнеркәсіпшілерді прогрессивті су үнемдеу технологияларын енгізуге, су шығынын азайтуға, еріген су мен тасқын суды тиімді пайдалануға, суды үнемдеудің нақты тетіктерін әзірлеуге ынталандыратын бас құжат – Су кодексінің жобасын дайындау.
Үшінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі су шығыны көп Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің ылғал үнемдейтін технологияларын өндіріске жедел енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін, – деді депутат.
Ал депутат Бақытжан Базарбек әріптесін қолдайтынын айтып, мәселенің түйткілді тұстарын одан әрі жалғады.
Әріптестер, дабыл қағатын уақыт келді. Мысалы 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрге жетіп отыр. Бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Ойлап қараңыздаршы, еліміз таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 процентке азаяды. Сонда әрбір екінші менің отандасым ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе? Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретін білесіздер. Бұл өте қауіпті, дейді депутат.
Депутат Үкіметтің салғырттық танытып отырғанын алға тартты.
Екіншіден, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге осы шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бірақ, бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді, дейді ол.
Оған бірнеше дәлел де бар екенін айтқан депутат су қоймалары ең басты стратегиялық нысан екенін ұмытпаған жөн екенін айтты.
Мысалы, ресми деректер бойынша, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-і – иесіз екен. Су қоймалары ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекелешеленіп кеткендігі бізді қатты алаңдатады. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жеке меншік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалуда. Ал жекелеген фактілер бойынша, мемлекеттік жер кадастрі базасында тіпті табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудыруда. Бұл жағдай, кемінде 5-6 облыста кездесетін жай. Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау, қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс, дейді Бақытжан Базарбек.
Сонымен қатар, нысандарды тексеру жұмыстары да жүйесіз дейді депутат.
Мысалы, плотиналардың салынғанына 30-40 жылдан асса, онда апат болу қаупі артады екен. Ал бұлардың жай-күйі қандай, қаншасының тозығы жеткен, қаншасына жөндеу жұмыстары қажет деген мәліметтер анық емес. Бұл жауапты мемлекеттік мекеме тарапынан бақылау мен мониторингтің әлсіздігін көрсетеді. Су пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар. Мәліметтер бойынша, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Демек, бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде. Жалпы, каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес. Судың сұрауын сұрайтын кез жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының осыған ерекше назар аударып, каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды. Оны толығымен қолдаймын. Осыған орай мәселенің маңыздылығын ескере отырып, «AMANAT» партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет деп санаймын. Партияның «Жер аманаты» аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы табанды іс-әрекеті көпке белгілі. Осы тәжірибені каналдарға қатысты да қолдануға әбден болады, – деді депутат.
Бақытжан Базарбек мынадай ұсыныс айтты:
1. Еліміздегі жеке меншікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алу.
2. Су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептеймін, - деді Бақытжан Базарбек.