"Әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан": депутат "барахолкадағы" әділетсіздікке шүйлікті

Қыруар қаражат алған "қожайындар" сату-сатып алу жөніндегі келісімшарт жасаспай, тек контейнердің паспортын берген.

"Әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан": депутат "барахолкадағы" әділетсіздікке шүйлікті
сурет: parlam.kz
1318

«AMANAT» партиясының фракция мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, базарда сауда жасап, күнкөретін азаматтардың мәселесін көтерді. 

- Бүгінгі депутаттық сауалыма - әділетсіздіктің шырмауына шырмалып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп. Олар Алматының әйгілі барахолка базарында сауда жасайтын қандастар. Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таң атысы кеш батысы контейнерде отырып сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі келіп тонап жатыр. Бізге жолдаған мына хатында Кенжехан базарының саудагерлері бар мәселесін тізіп жазған. Бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да, күштінің дүмі диірмен тартады демекші, қаналған қаржысын қайтара алмай келеді көпшілік, – дейді депутат.

Депутаттың сөзінше, "қожайындар" базардағы әр орынды қыруар ақшаға сатқан.

Ағайынның арызға жазғаны былай, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған дейді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. «Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Аталған базарда 1000-ға жуық контейнер бар екенін ескерсек, есебін шығара беріңіздер, – дейді Нартай Аралбайұлы.

Дегенмен, жаңа қожайын жаңа талап қойып, тағы ақша талап етіпті.

- Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде Назарбаева Әнипа Әбішқызының иелігіндегі базардың 100 пайыз үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 миллион теңгеге сатылды делінеді. Жаңадан келген базар қожайындары саудагерлерге «контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойған. Сонда ел 1 орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келісім» қағазы тапсырылған. Айтпақшы, келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген, ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңгеден төлеген. Ол ол ма, әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген және бір тәртіп шығыпты. Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл не сұмдық сонда? «Төлемесе, контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт, – дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат Берік Ноғайұлына саудагерлердің 3 талабын жеткізді.

- Бір контейнерге 2 рет ақша төлеген жұрт бұрынғы немесе бүгінгі базар иесінде ақшаны қайтарып берсін дейді. Бір сауда орнына екі рет ақша төлеу ақылға сыймайды ғой енді. Ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолданылсын дейді. «Кенжехан» базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген, соның нәтижелерін көргісі келеді көпшілік. Жыл басында Қазақстанда 722 базар тіркеліпті. Соның бәрінде заңдылық толық сақталып отыр деп айта алмаймыз. Себебі ол жақтағы саудагерлерден де арыздар келеді. Көбісі нан тауып отырған жұмысымнан айрылып қалмайын деп ашық айтудан тартынады. Ол түсінікті. Сондықтан елдегі барлық базардағы заңдылықты тексеру керек деп есептеймін, – дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Серіктес жаңалықтары