Астанада 16 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды

Жаппай вакцинация қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Астанада 16 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды
Астана әкімдігі
846

Астанада 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүргізілуде, деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

6 қараша күні 6 айдан бастап, 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерді жаппай қосымша вакцинациялау басталды. Оларға желтоқсан айынан бастап, 2-4 жас аралығындағы балалар қосылды. Вакцинаны тіркелген жері бойынша емханаларда тегін алуға болады. Астананың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вакцинация туралы айтып берді.

Елордада 6 желтоқсан күні барлығы 16 447 адам вакцинацияланды. Жаппай вакцинация қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді, деп атап өтті санитарлық дәрігер.

«Біздің бүгінгі басты міндетіміз – қызылшадан болатын өлім мен асқынулардың алдын алу. Вакцинация инфекция ошақтарында да жүргізіледі, онда 1733 байланысқан адам екпе алды, сондай-ақ қызылшаға қарсы екпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдар анықталды. Бүгінгі күні жыл басынан бері 14 374 адам анықталды, оның ішінде 12 746 (88%) екпе алды», - деп хабарлады Сархат Бейсенова.

Санитарлық дәрігер аурудың алғашқы белгілері байқалған бойда дереу дәрігерлердің көмегіне жүгіну керектігін ескертеді.

Оларға мыналар жатады: температураның 38-40°C дейін көтерілуі; бас ауруы; әлсіздік; тәбеттің төмендеуі; конъюнктивит, ринит, жарыққа қарай алмау; құрғақ, ауыр жөтел; дауыстың қарлығуы; қызылша энантемасы – таңдайдағы жұмсақ және қатты үлкен қызыл дақтар, аурудың шамамен 3-4 күнінен кейін денеге түсетін бөртпе.

 

Серіктес жаңалықтары