ҚР ОСК 30 жылдығына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр

Қонақтарға еліміздің сайлау органдарының қалыптасуы мен дамуы туралы деректі фильм дайындалып, ұсынылды.

ҚР ОСК 30 жылдығына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр
gov.kz
850

Астанада ҚР Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Іс-шараға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Иордания, Молдова, Моңғолия, Түркия, Эстония, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сынды мемлекеттердің орталық сайлау органдарының өкілдері қатысып жатыр, деп хабарлады Turkystan.kz.

Халықаралық ұйымдар, қауымдастықтар мен институттар – ТМД Атқару Комитеті, Дүниежүзілік сайлау органдарының қауымдастығы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы және ЕҚЫҰ ДИАҚБ, Қазақстандағы БҰҰДБ өз өкілдерін жіберді. Конференцияға республиканың бірқатар мемлекеттік органдарының басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, ғалымдар, ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің, Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, масс-медианың өкілдері шақырылған.

Конференция барысында «Конституциялық реформа мәнмәтіндегі сайлау заңнамасының эволюциясы» және «Сайлау жүйелерін дамытудың өзекті трендтері» атты екі тақырыптық сессия жұмыс жасауда. ОСК атына Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығының Бас хатшысы доктор Ин-сик Джанг, Парламентаралық Одақтың Құрметті Президенті Дуарте Пашеко, Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий бейнеқұттықтауларын жолдады.

Дуарте Пашеко Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған және 2022 жылғы референдумда халық қолдаған конституциялық реформаны біздің демократиялық және сайлау жүйемізді жетілдіріп жатқанымыздың дәлелі ретінде ерекше атап өтті. ҚР ОСК іс-шарасы аясында «ҚР Орталық сайлау комиссиясына 30 жыл» көрмесі ашылды, онда конференцияға қатысушылар Тәуелсіздік алған күннен бастап Республиканың сайлау жүйесінің тарихымен таныса алды. Іс-шара қонақтары үшін еліміздің сайлау органдарының қалыптасуы мен дамуы туралы деректі фильм дайындалып, конференцияның бірінші күні олардың назарына ұсынылды. Конференция аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Армения, Түркия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының басшыларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров «Конституциялық реформа мәнмәтіндегі сайлау заңнамасының эволюциясы» атты бірінші сессияны аша отырып, баяндама жасады. Нұрлан Әбдіров өз сөзінде Орталық сайлау комиссиясы сайлау органдарының бірыңғай жүйесін басқара отырып, жалпымемлекеттік деңгейде сайлау процесін басқару саласындағы алғашқы арнайы орган болғанын атап өтті. ОСК құрылған сәттен бастап мемлекеттік биліктің заңды институттарын қалыптастыруға тікелей қатыса отырып, Қазақстан Республикасының қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Көптеген беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, Қазақстан еркін және бәсекелестік сайлау өткізу бойынша өзіне қабылдаған барлық міндеттемелерін ұстанады. Біздің еліміздегі барлық сайлау науқандары ұлттық заңнамаға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (1948 ж.), ЕҚЫҰ Копенгаген кеңесінің құжатында (1990 ж.) қамтылған демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына сәйкес өтеді.

 «2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда жалпыхалықтық қолдау тапқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформасына тікелей байланысты сайлау заңнамасының іргелі жаңашылдықтары саяси жүйенің бүкіл конфигурациясын өзгертіп, сайлау кеңістігіне трансформациялық әсер ете отырып, қоғамдық қатынастардың жаңа дәуірі үшін жол ашты. Сайлау процестері арқылы азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге баса назар аударылды», - атап өтті ОСК басшысы. 

ОСК басшысы сондай-ақ комиссияны одан әрі дамытудың стратегиялық перспективаларына және оның пайым, миссия, құндылықтар, қағидаттар, мақсаттар, басымдықтар сияқты элементтерін айқындауға баса назар аударды.

«Ал бұл элементтердің барлығы Сайлау туралы Конституциялық заңда айқындалған комиссияның мандатынан туындайды. ҚР ОСК – референдумдар мен сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік сайлау органы», - деді Нұрлан Әбдіров.

Сессия аясында ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко баяндама жасап, сайлау науқандары кезіндегі ведомстволардың жұмысы туралы айтты.Түркия Республикасының Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер Түркия мысалында сайлау саласындағы озық тәжірибе туралы айтып берді.

Ол сондай-ақ 2023 жылғы 3 қарашада Қазақстанның төрағалығымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түрік мемлекеттерінің сайлау саласындағы ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, ТМҰ-ға мүше елдердің Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруды ұсынды. Ол бұл бастама жүзеге асырылатынына және біздің демократиялық басқаруды нығайтуға деген ұжымдық міндеттемемізді практикалық деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Грузия Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Георгий Каландаришвили Грузиядағы сайлау жүйесін дамытудың негізгі жолдары және қазіргі заманғы талаптары туралы баяндама жасады.

Беларусь Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының Орынбасары Вадим Ипатов «Конституциялық реформа және Беларусь Республикасының сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру» тақырыбындағы баяндамасымен сөз сөйледі. Венгрия Ұлттық сайлау комиссиясының Төрағасы доктор Атилла Надь өзінің бейнебаяндамасында Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы құрылғаннан бері өткен үш онжылдық адам тұрғысынан ерекше кезең болғанын айтты. Ол сайлау органдары жұмысының маңыздылығын ескере отырып, сайлаушыларға өз еркін білдіруге мүмкіндік беруге ұмтылудан тұратын ҚР ОСК кейінгі жылдары өзінің табысты және жемісті жұмысын жалғастыратынына үміт білдірді.

Сессия шеңберінде онлайн режимінде ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығы басшысының орынбасары - ТМД ПАА ХДДМИ директоры Иван Мушкет сөз сөйледі. «Сайлау жүйелерін дамытудың өзекті трендтері» атты екінші сессия барысында сайлау жүйесін дамыту жөніндегі Қырғыз Республикасының сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының Төрайымы Нұржан Шайлдабекова, Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Зайниддин Низамходжаев, Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Константин Мазуревский өз көзқарасымен бөлісті.

Молдова Республикасының Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Александр Берлинский «Молдова Республикасындағы сайлау реформасы» атты баяндама жасады. Иордания Орталық сайлау комиссиясының мүшесі доктор Раед Аль Адван «Саяси жүйені жаңғырту жөніндегі Корольдік комитеттің жұмысының қорытындысы бойынша Сайлау туралы Заңға енгізілген өзгерістер» атты баяндама жасады. Сербия Республикасы Республикалық сайлау комиссиясының Төрағасы Владимир Дмитриевич, Үндістан ОСК Төрағасы Раджив Кумар және Түрікменстанда сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссияның Төрағасы Гулмурад Мурадов өздерінің бейнебаяндамаларын жолдады.ЕҚЫҰ сарапшысы доктор Дэвид Дуэнас-Сид заманауи сайлау технологиялары туралы айтты. Сондай-ақ екінші сессия аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығының басшысы Жанар Буқанова және Эстония Бас прокурорының орынбасары, Эстония Ұлттық сайлау комитетінің мүшесі Дилайла Нахкур-Таммиксаар сөз сөйлеп, Эстониядағы интернет-дауыс беру туралы айтты.

Конференцияның бірінші күні сайлау және сайлау құқығы саласындағы тәжірибешілер мен сарапшылардың құзыретті, жан-жақты пікірталастарымен аяқталды.

Конференцияның екінші күні, 8 желтоқсанда, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде презентациялық іс-шаралар, сондай-ақ сайлау тақырыбы бойынша жаңа баспа басылымдарының тұсаукесері жоспарлануда.

Серіктес жаңалықтары