Тарихпен ұштасқан тағдыр
Көшім хан сол заманғы өркениетті даму жағынан артта қалған Сібір жеріне алып келді. Исламды Сібірде таратуға күш салды, Орталық Азияның ірі қалаларынан білімді дін басыларын шақыртты. Сібірде қалалар, қамалдар, керуен сарайлар салдыртып, сауданы дамытты, Сібірдің мұсылман елдерімен байланысын нығайтты.
«Тарихты жасайтын халық, жазатын ғалым» деген қанатты сөз қашан және кімге қатысты айтылса да, өте дұрыс және орынды айтылған деуге болады. Антикалық заманнан бері қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар арасында тарих атты ғылымның маңызы мен рөлі қандай зор болып келсе, қазіргі XXI ғасырда оның маңызы еселеніп арта түспесе, бір мысқал да азайған жоқ. Тіпті, күн өткен сайын тарихтың рөлі арта түсіп отыр деуге болады. Технологиялардың өте қатты дамыған қазір барлық ақпараттық құралдар мен ақпараттық көздерде, әлеуметтік желілерде қарастырылып, көтеріліп, талқыланып, таластар тудырып жатқан тақырыптардың жартысынан астамы тікелей немесе жанама түрде болса да тарихпен байланысты екен. Сол себепті де адамзат баласы бар жерде тарихқа деген қызығушылықтар тоқтамайды, арта береді.
Халықтың тарихы – сол халықтың рухани байлығы. Кәсіби тарихшылар ғана сол рухани байлықтың қадір-қасиетін түсініп, оны уақыттың шаң-тозаңдарынан тазартып, оның беймәлім-белгісіз жақтары мен қырларын анықтап, халықтың сұраныстарын өтеп отырады. Сондықтан да тарихшы мамандығы қаншалықты құрметті болса, соншалықты жауапты. Өз мамандығының жауапкершілігін әбден түсінген, сезінген адам ғана сол мамандығымен өмір сүреді, сонымен тыныстайды, теңеп айтсақ, одан бір елі де ажырай алмайды. Ондай тарихшылар ортамызда бар, біз оларды күнде көріп, сөйлесіп жүрміз. Тек олардың ішкі дүниесіне үңіліп, әлеміне бойлай бермейміз. Сондай тарихшыларымыздың бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Білім беру Академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Жаңа замандағы Қазақстан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мұрат Әбдіров.
Мұрат Жеткергенұлы туралы ең әділ және өте дәл бағаны меніңше, 1962 жылы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) тарих факультетіне бірге қабылданған курстасы және шынайы достықтарына 60 жылдан астам уақыт бойы қылаң түсірмеген досы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынов (марқұм) былай беріп еді: «Мұраттың жүрісі қалай түзу, бойы қалай тіп-тік болса, достыққа да дәл сондай адал». Алпыс жылдан астам уақыт бойы әбден сыналған шынайы достыққа бұдан артық баға беру қиын шығар.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары тарихшыларымыз ел тарихының ең өзекті мәселелерін зерттеуде бұрынғы, ескі таптық принциптерге негізделген көзқарастар мен жетпіс жылдай үстем болып келген теориялық-методологиядан бас тартып, тарихты өркениеттік тұрғыда зерттеуді қолға алғаны белгілі. Алаш қозғалысы мен алаш қайраткерлері, 1930-жылдары Қазақстандағы аштық және оған қарсы болған көтерілістер және тағы осындай бұрын айтылмаған, зерттеуге тыйым салынған тақырыптар қолға алына бастайды да, алғашқы монографиялар жарық көре бастаған еді. Сондай Ел тарихының Жаңа заман дәуіріндегі, дәлірек айтсақ XVIII-XX ғасыр басындағы ең күрделі және өзекті болған мәселелері – казак-орыс әскерлерінің жерімізді отарлауы, патшалы Ресейдің Қазақстан мен Орталық Азияны жаулап алуы, осы жаулап алу барысындағы – Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу казак әскерлерінің рөлі жөніндегі мәселелерді жүрек қалауымен ол жылдары көпшілікке есімі онша таныс емес тарихшы Мұрат Әбдіров те таңдап алады.
Теориялық дайындығы өте күшті және жаңа ұстаныммен қаруланған ол бірден зерттеу ісіне кірісіп, көп ұзамай өзінің алғашқы монографиялық еңбегін жариялайды. «Қазақстандағы казачество» тақырыбына арналған алғашқы зерттеу еңбегі 1994 жылы жарық көрген «История казачество Казахстана» атты орыс тіліндегі монография болды. Екі жылдан кейін автордың «Хан Кучум: известный и неизвестный» атты, одан әрі тағы бірнеше жыл өткенде «Завоевание Казахстана царской Россией и борьба казахского народа за независимость (Из истории военно-казачьей колонизации края в конце XVIII – начале XX вв.)» атты монографиялары қалың көпшіліктің қолына тиіп, сусындап отырған халықтың тарихқа деген шөлін қандыруға көмектесті. Осылайша, тың тақырыптарды зерттеп, оның нәтижелерін жеке кітаптар түрінде жариялау арқылы тарихшы Мұрат Жеткергенұлының есімі еліміздің зиялы қауымына кең танымал болды. Қарастырып отырған мәселеге байланысты профессор М.Әбдіров жеке және басқа да авторлармен бірлесіп, жалпы саны бес зерттеу еңбектерін жариялайды.
Бүгінгі күндері жетпіс жасты толық меңгеріп, сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған профессор, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Әбдіровтің өмірі мен ғылыми шығармашылық жолын оқырмандарға таныстырып өту қажет шаруа деп ойлаймыз.
Мұрат Жеткергенұлы 1943 жылы 14 желтоқсаны күні Қызылорда облысының Арал қаласында көпбалалы жергілікті ауылдық интеллигенция отбасында дүниеге келеді. Әкесі – Әбдіров Жеткерген (1909-1952) Орынбор жұмысшы факультетінде (рабфак) оқып, одан кейін жоғары білімді Қазақ ауылшаруашылық институтында алған. Соғыс жылдары Арал аудандық жер бөлімінде бас агроном болып қызмет атқарады. Анасы – Абилова Злиха (1917-1997) бүкіл ғұмырын ағарту ісіне арнаған ұстаз болды. Қызылорда қаласындағы педучилищені, одан кейін Н.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) тарих факультетін бітірген. Анасы Арал қаласындағы мектептердің бірінде алғашында бастауыш сыныптарына сабақ береді, одан кейін жоғары сыныптарға тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары, директор, Арал аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызметтер атқарады. Мұраттан басқа отбасында ағасы Бернат, Римма, Әлия, Роза, Раушан, Райхан есімді қыздар болады. Соңғы үш қыз кішкене кезінде шетінеп кетеді.
Мұрат Жеткергенұлының тарихшы мамандығын таңдауына біріншіден, анасының тарихшы болуы болса, екіншіден, үйінде тарихи монографиялар мен тарихи оқулықтардан басқа тарихи тақырыптарға арналған кітаптардың, әртүрлі жанрлардағы әдебиеттердің өте көп болуы әсер етеді. Әріп танып, өз бетінше кітап оқуға шамасы жеткенде, бала Мұраттың қолына алған алғашқы кітаптарының бірі – 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» атты академиялық басылымның бірінші басылымы болды. Сол кітаптан жас бала 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісі туралы оқыса, үлкендердің аузынан 1928-1933 жылдардағы аштық пен Ырғыз, Қарақұм, Тәуіп көтерілістері туралы көп әңгімелерді естиді. Отбасының ең жақын туыстары осы көтерілістерге қатысқаны үшін қаза тапса, бір туыстары істі болып, қуғын-сүргінге ұшырайды. Осылайша, бала кезінен бастап Мұрат Жеткергенұлы тарихқа қатысты ақпараттардың бәрін санасына сіңіріп өседі.
Арал қаласы теңіз қайтқанға дейін өндірісі дамыған қалалардың бірі болғаны белгілі. Қаладағы кеме жөндеу зауыты, ірі балық комбинаты, тұз өндіру комбинаты, теңіз порты секілді ірі өндіріс орындары соғыстан кейінгі жылдары бүкілодақтық мекеме болып саналатын да, оған мамандар Мәскеу, Ленинград, Киев, Алматы, Ташкент, Харьков және КСРО-ның тағы басқа ірі қалаларынан келетін. 1960-жылдары Аралдағы балық комбинаты жылына 600 мың центнер балық өңдесе, тұз өндіретін «Аралтұз» комбинаты 600 мың тонна тұз өндіреді. Сондай-ақ осы жылдары Арал қаласындағы теңіз портының рөлі күшейіп, Арал қаласынан Мойнақ, Нөкіс, Шаржау қалаларына жолаушылар таситын кеме қатынасы жұмыс істеп тұрды. Өзбекстанға тасымалданатын тауардың 70, Түрікменстанға 25 пайызы Арал теңіз порты арқылы шығарылып тұрғанын қазіргі кезде аралдықтардың көбісі біле бермейді.
Осындай өндірісі қарқындап дамыған қалаға инженер, технолог мамандармен қатар қаладағы орта мектептерге де Одақтың ірі қалаларындағы институттар мен университеттерді бітірген жас мамандар жолдамамен келетін. Қаладағы Мұрат Жеткергенұлы оқыған Н.Крупская атындағы №14 орта мектептегі мұғалімдер ұжымы да осындай жоғары білімді, білікті ұстаздардан құралған болатын. Жасы сексенге келсе де, Мұрат Жеткергенұлы әлі күнге дейін сабақ берген ұстаздарын жиі еске алып отырады. Отбасының көршілері, отбасымен жақын-дос отбасылар ата-анасымен туыстай араласып кетеді де, кейбіреулерін сол кездегідей әлі күнге дейін Мұрат ағай Рафаэль Эвельевич, Эсфирь Абрамовна деп атайды.
Мектепті бітірген соң Мұрат Жеткергенұлы Саратов қаласындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетіне құжаттар тапсырады. Емтихандарды «жақсы», «өте жақсы» бағалармен тапсырса да конкурста бір балл жетпей, туған қаласына қайтады. Жастайынан тәртіпке, еңбекке бейімделген жас жігіт бірден қаладағы кеме жөндеу зауытына слесарь-монтажниктің көмекшісі және Арал теңіз кеме қатынасы мекемесіне матрос болып орналасады да, екі жыл жұмыс істейді.
1962 жылы қабылдау емтихандарын «өте жақсы» бағаларға тапсырып, Алматыдағы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетінің студенті атанады. Екінші курста әскерге шақырылып, 1963-1967 жылдары 4 жыл Солтүстік флоттың суасты сүңгуір кемесінде қызмет атқарады. Ал группалас досы Амангелді Құсайынов та әскерге қатар шақырылып, ол 3 жыл Вьетнамдағы соғысқа барып келеді. Марқұм Әбекең досы Мұрат ағай туралы «Бұрын да қатаң тәртіпті сүйетін досымызды төрт жылдық Солтүстік флоттағы әскери қызмет ерімейтін мұз сияқты одан әрі қатырып тастады», – деп әзілдеуші еді. Әскери борышын абыроймен атқарып, саналы азамат болған Мұрат ағай университеттегі оқуын одан әрі жалғастырады, өзіне серт беріп, үзіліп қалған кездердегі бағдарламаны игеру үшін кітаптан бас алмайды. 1969 жылы 3-курстың әрі үздік, әрі қоғамдық жұмыстарға белсене араласушы студенті М.Әбдіровке Қазақ КСР Жоғары және арнайы орта білім министрлігінің ұсынысы бойынша университет басшылығы Мәскеудегі КСРО СІМ МГИМО-да (Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қатынастар институты) оқуға жібермек болады. Бірақ та тарихшы болуды армандаған Мұрат Жеткергенұлы бұл ұсыныстан бас тартады. Оның орнына курстасы, қазіргі кездегі қоғам және мемлекет қайраткері, экс-сенатор Ғани Есенкелдіұлы Қасымов барады. 1971 жылы диплом жұмысын «үздік» бағаға қорғап, университетті аяқтайды да, Мұрат Жеткергенұлы жас маман ретінде жолдамамен Орал Пединститутына жіберіледі.
Мұрат ағаның одан арғы өмір жолына қарасақ, былайша жалғасады. 1971-1973 жылдар – Орал Пединститутында (қазіргі Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті) ассистент, оқытушылық қызмет, 1973-1975 жылдар – Орал облыстық партия комитетінің лекторы қызметі, 1975-1975 жылдар – қайтадан пединститутта оқытушылық қызмет, 1977-1980 жылдар – С.Киров атындағы ҚазМу-да аспирантура. 1981 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды да, Қазақстан КП ОК-нің жолдамасымен Партия тарихы институтына аға ғылыми қызметкер ретінде жіберіледі. Онда 1987 жылға дейін жұмыс істеп, 1987-1991 жылдары ВПШ-да (Алматы Жоғары партия мектебі) доцент болып жұмыс атқарады. Бұл оқу орны 1991 жылы Алматы саясаттану және басқару институты болып, кейіннен КИМЭП болып қайта құрылғаны баршаға аян. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің ЖОО-да бұрынғы «КСРО тарихы», «КОКП тарихы» секілді міндетті оқытылатын пәндердің орнына «Қазақстан тарихы» пәні оқытыла бастап, ол үшін арнайы кафедралар ашыла бастады. Соған байланысты Мұрат Жеткергенұлы маман ретінде 1992 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіне Қазақстан тарихы кафедрасына меңгерушісі болып ауысады.
Ғылыми ізденістерін жалғастыра жүріп, Мұрат Жеткергенұлы 1998 жылы өзі оқыған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Диссертациялық Кеңесінде «Военно-казачья колонизация Казахстана царской Россией: опыт историко-эволюционного анализа» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап шығады. Диссертациялық жұмысқа академиктер С.Зиманов,
Б.Кумеков оң бағалар береді.
1999-2002 жылдары Л.Гумилев атындағы Евразия университетіне шақырылып, саясаттану, әлеуметтану және халықаралық қатынастар кафедрасына меңгеруші болып кафедраның аяқтан тұруына көп жәрдемін тигізеді. Одан кейін Алматыға қайта оралып, Абай атындағы АГУ, Қазақ-Британ Техникалық университетінде (КБТУ), МАБ секілді жоғары оқу орындарында халықаралық қатынастар, саясаттану, Қазақстан тарихы бойынша дәрістер оқиды. Қазіргі таңда профессор М.Әбдіров Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жетекші ғылыми қызметкер болып қызмет атқарып жүр. Ағамыздың қысқаша өмір жолы осындай.
Енді ғылыми шығармашылығы жөнінде бір-екі ауыз сөз.
Мұрат Жеткергенұлымен әңгімелесу барысында одан «Казак-орыс әскері тақырыбына қалай келдіңіз?» деп сұрағанымызда ол былай деп жауап берген еді. «1971-1977 жылдары Орал қаласында оқытушылық және обкомның лекторы бола жүріп, Батыс Қазақстанның аудандарын, елді-мекендерін толық араладым. Сонда бір байқағаным, Орынбор казак-орыс әскерінен қалған казактар әлі бар екен. Олардың менталитетін өз бетімше зерттей бастадым да, көп нәрсені түйіп алдым. Бірақ ол кезде Қазақстанды отарлау туралы, казак-орыс әскерінің отарлаудағы рөлі туралы жазу мүмкін емес еді. Ақыры күткен сәтіміз 1991 жылдан кейін келді». Алғашқы еңбек «Қазақстандағы казактар» тақырыбына арналса, одан кейінгі тақырып – «Казак-орыс әскерлерінің Қазақстанды жаулаудағы рөлі» болды.
Шынында да, көптеген тарихшымыз патшалы Ресейдің Қазақстанды жаулап алуы, отарлау саясатын жүргізуі, оның құрамдас бөлігі болып саналатын орыстандыру, қоныстандыру сияқты бағыттарын жүргізуі туралы білсе де, тіпті осы бағыттардың кеңестік кезеңде де басқаша әдістермен жалғасқанын сезсе де ашық, ресми түрде айта алмайтын. 1980-жылдардың соңында Кеңестер Одағына тірек болып келген Компартияның беделі түсіп, ғылымға ондаған жыл бойы үстемдік құрып келген оның таптық ұстанымдары мен тееориялық-методологиясынан бас тарту басталады да, тарихшыларымыз өз ізденістерінде адамзат баласы қолданып жүрген таптық емес ұстанымдар мен жаңа теорияға – өркениеттік теориясына көше бастады. Мұрат Жеткергенұлы да өз зерттеулерін заман талабына сай жүргізе бастады. Оның жаңаша көзқарас тұрғысынан жазылған алғашқы еңбектерінің біріне – кезінде ел арасында өте танымалдық туғызған, Мәкеңе атақта, абырой да әкелген Көшім хан туралы еңбегі еді.
Автор не себепті Көшім хан тұлғасына дәл бүгін қызығушылық артып отыр деп сұрақ қояды да, оған былай жауап береді. Көшім хан, оның ұлдары және немерелері алғаш рет орыс билігінің шығыстағы жаулап алу саясатына қарсы тұрды, Орыс мемлекетінің Сібір мен солтүстік Қазақстанға енуіне қарсылық білдірді. Көшім хан – қалыптаса бастаған орыс отарлық империясының алғашқы құрбаны болды, одан кейін Кенесары хан, Шәміл имам және тағы басқа ұлт-азаттық қозғалыстардың көсемдері осындай күйді бастарынан кешеді. М.Әбдіров осылай 400 жыл бойы Ресей тарихнамасында Көшім ханның жеке тарихи тұлғасына беріліп келген теріс бағалардың бәрінің түбінде біржақты, шынайылыққа негізделмеген көзқарастар тұрғанын ашып көрсетеді. Одан әрі Көшім ханның өмірі мен сұлтандық, хандық жылдарындағы жүргізген саясатын қорытындылай келе, мынадай тұжырымдарды алға тартады. Бірінші, Көшім хан аз ғана уақыт Сібір ханы болғанымен Орал, Сібір және Қазақстан тарихында өзіндік із қалдырды. Тек оның тұсында ғана Сібір хандығы толық мәндегі мемлекет бола алды. Екінші, Көшім хан сол заманғы өркениетті даму жағынан артта қалған Сібір жеріне алып келді. Исламды Сібірде таратуға күш салды, Орталық Азияның ірі қалаларынан білімді дін басыларын шақыртты. Сібірде қалалар, қамалдар, керуен сарайлар салдыртып, сауданы дамытты, Сібірдің мұсылман елдерімен байланысын нығайтты. Үшінші, Көшім хан орыстардың оңтүстікке қарай, яғни қазақ жеріне қарай жылжуын жүз жылға тоқтатты. Көшім хан мен оның ұрпақтарының, жергілікті қазақ тайпаларының тегеурінді қарсылығын көрген орыстар шығысқа қарай, Тынық мұхит жағына қарай бет алды. Мұндай тұжырымдарды тек жаңаша ұстанымдарға сүйенген, жаңа теорияларға негізделген нағыз ұлтжанды тарихшы ғана айта алушы еді. Мұрат Жеткергенұлы өзінің ғылыми ұстанымы мен зерттеушілік мінезі арқылы осындай тұжырымдар жасай алды. Көшім хан туралы мұндай тұжырымдар сол кездер үшін бұрынғыларды тас-талқан еткен нағыз революциялық тұжырымдар болды.
Дәл осындай ұстанымдар мен көзқарастар тарихшының өзге де жұмыстарында негіз етіп алынып, ұлттық мүдде мен сұраныстарына сай келетін тұжырымдарға жеткізеді. Ел тарихын жақсы көретін оқырмандарға тек оларды іздеп тауып, танысыңдар, біліңдер демекшіміз.
Мұрат Жеткергенұлы өзінің ізденістерімен қатар, ғылым жолында шәкірттер даярлауда да жемісті еңбек етті деуге болады. Оның жетекшілігімен бес шәкірті ғылым кандидаты атанып, еліміздің қоғамдық өмірінің әр саласында жемісті еңбек етуде. Сондай-ақ ол әр жылдары ғылыми кадрлар даярлау ісіне де белсене араласып, Алматы, Астана қалаларындағы Ұлттық университеттер жанынан құрылған Диссертациялық Кеңестердің мүшесі болып қаншама жас ғылым кандидаттарының қанаттарын қақтырды. Қаншама ғылым кандидатына ресми оппонент болып, әділ бағасын берді. Ал 2003-2005 жылдары қоғамдық негізде ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғарғы Аттестациялық комитетінің тарих ғылымдары бойынша Эксперттік кеңесінің төрағасы болды.
Осылайша, мерейтой қарсаңында тарихшы ғалым, профессор Мұрат Жеткергенұлының өмірі мен шығармашылық жолын, ғылымдағы сіңірген еңбегін газет арқылы оқырмандарға таныстыра отыра, оған жұбайы Тамара Мүталімқызы екеуіңіз ұл-қыздарыңыз бен немере-шөберелеріңіздің барлық жетістіктері мен жемістеріне қуанып, өмірдің бар қызықтарын тамашалай беріңіз, қаламыңыздың ұшынан ел қызыға оқитын тақырыптар туа берсін демекпіз.
Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы